Әзірет Әлінің Мұхаммед-Ханафиясынан тарайтын Ысқақ бап – Әзірет Сұлтанның ұлы бабасы. VІІІ ғасырда ағайынды үшеу исламды тарату мақсатында Ұлы далаға жүз елу мың әскермен келген екен. Үлкені Әбдірахим бап (Абд ар-Рахим),екіншісі Ысқақ бап, кенжесі Әбд ал-жәлил бап (Абд ал-Жалил) екен. Олар дін жолында қиян-кескі шайқаспен Сыр бойына дейін барыпты. Бір күні сұрапыл майданда Ысқақ бабтың сенімді серігі сол өңірде қаза жетіп, шейіт болды. Соңы жоқ соғыстан Ысқақ бап сабақ алады. Ол бұдан былай елді Құран мен сүннетке қылышпен шақыруға болмайтынын ұқты.
– Зорлық – зорлықты туғызады. Хақ дін көркем мінез-құлықпен ғана тарасын, – деген байламға келді. Осыдан соң уақытша бейбіт заман орнады. Медресе ашып, бала оқыту ісін жолға қойды. Осылайша ілім иелері бір жерге топталып, үлкен күшке айналды. Жұрт оларды «қожа» деп атады. Ысқақ бап: «Түркі баласына күш қолдану керек емес. Онсызда өркениетті, мәдениетті ел екен. Бізбен ұқсастығы көп. Сондықтан ынтымақ құралық» деп бейбіт уағыз таратты. Бірақ ел ішінде Сарытонды Өтеміс деген батыр бүлікті тоқтатпапты.
Оның діні тарсалық еді. Ысқақ баптың бауыры Әбдіжәлелді намаз үстінде өлтірді. Ысқақ бап онымен амалсыз ұстасты. Бір соғыста Ысқақ баптың әскері жеңді. Өтемістің бүкіл жұрты тұтқынға түсті. Өзі жүйрік атпен ұстатпай кетті. Ысқақ бап тұтқындарға:
– Өтемістің қайда тығылғанын кім айтса соны босатамын, – деді. Өтемістің бір досы бар екен,сол суырылып шығып:
– Мен оны қалай қолға түсіру керек екенін білемін, тек бір шартымды орындаңдар, – деді.
– Қандай шарт? – деді Ысқақ бап.
– Жазықсыз халықты босатасың. Орнына мені ғана жазалайсың, – деді, батыр қаймықпастан.
Ысқақ бап:
– Жұрт өзгені емес өзін ойлайтын еді. Сен текті адам болдың ғой. Тілегің орындалады.
Елдің қамын алдымен жегенің үшін саған да бостандық сыйлаймын. Бізге Өтемістің қайда екенін айт. Ол қазір діні үшін емес абыройы үшін ғана соғысып, өзін де құртты, елін де бүлікке қалдырды. Біздің де аяққа тұсау болды. Бір мәмілеге келейік, – деді. Досы:
– Оның айбыны астындағы атында. Тұлпарына мінсе әруақтанып, шеп бұзады. Қашса құтылады. Қазір ол қалың қамыс ішінде жатыр. Атын айламен алдыруға болады. Ол үшін биелердің санына қылбұрау салып шыңғырту керек. Сол кезде тұлпар өзі келеді. Өтеміс амалсыз беріледі, — деді. Ысқақ бап солай жасатты. Бүкіл бие шыңғырып даланы азан да қазан шу басты. Бұл кезде соғыстан шаршаған Өтеміс ұйқыда жатыр еді. Тұлпары ер-тұрманын сүйретіп, дауыс шыққан бағытқа шаба жөнеледі. Бұлар айнала қоршап жүріп, тұлпарды ұстап алады. Өтеміс ұйқыдан тұрғанда қанатынан айырылғанын бір-ақ білді.Амалсыз жаяу келіп өзі де қолға түсті. «Туған бауырымның қанын да кештім. Хақ дінді қабыл ал. Өзің де елің де аман болады», – деді Ысқақ бап.
– Жоқ, өз дінімде қаламын. Өтеміс дінін сатыпты деген жаман атқа қалғым келмейді. Керек емес, – деді қасарысып ол.
– Онда сені өлтіргеннен басқа амал қалмайды.
– Өлтірсең өлтір. Бірақ бір өтінішім бар. Өлсем де еліме қорған болып жатайын. Денемді осы қорғанның ішіне жерле, – деді Өтеміс. Ысқақ бап батырды өлімге қанша қимасада,амалсыз келісті. Үкім орындалды. Оның мәйіті қорғанның кірпіші арасында мәңгіге қалды.Ол қорған кейін Шолаққорған аталып кетіпті. Сол алмағайып заманда Созақ даласында екі түрлі төбе пайда болған екен. Біреуі «Тарсатөбе» деп аталыпты. Бұлар соғыста өлген тарсалардың көмілген жері екен. Шейіт болған мұсылмандарды бөлек апарып жерлепті. Олардың көмілген жері «Ұлық төбе» деп аталыпты.