Жасынан жануардың тегін, көңіл күйін, жай-жапсарын жете білген Зеңгі баба сиыр ішіндегі бұзаудың түр-түсін нақты айтатын, жаңылмай табатын көріпкел, әулие болыпты. Оның өмірлік қосағы Əнуар ананың да іштегі бұзаудың қандай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Бірде зайыбы ерінен:
– Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба, сауапқа серікпін бе? – деп сұрапты. Зеңгі оған қарап:
– Сен сауапқа серік бола алмайсың. Өзім тақуамын, сондай таза ісіммен әуиелікке иемін. Бұл қасиет өзімнен, оған сен ортақ емессің, – депті.
Әнуар ана Зеңгіні ерекше ықыласымен күтіп, ас-ауқатын таза дайындап, қызмет етеді екен. Ол ас дайындағанда, ыдыстарды тоғыз мәрте жуып, шайқап шаятын көрінеді.
Бірде Әнуар ана түс мезгілінде ас дайындап жатып, ауқаттың ішінде әлдене қараң ете қалғанын көзі шалып, байқап қалады. «Бір ноқаттай қара дақ бар екенау» деп шамалап, астың бір-екі шөмішін алып, төгіп тастайды. Пада бағып, ашығып, ыстық күннің астында қап-қара боп, өзін қашан келеді деп күткен ерінің жай-күйін ойлап, ауқатты асыға Зеңгіге алып барады. Баба оны лезде ішіп қояды. Арада біраз уақыт өтеді. «Әлгі қараң еткен нәрсе ас ішінен алынды ма, жоқ па?» деген күмән Әнуар ананың көңілінен еш кетпейді. Ол соны байқау ниетімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін қолымен нұсқай көрсетіп:
– Анау сиыр қандай бұзау туады? – деп сұрайды. Сол кезде Зеңгі баба: – Түсі қызыл, маңдайы қасқа бұзау, – деп жауап береді. Жұбайы сәл езу тарта жымиып күліп:
– Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау туады. Айы-күні жеткенде сиыр бошалап, бұзаулайды. Әнуардың айтқаны келеді. Бұрын мұндайды кезіктірмеген Зеңгі одан:
– Мен қалай жаңылдым? – деп сұрапты.
– Сіздің жаңылғаныңыз, сол күні ауқаттың ішінде бір ноқаттай кішкентай қара дақ кетіп, қанша іздесем де таба алмаған едім. Сол көзіңізге перде болып тұтылып, іштегі бұзаудың құйрығы қайырылып, аяғының арасынан өтіп, маңдайына тиіп, жатқанын байқай алмадыңыз, – дейді жұбайы. Сол кезде Зеңгі:
– Менің әулиелік қасиетім сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланысты екен ғой. Егер сен тазалығыңнан сәл ғана мүлт кетсең, мен ол қасиетімнен айрылып, жарым-жартылай, толық күйде бола алмайды екенмін ғой, – деп мойындаған екен.