Қожа Ахмет Ясауи жолының күн санап күшейіп бара жатқанынан ислам әлемінің басқа аймақтарындағы діндарлар да хабардар болады. Күншілдік шіркін қойсын ба, көре алмаған кейбірі Ясауи жолының дұрыстығына күмән келтіріп, қалай да тосқауыл қоюды ойластыра бастайды. Солардың бірі — Қорасан елінен шыққан атақты ғұлама Баба Машын еді. Ол өзінің ілімі мықты деген 400 шәкіртімен Ясы қаласына Қожа Ахметті іздеп келеді. Ясыға келген соң, Қожа Ахметке жолығып, «Елді бүлдіріп, жолдан шығарып жүрген жасыл шапанды сенбісің?» деп, дүрсе қоя береді. Күн сайын барлық адамның көзінше жиырма төрт миль қашықтыққа ұшып барып келетін ол қол жеткізген рухани дәрежесінің әсерінен көкіректеніп, тәкаппарлық көрсетіп, Қожа Ахмет Ясауидің мәжілісінде әйел-еркек бірге отырғанын көріп кінәләмақшы болады. Оңайлықпен басыла қоймаған Баба Машынды Қожа Ахметтің бұйрығымен шәкірттері Хакім ата мен сопы Мұхаммед Данышпан теккенің (сопылардың, дәруіштердің мәжіліс құратын жері) тіреуіне мықтап байлап тастайды. Жүз кісінің шамасы келмейтін ердің екі кісіге әлі келмеді, Хазірет өзінің дүрешісіне: «Сен бұған бес жүз қамшы дүре соқ!» деп бұйырды. Жүсіп бес жүз қамшыны санап ұрды.
Баба Машын болса соққан дүрені шыбын шаққан ғұрлы көрмей, қаперіне де алмады. Бес жүз дүрені ұрып болған соң, Хазірет:
- Тағы бес жүз дүре соқ! — деді. Мырза Жүсіп алғашқы қамшы ұрғаны сол, Баба Машын құлындай шыңғырып, ойбайын салды. «Енді босатыңдар» — деді, Хазірет.
Отырған жарандар таңдана Хазіреттен сұрады:
- Бес жүз қамшы ұрғанда даусы шықпады, ал бір қамшы ұрғанда құлындай шыңғырды, мұның себебі не?, Мұның арқасында Ифрит диюы орналасып алған еді, ол тосып тұрып, қамшыны мұның денесіне дарытпады.
Мен айтқан бес жүз қамшы ұрылып болған соң, ол дию:
- Енді ұрмайды, — деп кетіп қалған еді. Оның кеткенін көріп, енді қайтер екенсің деп қасақана дүре соқтырып едім, — дейді Хазірет. Соңғы дүре Баба Машынға әсер етіп, жыннан құтылды. Енді тіреуден босатыңдар. Қол-аяғы босаған Баба Машын Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтып, аяғына жығылды. Одан кейін Хазірет ата есін жиған Баба Машынға қарап:
- Өзіңнің қайдан екеніңді білдің бе? — деп сұрады. Ол көз жасы көл болып, әдепсіздігі үшін Ясауиден кешірім сұрап, тәубесіне келді. Атаның шәкірті атанды. Үш рет қылуетке бірге түсіп, Хазіреттің сүйікті шәкірттерінің біріне айналды.