Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстігінде 120м қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.776΄,068˚16.247΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 228м. Ғалымдардың айтуынша «қылует» сөзі арабша «халуатун», яғни, жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған. Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, Диуани хикмет, Мират-ул-қулуб, Пақырнама және т.б. еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрған.
Қазіргі қалпына келтірілген жер асты мешітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда Жамағатхана, Мешіт, шаруашылық қызметіне арналған, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын және асхана бөлмелері толық қарастырылған.
Бұдан бөлек, мұнда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бұл бөлменің қабырғалары және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланып «Балхи» тәсілі бойынша жабылған.
Қылуеттің ең үлкен бөлмесі болып Жамағатхана саналады және осы бөлмеде ғана терезе орнатылған. Сонымен қатар, Жамағатханада қылуеттің күмбезі орнатылған. Жер асты құрылысының төбесі ішкі жағынан ағаштан тұрғызылып, шатыры қаңылтырмен (түңке) қапталған. Шатырын ұстап тұру үшін арнайы бағандар қойылған. Барлық бөлмелерде шам қоюға арналған ойықтар кездеседі. Биіктігі ішкі жағынан 4,8 метр, ұзындығы 20,9 метр, ені 14,7 метр, бағана биіктігі 3,8 метр, жалпы күмбезбен қоса есептегенде биіктігі 6,4 метр.

Ұлы Отан соғысы жылдары құрылыс бұзылып, кірпіштері май зауытын салуға жұмсалған. 1972-1973 жж. Т.Н.Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұлов жүргізген археологиялық зертеу жұмыстары нәтижесінде ХV-ХVІғғ. тән «Қылуеттің» орны анықталып, сәулетші ғалым А.Л.Шмидтің 1942ж. жасаған макеті бойынша қайта қалпына келтірілді. Зерттеу және қалпына келтіру барысында қылуеттің құрылысы бірнеше кезеңнен тұратындығы анықталды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.11 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.
Сенигова Т.Н. және Смағұлов Е.Ә. жүргізген археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қылуеттің құрылысы екі кезеңнен тұрадындығы анықталды. Мейілінше ертерек салынған бөлігі №1-ден 7-ге дейінгі бөлмелер, бұлар XV-XVIIғғ. арасында салынған, ал, №8-ден 20-ға дейінгі солтүстік-шығыс бөлігі XVIII-XXғғ. аралығында салынған болып шықты. Тек №18 Ғар бөлмесі (№3 бөлме астында жайғасқан) Ахмет Ясауи заманында, яғни, ХІІғ. салынған. (№1-сурет).
1996ж. Түркістан археологиялық экспедициясы (Смағұлов Е., Тұяқбаев М.) Қылует кешенінің едені астында Ғар орналасқан Мешіт бөлмесінде (3-ші бөлме) археологиялық қазба жүргізді. Бәрінен бұрын Ғар бөлмесінің қабырғалары Мешіт бөлмесінің қабырғаларымен бағыттары сай келмейді, бұл олардың әр кезеңде салынғандығының айғағы. Ғар бөлмесінің қабырғалары 15 градусқа қиғаш түскен, осылайша Ғар бөлмесі бүгіндері Мешіттің есігі астында жайғасқан. Құрылыс жоспарында Ғарға түсетін люк ойығы Мешіттің СШ қабырғасының сыртында орналасқан, мұны А.Л.Шмидтің 1942ж. жасаған макетінен де көреміз. Кейіннен, 1980-ші жылдары Қылуеттің жобасын сызған кезде Мешіт бөлмесінің СШ қабырғасын сыртқа қарай 1 метрдей жылжытып, Ғардың люгі Мешіт бөлмесінің ішінде қалып қойған.

Ғардың сырт жағынан түсірілген қазба Мешіт бөлмесінің алғашында саз кесектен салынғандығын және оның да оңтүстік қабырғасы Ғардың үстін баса қаланғандығын көрсетті (3-сурет). Кесектен қаланған Мешіт Ғардан көп кейін қаланған, алайда, күйген қыштан қаланған Мешіттен бұрынырақ тұрғызылған. Ғардың үстінде ең алғашқы Мешіт еденінің фрагменті сақталған, бұл бөлме Мешіт немесе Зікірхана болуы да мүмкін. Әулие Құмшық ата Қылуеті құрылысында Зікірхана мен Ғар қатар, бір-біріне жалғас орналасқан, ал, мұнда Зікірхана Ғардың үстіне салынған сияқты. (2-сурет). XV-XVIғғ. Қылует үлкейтіліп қайта салынған тұста Зікірхана қызметін №7 үлкен бөлме Жамаат-хана атқаратын болған. Барлық қалған бөлмелердің қызметі №1суретте берілген. Қылуеттің Ғар бөлмесінің сыртынан түсірілген стратиграфиялық шұқырдың табанынан ХІ-ХІІғғ. тән Қараханидтік ыдыс фрагменттері табылды, бұл сол заманда Ғарды салу үшін алдымен терең шұқыр қазып (315см), ішіне Ғарды салып болған соң қайта көмгендігіне дәлел болады, сол кезде топырақпен бірге ыдыс сынықтары да түскен. Қылуеттің солтүстік бөлігі ХІХғ. аяғы мен ХХғ. басында салынған. Мұнда жергілікті квадрат пішінді кірпіштермен қатар «Ресей кірпіші» деп аталып кеткен тіктөртбұрышты кірпіштер де жиі ұшырасады (әсіресе №16,17 бөлмелерде).
Қылуетте қысқы шілде кезінде (22 желтоқсаннан 2 ақпанға дейін) бүкіл Орта Азия, Кауказ, Қазақстаннан Ясауи ілімін уағыздаушылар Түркістанға жиналып 40 күн бойы зікір салған. Бұл Қожа Ахмет бабамыз қысқы шілдеде қайтыс болғаннан қалыптасқан үрдіс дейді аңыздарда. Ғалым В.А.Гордлевский Қылует кешенінің қонақ үйлері мен жылқы байлайтын ат қоралары да болғандығын, сонымен бірге, қысқы шілде кезінде Түркістанға 20-25 мың адам жиналып, Ахмет Ясауиді еске алып, зікір салып, оның Хикметтерін жатқа айтатын болғандығын жазады. Кесененің батыс бетінде тағы бір құрылыс «Кіші Қылует» болған, ол да соғыс жылдары бұзылып кеткен.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М. «Халуат» жер асты мешіті // Түркістан сырлары. А., 2000. 44-51 бб.
- «Қылует» [Буклет] ӘСМ қорық – мұражайы. Түркістан, 2009.
- Сенигова Т.Н. Культовые сооружения около мовзолея Х.А.Ясави // Археологические исследования в Отраре. А., 1977. –С. 42-52.
- Туякбаев М.К. Археологические исследования в Большом Хильвете // «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан..» ғыл. Конф. Мат-ы. А., 2011, ІІІ-том. 42-48 бб.
- Гордлевский В.А. Ходжа Ахмет Ясави, Избранные сочинения. Т.З. История и культура. М., 1962. –С.17.








