МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ӘУЛИЕ ҚҰМШЫҚ АТА ҚЫЛУЕТІ, ХІІ ғ.

Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.421΄, 068˚16.523΄. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Күйген қыштан қаланған сәулеттік құрылыс Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән. Діни-рухани ескерткіштер – еліміздің тарихындағы, ғасырлар қойнауынан жеткен жұмбағы мол жәдігерлер. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қылуеттердің салына бастауы Х-ХІІ ғасырларда басталған. Соның бірі, ХІІ-ХІХғғ аралығына жататын, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қарасты Әулие Құмшық ата қылуеті. Халық арасындағы аңыздар мен әңгімелерге қарағанда Әулие Құмшық атаны Ясауи бабамыз өзінің ұстазы ретінде жоғары бағалаған. Ясауи бабамыз да Құмшық ата секілді қатаң аскеттік дәрежені ұстанып, жер асты қылуетінде қалған өмірін Аллаға құлшылық жасаумен өткізген.

Құмшық ата жер асты қылуеті Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі  3,3 метр, ұзындығы 15,4 метр, күмбезді бөлмесінің диаметрі 3,1 метр.  Бұл ғұрыптық құрылыстың басында тіктөртбұрышты ойық орналасқан. Ойық кылуетке кіретін есік қызметін атқарып, иректелген тар дәлізбен жалғасады.  Дәліз шеңбер пішінді бөлмеге алып барады және ол қылуеттің негізгі бөлмесі болып табылады. Осы негізгі шеңбер пішінді бөлме төрт бұрышты соңғы бөлмемен аяқталады. Шеңбер пішінді бөлменің төбесі күмбезделіп, ал төрт бұрышты бөлме «балхи» әдісімен жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Дәлізі иілген түрде арка әдісімен жабылып, негізгі бөлмелер сияқты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Дәліздің орта тұсында жарық түсірілуге арналған құдық пішінді ойық орналасқан.

2013 жылы консервацияланып үсті жабылды

1972-73 жылдары Қазақ ССР тарих, археология, және этнография иниституты және Қазақ ССР Мәдениет министрлігі бірлескен археологиялық экспедиция құрып зертттеу жүргізген. 1985 жылы жөндеу жұмыстары атқарылып, 2013 жылы қайта қалпына келтіріліп, ішкі жағы консервацияланып, үстіңгі жағы жабылды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша жинағына №590.12 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.

Әулие Құмшық ата діни-рухани құрылысы негізінен сопылық ағымның діни әдет-ғұрыптарын, атап айтсақ-зікір салу, сопылық ағымның жергілікті ұстазы, пірі-шайхтан ілім алу, үйрену, сопылық ағымға жаңадан қабылданып жатқан мүрид-шәкірттерді алғашқы 40 күндік сынақтан өткізу үшін оңаша, жер астында оқытып, үйрететін орын. Бұл құрылыс мешіт емес, Ғар, Зікірхана бөлмелерін біріктіріп жер астына салған қылуеттің (халуат-оңашалану) бір түрі. Оны Зікір салу үшін де (дөңгелек бөлмесі), уағыз айту үшін де және оңашалану үшін де (төрт бұрышты Ғар бөлмесі) пайдалануға болады. Ал, бес уақыт намазды атқаруға, Құран бағыштауға, сол маңдағы махаллә тұрғындары үшін күнделікті Жәми мешіті және Жұма намазын оқитын жер ретінде де қызмет ететін мешітті Әулие Құмшық ата қылуетін көміп, оның үстіне салынған кәдімгі махалләлік мешітті пайдаланған (№1-суретке қараңыз). Планда көлемі 9х9м, михрабы бар, күмбезбен жабылған бөлме Мешіт те, оның алдындағы дәліз бөлмесінен оң жақтағы 15,4х8м алып бөлмеге өтуге болады. Бұл бөлменің едені астында Әулие Құмшық ата қылуеті орналасқан, оның ішіне ұзындығы 9,5 метрлік жер асты дәлізінің бас жағындағы төрт бұрышты люк (бөлме) арқылы түсуге болады. Дәліздің (коридордың) 4 метрінде төбеден жарық түсіп, ауа кіретін дөңгелек люк жасалған, ол 1,5м жоғары көтеріліп, еденнен 20см шығып тұрған, диаметрі 90см. Дәліз-коридордың жалпы ұзындығы 9,3м, ені-1м, биіктігі кіре берісінде 1,8м, ең аяғында 1,2м. Осы жердегі дөңгелек бөлменің ішкі диаметрі – 3,1м, сыртқысы – 4,1м, күмбез басталатын иыққа дейінгі қабырға биіктігі 1,5м, күмбездің өзінің биіктігі ішкі ұшына дейін 1,4м, оған күмбез қалындығын қосқанда бөлменің еденінен бастап биіктігі – 3,3 метрге жетеді (№2 сурет)

