МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Ясауи мұрасы үшін аса құнды жәдігерлердің таныстырылымы өтті

🔹 Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан құрылған Ясауитану ғылыми орталығының мамандары Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ірі ғылыми жаңалықты жұртшылыққа жария етті. Жиын барысында Түркістаннан табылған аса құнды жәдігер – Хикметтің көне қолжазба нұсқасы алғаш рет ресми түрде таныстырылды. Бұл жаңалық түркі руханияты мен сопылық әдебиет зерттеулерінде соңғы жылдары тіркелген ең маңызды ғылыми табыстардың бірі саналады.

🔹 Баспасөз мәслихатына Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы, орталықтың жауапты хатшысы Гаухар Примкулова, «Мейірім» қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Сапаров және шығыстанушы-ғалым Ұлықбек Жүнісбаев қатысып, табылған жәдігер жөнінде маңызды деректермен бөлісті.

🔹 «Қолымызға түскен бұл қолжазба – тек көне мұра емес, Ясауи ілімінің түпнұсқалық қабатын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін аса маңызды ғылыми құжат. Бұған дейін белгісіз болып келген бірқатар хикметтер мен мәтіндік нұсқалар осы табылған қолжазба негізінде қайта толықтырылатын болады», — деп атап өтті орталық басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы. Сондай-ақ ол қолжазбаның жасы, жазылу стилі, нұсқалық ерекшеліктері және алдағы ғылыми зерттеу бағыттары жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті.

🔹 Табылған қолжазбаның қағаз сапасы, настағлиқ жазу үлгісі, мәтін құрылымы мен каллиграфиялық ерекшеліктері оның тарихи құндылығын айқындайды. Алғашқы палеографиялық және мәтінтанулық зерттеулер бұл қолжазбаның XVIII–XIX ғасырлар аралығында жазылған болуы мүмкін екенін көрсетті. Аталған жәдігер орталыққа тапсырылған 17 қолжазба мен сирек кітаптардың арасынан табылып отыр. Хикметтердің реттілігі мен бұрын ғылымға беймәлім нұсқалық айырмашылықтар сопылық әдебиеттің қалыптасу тарихын тереңірек зерттеуге тың дерек көзі болмақ. Қолжазбалар арасында Қожа Ахмет Ясауидің Хикметтерінің көне нұсқасы, Ғаусул Ағзам Абдулқадир Жайлани рисаласы, Сүлеймен Бақырғани Хикметтері, Низамидің өлеңдері, Мәшрәбтің өлеңдерінің де нұсқалары бар. Бұл жаңалық Ясауи мұрасын халықаралық ғылыми айналымда жаңа қырынан зерделеуге жол ашатыны күмәнсіз.

🔹 Орталықтың жауапты хатшысы Гаухар Примкулова Ясауитану ғылыми орталығы жүзеге асырып жатқан негізгі жобаларға тоқталды. Атап айтқанда:

  • ​халықаралық ғылыми экспедициялар ұйымдастыру;
  • ​Ясауи мұрасын цифрландыру және мәтіндік корпус құру;
  • ​ғылыми басылымдар, монографиялар дайындау;
  • ​жас зерттеушілерге арналған мектептер мен шеберлік сабақтарын өткізу;
  • ​«Ясауи зерттеулері» журналының жаңа шығарылымы;
  • ​​табылған қолжазбаға толық ғылыми сипаттама беру және жариялау жұмыстары.

🔹 Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды» — деген болатын.  Табылған хикметтер қолжазбасы – Мемлекет басшысы атап өткен осы стратегиялық міндеттердің нақты орындалып жатқанын айғақтайтын тарихи оқиға.

🔹 Жиын соңында мамандар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, қолжазбаның ғылыми маңызы мен болашақ зерттеулері жайында кеңінен әңгімеледі. Құнды жәдігердің музей-қорыққа тапсырылуына ұйытқы болған «Мейірім» қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Сапаровтың игілікті ісі көпшілікке үлгі ретінде атап өтілді.

А. Әлібек, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

Орталық Азиядағы XIX ғасырдың қасиетті шежірелер саясаты: Киелі орын құжаттары мен генеалогиялық шежірелердегі Ходжа Ахмад Йасауимен байланысты ұрпақ топтары

Келесі ақпарат

ХІІІ ғасырдағы монета беттеріндегі таңбалар