Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы «Жас дарын» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен республикалық «Ясауитану-2024» байқауының облыстық іріктеу кезеңі болып өтті. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми қызметкері Ұлықбек Жүнісбаев аталмыш сайыста қазылық етті.
Білім бәйгесіне Алматы облысына қарасты аудан, қала мектептерінен 20 оқушы қатысып, білімдерін сынға салды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Іле ауданы №31 орта мектептің 9-сынып оқушысы Тұрлыбек Аруна бас жүлдені еншілесе, 1-орынды Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы мектеп гимназияның 10-сынып оқушысы Ришат Гүлназ иеленді. Іле ауданы, №53 орта мектептің 9-сынып оқушысы Байларова Маржан, Іле ауданы, №28 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Қасым Алуа, Талғар ауданы №24 ЖББОМ 10-сынып оқушысы Абдикадир Исламбек өзара екінші орынды бөлісті. Осы жүлделі орындарды қанжығаларына байлаған бес оқушы сәуір айында Түркістан қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.