Дөңгелек бөлмеден төрт бұрышты Ғар бөлмесіне өтуге болады, оның қабырға өлшемдері іш жағынан 1,6х1,7м, күмбезінің іш жағынан биіктігі – 2,2м, сыртынан 3м. Ғар бөлмесі Зікірхана (дөңгелек) бөлмеден біршама бұрын салынған, кіретін есігінің ені – 45см, биіктігі – 1,5м. Сыртқы өлшемі 2х2м, 1,5 метрден күмбез басталады, күмбезі қазіргідей «шатыр» түрінде емес «балхи» әдісімен қаланып, иіліп барып бітеді де күмбездің ұшының үстіне биіктігі 70 см құлып (замок) қаланған (№2 сурет).

Құрылыс салынып болған соң үсті топырақпен көміліп (қалыңдығы күмбездің ұшынан жоғары қарай 60 см), тегістеліп, үстіне ұзындығы 16,2м, ені 8 метрлік бөлме салынған. Бұл бөлменің екі жанына ұзын коридорлар мен ОШ бетіне мешіт пен дәліз түскен, құрылыстың жалпы ұзындығы 28м, ені 15м. Мешіттің сыртында ауласы, тахаратханасы, мұстахабханасы және бұлардың барлығын қоршаған дуалы, қақпасы болған, жалпы өлшемі 50х30м (№1 сурет).

Т.Н.Сенигова 1973ж. бұл құрылысты толық ашып зерттеген соң XIIғ. салынған деп тұжырымдайды, сонымен бірге, бұл аймақты адамдар VIII-Xғғ. игере бастаған деген пікір айтады. 2002ж. Құмшық атаның коридорына түсетін люк-бөлмесінің СШ бетінен кәріз жүйесінің құдығы табылды. Құдықтың іші қысқа-қысқа және ұзын құбырлармен шегенделген, құбырлардың жоғарғы жиегі сыртқа 7-8см қайырылған, осының арқасында бірінің үстіне бірі қойылып кете береді. Құдықтын ауызы үлкен жалпақ тастармен жабылған, жоғарғы жағында екі қысқа құбырлар бірінің үстіне бірі орналасқан. Биіктіктері – 40, 45см, диаметрлері – іші 62см, үстіңгі қайырылған жиегінің іші – 62,5см, сырты 78см. Олардың астына бірінің үстіне бірі көптеген ұзын құбырлар қойылған, олардың да диаметрлері 62,5 те 78см, биіктері 77см. Мұндай құбырдың үшеуін бүтін алуға мүмкіндік болды, қалғандарын алуға жер асты суы тым жақын болғандықтан, балшық пен су кедергі келтірді. Құдықтың таспен жабылған ауыз жиегінің өзі Құмшық атаның люгінің еденінен 1м төменде жатыр, яғни, кәріз Құмшық ата құрылысынан көп бұрын қазылған. Құдықтың ауыз жиегінің деңгейінен табылған керамика фрагменттері Х-ХІғғ. тән, ал, ең томенгі құбыр деңгейінен шыққандары VIIIғ. жатады. Бұл дерекке сүйеніп кәріз жүйесі VIII-ІХғғ. қазылып, Х-ХІғғ. дейін жұмыс істеген, ал, ХІІғ. басында Әулие Құмшық ата құрылысы басталған тұста кәріз өз жұмысын тоқтатқан немесе жоғары жағынан бұрылып қайта қазылған. Мұндай әдіс кәріз жүйелерінде жиі кездеседі, әсіресе, құдық құлап су жолы (тоннель) бітеліп қалса, ескі құлаған құдықты айналып өтіп аман тұрған құдықтарды қайта жалғаған. Қалай болғанда да ХІғ. аяғы мен ХІІғ. басында Әулие Құмшық ата қылуеті салынған, Қожа Ахмет Ясауидің өзі де мұнда келіп тұрғаны жайлы ел аузындағы аңыздың негізі шындық сияқты.

Жоспар сызба

Әдебиеттер:

  1. Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 24 б.
  2. «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. А., 2021. 229 б.
  3. Туякбаев М., Усеров Т. Археологические исследования на рабаде г. Иассы-Туркестан. Тур., Архив отд. Арх. и охр. Пам-ов
  4. Сенигова Т.Н. Уникальное культовое сооружение Аулие Кумшик Ата в районе г. Туркестана // Прошлое Казахстана по археологическим памятникам. А-Ата, 1976, — С.105-121.
Алдыңғы ақпарат

ҚАРАТӨБЕ-САУРАН ҚАЛАСЫ, ІV-V – ХІІІ-ХІV ғғ.

Келесі ақпарат

ШІЛДЕХАНА, XI-XIІ ғғ.