Жазба деректердегі мәліметтерге сүйене отырып, Жәңгір ханның шығу тегі мен ата-бабаларын төмендегіше баяндауға болады. Шыңғысхан, одан Жошы хан, одан Ордаежен, одан Сартақтай, одан Қоныша, одан Баян, одан Сасыбұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, одан Орыс хан, одан Қойыршақ, одан Барақ хан, одан Жәнібек хан, одан Жәдік сұлтан, одан Шығай хан, одан Есім хан, Есім ханнан Жәңгір хан болып таралады (Рашид ад-дин, 1941: 41–48). Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі (Султанов, 2001: 221–222.). Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек XVII ғасырдың 30-шы жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысқан және XVII ғасырдың 40 жылдарының басында ойраттармен болған кезекті бір шайқастардың бірінде қаза тапқан (Султанов, 2001: 221–222). Ал, Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туылады, оның ұлы тарихта белгілі – Қайып хан. Жәңгір ханның қай жылы туылғаны белгісіз, ол жөнінде деректер жоқтың қасы. Бірақ та болжаммен XVI ғасырдың соңы немесе XVII ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп айтуға болады. Жәңгірдің шын есімі – Жаһангер (парсыша «әлемді бағындырушы, билеуші»). Оның Жәңгір болып айтылуы парсыша есімнің қазақ тілінің ерекшелігіне сай өзгеруінен шығып тұр. Жәңгір хан бойы орташа, бірақ кең иықты денелі кісі болған. Сондықтан да халық оны «Салқам Жәңгір» атап кеткен. Жәңгір (Жаһангер) ханның есімі шығыс деректеріндегі және орыс тіліндегі материалдарда XVII ғасырдың 30-шы жылдарының ортасындағы оқиғаларға байланысты алғаш рет кездесе бастайды. Ондағы деректер мәліметтерінде ол Сұлтан лауазымымен аталады (Материалы по истории русско-монгольских отношений, 1959: 174–175, 207, 234, 239, 276, 278). Ортағасырлық шығыс дерегі «Бахр ал-асрардың» мәліметтерінде де 1634 жылы Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жаһангердің есімі Сұлтан титулымен қоса айтылады (Султанов, 2001: 223). XVII ғасырдағы орысмонғол қатынастарының деректер жинағында да Жаһангердің есімі кездесіп, онда 1635 жылы оның ойраттармен болған шайқастардың бірінде қолға түскендігі туралы айтылады. Жәңгір ханның өміріне қатысты ең көп кездесетін мәліметке – 1643 жылғы шайқас туралы мәлімет жатады. Бұл кезде Жәңгір әлі Сұлтан дәрежесінде болатын. Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде оның дәрежесін Сұлтан деп жазады. Мысалы, 1640 жылы қыркүйек айында жоңғар қоңтайшысының ордасында қазақ сұлтаны Жәңгірдің елшісі болғандығын орыс деректері хабарлайды (Златкин, 1983: 129). Батыр қонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хүндулен тайшы, Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартқанын елші Бахтыйдың мәліметі дәлелдейді. Бір қызығы, Г. Ильиннің дерегінде Батыр қонтайшының Жәңгір Сұлтанға қарсы аттанғандығы баса айтылады. Сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің ағасы Жәнібек туралы ешкім де сөз қылмайды. Барлық деректерде тек Жәңгір Сұлтанның есімі ғана айтылып отырады. Бұл жағдай XVIII ғасырдың 40–60 жылдарындағы қазақ Сұлтаны Абылайдың тарихи ролін еске түсіреді. Жәңгір Сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хүндулен тайшымен достығының нәтижесі деп білу керек. Жәңгір Сұлтан Батыр қонтайшының жорық бағытын да алдын-ала біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап та алады. Самарқандағы досы Жалаңтөс батырға да хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жау әскеріне қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде окоп қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Қонтайшы әскері окоптағыларға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ атып бетін қайтарады. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері сандық артықшылығын пайдалана алмайды, маневр жасауға мүмкіндіктері болмайды. Батыр қонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ ол екеуі де ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс батырдың 20 мыңдық әскері де келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды (Златкин, 1983: 129). Бұл соғыс Жәңгір Сұлтанның атақ-абыройы мен беделін қалай асқақтатса, Батыр қонтайшының беделіне зор нұқсан келтіреді. Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты Т.И. Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін шамамен XVII ғасырдың 40-шы жылдарының ортасына таман Жахангер бүкіл қазаққа хан болады» (Султанов, 2001: 223.) Біз де осы пікірге қосыла отырып, Жәңгірдің таққа отырған кезін 1643/44 жыл деп санаймыз. Хандық билікке келгеніне дейін-ақ қазақ қоғамы ішінде өте зор беделге ие болған Жәңгірдің ағасынан кейін Түркістандағы хан тағын иеленгендігі заңды құбылыс. Жәңгір ханның тақта отырып қандай саясат жүргізгені бізге беймәлім. Жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда, ол үнемі ат үстінде, жаумен соғыста, алыс жорықтарда жүргендей әсер береді. Жәңгір ханның билігі тұсында Қазақ хандығы Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен де жақсы қатынастар жүргізеді. Екі жакты қатынастардың тарихы XVI ғасырдың басында қалыптасып, ол әртүрлі сипатта дамығаны белгілі. Тәуекел, Есім хандар тұсында екі жақты қатынастар жақсарады да, Жәңгір ханның кезінде ол одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріле түседі. 1643/44 жылғы соғыста орасан көп қолмен жеңіліс тауып, масқара болған Батыр қонтайшы 1652 жылғы жорықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буған. Сол үшін де ол арнайы мерген-садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді тапсырған. Бұл тапсырманы жоғарыда есімін атап өткен 17 жасар Галдамба орындап шыққан. Жәңгір ханның қаза табуы жайлы «Рабжам Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек-дүр» деген еңбекте айтылған. Онда «Очирт Цэцэн ханның екінші ұлы 17 жасар Галдамба 1652 жылы қазақтармен болған ұрыста қазақтың ханы Жәңгірді өлтірді», – делінген. Жекпежек туралы сөз болмайды, тек тағы бір аудармада «Осы жорықта Галдамба он жеті жас кіші еді. Жәңгір (Йаңгір) ханды қылыштап өлтірді»,- делінген, яғни, ту сыртынан соққан болуы керек. Сонымен бірге, Жәңгір хан болғандықтан жекпе-жекке жіберілмейді, бұл соғыс заңы. Галдамба да тегін адам емес, Хавт Хасардың 17 ұрпағы, әкесі Жоңғарияның бас тайжысы Очирт Цэцэн (Шешен). Осылайша, бүкіл ғұмырын ат жалында өткеріп, елі мен жерінің азаттығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, нағыз батырлардай қан майданда қаза табады. Оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына қойылады. Жәңгір ханға дейін кесене жанына әкесі Есім хан, көкесі, яғни Есім ханның ағасы Ондан Сұлтан, туған ағасы Жәнібек хан және тағы басқа белгілі тұлғалар жерленген болатын. Оның да осы қалада жерленуін қалыптаса бастаған дәстүрдің сақталуынан деп есептейміз.