Ясы-Күлтөбе қалашығы (б.з.д.ІІІғ.-б.з. ХIV-ХVIIIғғ.) «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан. Б.з.д ІІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе-Ясы деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.
Қаланың атауына келсек, кейінгі ежелгі замандарда (б.д.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ ғғ.) Қаратау мен Сырдың арасын мекен еткен тайпалар тарихына үңілуге тура келеді. Сол тұста бұл аймақты ежелгі Сақ және Сармат тайпаларымен бірге Ас (Ясы, Асы, Аша, Арас) және Сауран (Савран, Сағран) тайпалары да мекен еткен. Кейінірек І-ІҮ ғғ. арасында бүкіл әлем халықтарының төртінші Ұлы қоныс аударуы барысында, Шығыстан-батысқа (Азиядан-Еуропаға) жөңкілген Ғұн тайпаларына қосылып Асы-Ясы және Сауран тайпалары да Шығыс Еуропаға көшіп қонады. Бұған дәлел Румыняның Бухаресттен кейінгі екінші үлкен қаласы Яссы мен оған жақын орналасқан Канг-ас қалалары (Канг – Сырдарияның сол замандағы аты) және Венгрия жеріндегі Ач, Ясапати, Ясберень, Ясладань мен Украинаның оңтүстік-батысындағы Саврань қаласы және Савранка өзені дейміз. Ол замандарда елді мекендер негізінен сонда тұратын тайпалардың атымен аталып отырған. Осылайша, осыдан 2000 жылдай бұрын аталарымыз Ғұндарға еріп Шығыс Еуропаға қоныс аударған деген тұжырым жасауға болады.

Ал, қаланың жасына келсек, Түркістан шұратының Қаратау беткейінде, әзірге белгілі 9 қалашық өз өмірлерін ерте ежелгі дәуірлерде (б.з.д. ҮІ-ІҮ ғғ. мен б.з. ІІІ-ІҮ ғғ. арасы), сонымен бірге, 12 қалашық пен қоныс кейінгі ежелгі дәуірлерде (б.з.д. ІІ-І ғғ. мен б.з. ІҮ-Ү ғғ. арасы) өткізген. Кейінгі ежелгі дәуір қалалары негізінен б.з.д. ІІ-І ғғ. қалыптасқан Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Бұл жолға қатысты Түркістан шұратындағы сегіз қала бір түзудің бойына және ара қашықтықтары бірдей (10-12 км) орналасқан. Олар Майбалық, Ежелгі Ташнақ (Төрткүл), Ясы, Оқжетпес, Сидақ ата, Ежелгі Шорнақ, Қаратөбе-Сауран және Ақтөбе-Сауран деп аталады. Өмір сүру кезеңдері де б.з.д. ІІ-І ғғ. басталады, тек бесеуінің өмірі б.з. ІҮ-ҮІ ғғ. тоқтаса, қалған үшеуі – Майбалық ҮІІІ ғ. дейін, ал, Ясы-Күлтөбе мен Қаратөбе-Сауран ХІҮ ғ. дейін өмір сүрді. Бұлардың ішінен ХІҮ ғ. аяғында Ескі Түркістан қаласы территориясына көшіп-қонып, өмірін әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқаны жалғыз Ясы қаласы. Яғни, ол, б.з.д. ІІІ ғ. қоныс болып қалыптасып, б.з.д. ІІ-І ғғ. Жібек жолының бекінісіне айналса, Ү-ҮІ ғғ. бастап бекіністі қалашыққа айналады, ал, ХІҮ-ХҮ ғғ. бастап Ясы-Түркістан деген ірі қалаға айналған.
Күлтөбе қалашығының цитаделінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010ж. бастау алады, зерттеу жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бақылауында (Б.Ә.Байтанаев) және сол институттың білікті мамандары (Е.Ә.Смағұлов, А.О.Ержігітова) жүргізді. Бұл жұмысқа «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары да атсалысты (Тұяқбаев М.Қ., Өсеров Т.С.).
«Күлтөбе» қалашығының цитаделін толық ашып, реставрациялау, сондай-ақ консервациядан өткізу, төбесін ұзақ жылдарға шыдайтын материалмен жабу, туристер жүретін трап жолдар жүргізіп, ашық аспан астындағы музейге айналдыру және ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мұралар» тізіміне енгізу басты міндеттердің бірі.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М.К. Ясы-Культобе // Историческая топография и развитие городов и поселений Турестанского оазиса (ХІІІ-ХІХ вв.). А., 2009.-С.69-75., 154-157.
- Тұяқбаев М., Өсеров Т. Иасы қаласы рабадында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстарының есебі. Түр., 2007 ж. Ескерт.қорғау бөл.архиві.
- Күлтөбе (Түркістан) // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, Т., 2021., 178-179 бб.
- Күлтөбе-Ясы қаласы // Түркістан өңіріндегі тарихи мәдени ескерткіштер., А., 2016. 63-64 бб.
- Смагулов Е.А. Городище Культобе // Свод памятников истории и культуры Каз-на. Юж-Каз-я область. А., 1994. –С.268-271.
- Атлас мира. М., 2004. –С. 91,94,101,102,103.








