Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Қожа Ахмет Ясауидің замандасы және шәкірті Жүсіп атаға арналып салынған. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған, оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Сайдалим Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Ясы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Жүсіп ата өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде Жүсіп ата оған жүзімнің он екі түрінен дәм татқызған екен. Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Жүсіп ата, Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. 2007 жылы археолог Марат Тұяқбаевтың жетекшілігімен археологиялық зерттеулер жүргізіліп, кесененің ХV ғасырда салынғандығы анықталды. Мешіт бөлмесінің күмбез жабыны, пештақ қақпасы археологиялық зерттеулер нәтижесінде толық қайта қалпына келтірілді. Кесененің бастапқыда Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері ғана болған, кейіннен ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар Асхана бөлмесін тұрғызған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі де, төбе жабыны да бізге дейін түпнұсқа күйінде жетпеген, тек Қабірхана бөлмесі ғана бүтін жеткен. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда. Жүсіп ата кесенесі қабірхана, жамағатхана бөлмелерінен тұрады және екі бөлме де күмбезделіп жабылған. Құрылыстың жалпы ұзындығы 14,2 м, ені 12,8 м, биіктігі 13,5 м. 2008-2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан Жүсіп ата кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
2007 жылғы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ғалымдар кесене құрылысында пайдаланылған кірпіштер 27х27х5 см, ешбір орыс патша кірпішіне ұқсамайтындығын, сонымен қатар портал пилондары мен жоғары шығатын баспалдаққа пайдаланылған ағаштардың аса көнелігі ХХ ғасырда қайта тұрғызылды деген болжамға сәйкес келмейтіндігін атап өткен.
Жүсіп ата кесенесі ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің шәкіртіне арналып салынған сәулеттік шешімі бар тарихи құнды ескерткіш болып табылады. Кесененің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барар «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық автомагистралының бойында орналасуы туристердің ескерткішті тамашалауына көп мүмкіндік туғызады.
Жоғарыдағы Сайдалим Иулдаш Нұршиддинұлының дерегінше Жүсіп атаның кереметтерінің бірі Шам (Дамаск) қаласынан өзінің 99 машайықтарын ертіп келген Жолбарыс ханды Сырдария өзенінен өткізіп алғандығы жайлы аңыз. Шам қаласындағы ислам дінінің білгірі, сол өлкенің сопылық ілімінің пірі, аса білгір Баба Сәмит Жолбарыс ханға Қожа Ахмет Ясауидің даңқы жетеді, бірақ жеткізушілер бабамыз жайлы, оның таратқан ілімі жайлы өзгертіп, жаңсақ пікірлер айтқан болуы керек. Содан Жолбарыс хан «Тұранда Ахмет деген білгір дінді бұзар уағыздар таратып жүр екен, мен барып жөнге салайын» деп 99 шәкіртін, 99 қашырға мінгізіп, барлық қашырға тең-тең кітаптарын артып жолға шығады. Сырдарияның батыс-сол жағалауына жетіп су көптігінен өте алмай тұрып қалады. Оның келе жатқаның біліп отырған Ахмет Ясауи өзінің шәкірті Жүсіп атаны қарсы алуға жібереді. Жүсіп ата дұғасын оқып қолындағы шыбығымен суды салып қалғанда өзен екіге жарылып, ортасынан өткел пайда болады. Өткелден өткен Жолбарыс хан өзінің шәкірттерімен Отырарға жақын Мәслихат төбе маңына тоқтап, Ахмет Ясауиді шәкірттерімен дін ислам жайлы айтысқа шақырады. Келіскен күні Мәслихат төбеге шыққан екі топ қарама-қарсы жайғасып айтысқа кіріседі. Алайда, Ахмет Ясауи өз дұғасы арқылы қарсы жақтын тілін байлап, бар білгендерін ұмыттырып тастайды. Қарсы жақ қойылған сұраққа жауап бере алмай кітаптарын ашса бір-де бір жазу таппай дағдырып қалады. Бұған тәнті болған Жолбарыс хан жеңілгенін мойындап, Ахмет Ясауидің қолын алып, оның ілімін үйренбекке Ясыда қалып қояды. Уақыт өте келе Жолбарыс хан қайтыс болып XIIғ. қазіргі кесене орынындағы мазаратқа жерленеді. Кейінінен, XIVғ. Әмір Темір қазіргі үлкен кесенені тұрғызғанда оның қабірі Мешіт бөлмесі мен Кітапхана ортасымен өткен коридорда қалып қойған. Сыртын ағаш панжарамен қоршаған, қабір үстіне жолбарыс терісі жабылып архарлардың бас сүйектері қойылған болатын.
Ел арасында бұл қабірді Ұлы жүз ханы Жолбарыс хандыкі деген қате пікір бар. Бұл жайлы 1928ж. кесенені зерттеген атақты шығыстанушы ғалым М.Е.Массон былай дейді: «…святой Баба Самит Юлбарс хан, могила которого была на этом месте до построения мавзолея тимуридского времени», яғни, бұл қабір қазақ ханынікі болуы мүмкін емес, себебі қабір одан көп бұрын пайда болған.
Жүсіп ата көзі тірісінде-ақ елге сыйлы, қасиетті адам ретінде белгілі болған. Ахмет Ясауи оған қонаққа келгенде «Сенің әулетің қасиетті және ғажайыпқа ие, сенің төртінші ұрпағың Қамалиддин Шайх барлық адамдар құрметтейтін атақты, қасиетті адам болады» дейді. Айтқандай, оның айтқаны дәл келіп, Жүсіп атаның ұрпағы Қамал Шайх Иқани Қожа Ахмет Ясауидің ілімін таратуда аса биіктерден көрініп бүкіл Тұранға белгілі ірі ғалымға айналады.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М. Түркістан археологиялық экспедициясының Иқан отряды 2007ж. Жүсіп ата кесенесінде жүргізген зерттеу жұмыстарының Есебі. Түркістан, 2007.
- Жүсіп ата кесенесі, ХІІ-ХІҮғғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 26 б.
- Жүсіп ата кесенесі // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021. 154 б.
- Жүсіп ата кесенесі // Түркістан энциклопедиясы, І-том. Астана, 2023. 82-83 бб.
- Массон. М.Е. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави. Ташкент, 1930. – С.25.








