ЖӘУДІР АНА

Тарихи деректерде қазақ ішіндегі қасиетті аналардың ел басқару ісіне араласып, кейде олардың есімімен тұтас ру-тайпалардың аталу фактілері көптеп кездеседі. Мысалы, Енең (шын аты Бөкей) Домалақ енең (анаң), албан, суан, дулат руларын кейде осылай атайды. Кіші жүз 12 ата байұлында Алтын руы, Арғынның Қаракесегінде Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар және ұрандары Қарқабат, Найман ішінде Мұрын, Қызай т.б. аналар есімдері ру атына айналған. Халық болмысының айнасы іспеттес фольклорымыздан қиял-ғажайып ертегі, аңыз, әңгіме, жыр, шешендік сөз, қисса, эпостарымыздан мыстан кемпірден басқа жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Назым, Гүлбаршын, Қаршыға, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян Сұлу, Айман-Шолпан т.б. бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік ерлігімен елге қорған, ұрпаққа Ана болғанын білеміз. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптарының қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда Ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел ағаларының айтқан ақылына құлақ асып отырған.
Аналарға деген құрметтің жоғары көрінісінің сипатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген тарихи тұлғалардың қатарында әйел кісілердің жерленуінен байқаймыз. Әулие кесенесіне жерленген аналарымыздың саны сегіз екен. Рәбия Сұлтан Бегім, Дана бибі мір Қалани, Қарона бибі, Мәстура ханым, Хадиша сұлтан, Аманбике ханым, Ханымбике, Бопай ханым. Аналарымыздың осында жерленгендігін сақталған құлпытастар Рәбия Сұлтан Бегім КП №34 , Мәстура ханым КП № 907, Дана бибі КП № 919, Қарона бибі КП №909, Хадиша сұлтан КП №908, Аманбике ханым КП №37  арқылы білсек, Ханымбикенің осында жерленгендігі артында қалған ұрпақтарының айтуы бойынша, Бопай ханым орыс деректеріндегі мәліметтерге сүйене отырып анықталды. Кесенеде жерленген аналарымыздың саны мұнымен шектелмейді.

Осындай аналарымыздың бірі Қожа Ахмет Ясауиге тәу етіп шәкірт тәрбиелеген Жәудір анамыз. Түркістан қаласында ХХ ғасырдың бірінші жартысында жұмыс істеп, ел жадында қалған мешіттің бірі – Жәудір ана мешіті. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты 88,7 гектар тарихи аумаққа жақын орналасқан. ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары Түркістан мешітінде сауат ашып, емші атанған Жәудір ананың ғұмыры осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен екен. Медреседе дәріс беріп, бақ өсірген. Жергілікті елдің есінде «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы», болғаны деректер бар. Бақ өсіріп, дәріс берген ананың өнегелі істері ел жадында қалған екен.
1810 жылы дүниеге келген Жәудір аяқ-қолы кеміс болып туылып, 10 жасқа толғанда түзелген, 15 жасында атақты сұлу атанады, 18 жасында, яғни 1828 жылы Жаппас деген үңгіт жігітіне тұрмыс құрып, қызды болады. Жаугершілік соғыста тұрмыс құрған жолдасы, кейін қызы қайтыс болып, осындай қайғыдан кейін, Жәудір ана Түркістанға келеді. Осы Түркістанда сауатын ашып, емші атанады. Зерттеуші Кәдірбай Сармолдаевтың дерегінде Қожа Ахмет Ясауи бабасының мешіт-медресесін шамамен 1840 жылдары ұстаған. Осы кезде Жәудір ана 30 жаста болған. Жәудір ана екі рет Меккеге барып келген. Осы деректерге сүйенсек, 1914 жылы Сәтбай, Самұрат болыстар Түркістанға келіп, Жәудір ананы «мешіт ашып, үлгі көрсетіңіз» деп еліне алып барады. Дерек бойынша Жәудір ананың шарты бала оқытып, мешіт салу болған. Сонымен қатар, Жәудір ананың шартымен Қостанай жерінде, Қамысты ауданында Қарасу, Кіндікті өзендері аралығында Әзім әулиенің жанынан мешіт салдырады. Осы деректер негізімен, Жәудір ана 1918ж. 100-ден асқан шағында қайтыс болып Әзім әулиенің  жанына жерленеді. Себебі, 1918 жылдардағы саяси-экономикалық т.б жағдайлар Жәудір ананы Түркістанға алып келіп жерлеуге мүмкіндік бермеген болуы керек. Жәудір ана өзінің 60 жылдан аса ғұмырын Әзірет Сұлтан ғимаратының жанында өткізді. Мешітті ұстап, дәріс беріп, емшілік жасаған. Жәудір ана мешіттің жұмыс істеп, медресесінде шәкірттердің дәріс алуына ықпал еткен.

Алдыңғы ақпарат

АРҒЫН, ҚАРАКЕСЕК ҚАРАМЕНДЕ БИ ТӨЛЕМІСҰЛЫ

Келесі ақпарат

АРҒЫН ӘНЕТ БАБА КІШІКҰЛЫ