Біз мақаламызды қырық жылға жақын уақыт жоңғар соғысына қатысқан, алпыс жасында жекпе-жекке шақырып, жаудың улы жебесінен қаза тапқан, биылғы жылы туғанына 330 жыл толып отырған Сіргелі Қара Тілеуке батырдың ұрпаққа өнеге болар өмір жолына арнап отырмыз.
Жетісуды азат етуде түмен қол бастаған батырдың Тілеуке – Тілек – Тілеулі есімдерімен аталып жүрсе де, қалың қазақ арасында «Қарабатыр» атымен де белгілі. Дегенменен, біз Бұхар жырау жырында жазылған «Сіргелі Қара Тілеуке» нұсқасын қолдануды жөн көріп отырмыз. Ұлттық ғылым академиясының академигі Талас Омарбеков: «Осы бабамыздың есімін Бұхар жырау 1757 жылы Шимойын деген жерде Абылайхан ас берген кезде ұлы жүздің батырларының ішінде бірінші осы Қаратілекті атайды. Біріншіден Қаратілектің жасы да үлкен алайда жасы ғана емес даңқы да алашқа мәлім болған», дейді. Бұхар жырау :
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
…Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.. – деп жырлайды.
Тілеуке батырға «Қара» деген ныспы, нақтысы, жанама есім оған реңі мен дене бітіміне, қара күштің иесі болғандығына қарай берілген. Тілеуке батыр жайында Бұқар жыраудың, Майлықожаның жыр-шумақтарында, Қазанғап Байболұлының «Батырлар» дастанында, Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» тарихи роман-дилогиясында, Момбек Әбдәкімұлының «Қарабатыр шежіресі» атты кітаптарда, сондай-ақ бірнеше энциклопедиялық жинақтар мен Бердіқожа, Бөлек т.б. қазақ батырлары туралы жазылған мақалаларда мәліметтер бар.
Сіргелі Қара Тілеуке батыр 1694 жылы қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы Қаратаудың күнгей бетіндегі Қостұрадан бастау алатын Бөген өзенінің бойында өмірге келген. Тілеукенің өз әкесі Төбет те батыр болған адам.
«Тілеуке жастайынан батыр болып,
Атағын Қарабатыр иеленді», — деп, Қарабатырдың лақап ат қана емес, атақ ретінде берілгенін ескертеді.
Тілеукенің Қарабатыр атанғанына тоқталатын болсақ, қариялардың айтуынша Тілеукенің алғаш көзге түсіп, батыр атанғанда жасы он алтыда екен. Ол оқиға былай болыпты. «Бір жылы ел Боралдай бойында жайлауға шығыпты. Ол кезде Боралдайдың жағалауын қалың қамыс басқан нулы екен. Қамыс арасын мекендеген бір арлан жолбарыс қолдағы малға жиі шаба беріпті. Тіпті ол келе-келе адамдарға да шабатынды шығарады. Қауіпті аңға қылар айла таба алмай жайлаудағы ел әбігерге түседі. Күндердің бір күнінде сол жолбарыс Тілеукенің бәйгеге қосып жүрген хас жүйрік айғырын жарып кетеді. Бұған ызаланған Тілеуке беліне арқан байлап, қолына қылыш алып, туған-туыс, әке-шешесінің: — «Барма қайт» деген сөзін тыңдамай, қамыс арасына кіріп, әлгі жолбарысты іздейді…. Қаратау етегіндегі қалың қамыста жолбарысты жалаң қолмен жайратып, батыр атанады.
Жастайынан өзі қатарлы құрдастарының ішінде алғырлығымен, шапшаңдығымен, қара күшімен ерекшеленіп, жігіт бола келе батырлығымен көзге ілігеді. Жау қолында қалған жерде өскен жас бала тез есейеді. Жоңғар басқыншылары 1717 жылы Оңтүстікке жорыққа шыққанда бес қаруын бойына алған, бес жүздей жігітті ертіп жауға айтарлықтай қарсылық көрсетеді. Тілеуке шайқас алаңында өзінің ерлігімен көзге түседі.
Жас батыр зеректігімен, парасатты пайымымен, байсалдығымен Төле бидің талғамынан шығыпты. Содан да Төле бидің сенімді серіктерінің біріне айналған. Тілеукенің батырлығына риза болған Төле би бабамыз Жуаскүл атты қызын Тілеукеге қосқан. Жуаскүл анамыз өте кішіпейіл, қонақжайлы, барлық уақытта дастарқаны жиналмай қонақ күтуден жалықпаған, келген адамдарды жатсынбай өз туыстарындай күтіп үлкен сый-құрметке бөленіп, көптің анасы деген атқа ие болған. Кейінгі ұрпақтары «біз Сіргелі Қарабатыр руының ішіндегі Қаракемпіріміз» деп атайды. Тілеуке батырдың келесі ұрпағы үзеңгелес досы Шанышқылы Бердіқожа батырдың қарындасы Манапқа үйленіп, екеуінен тараған.
Қарабатырдың батырлық атағы жоңғар соғысы уақытында кеңінен танылды. 1723 жылы жоңғар билеушісі Сыбан Рабтан бастаған қалың әскер Қаратау күнгейіндегі ұлы жүз жерлеріне басып кіреді. Қазақ елінің басына күн туған ауыр кезеңде батырларымыз өз руластарынан жасақ құрып, қарсылық көрсетеді. Орда бұзар жасқа енді іліккен Тілеуке батыр Сіргелі мен Ысты руларының қолын бастап Баба ата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға ат салысады. Сол кезде хан ордасы – Түркістанды қорғауға шыққан Елшібек, Өтеген, Тілеуке, Шінет, Рысбек, Бөгенбай, Қабанбай, Барақ, Малайсары, Ер Жәнібек, Сәмен, Қойгелді, Бердіқожа батырлар қатар соғысады. 1724 жылы Әбілқайыр хан Түркістан қаласын азат еткеніменен, келесі жылы басты қала жау қолына қайта өтеді. Күші басым жаудан жеңіліске ұшыраған қазақтар Сыр бойына ауа көшеді. Тілеуке батыр 1724 -1725 жылдары Төле би басқарған қазақ қолымен бірге Шыназ түбінде жоңғарға қарсы ұрыс салады. Он мың жасағы бар қазақтар отыз мыңдық жоңғарларға тойтарыс бере алмады. Осы шайқаста батырдың аты өліп, беліне найза тиіп жарақаттанады.
Сіргелі Қара Тілеуке найза ұстаған батыр ғана емес, әскердің қару-жарағын қамдап ұстахана ашады, өзі де балға соғып, көрік басады. Жаудан қорған болар қамал салады. 1724-26 жылдары Қарабатыр салдырған Сіргелі қамалы қазіргі Ташкенттің Сіргелі орамы деп аталады. 1726 жылы Ордабасы тауында өткен тарихи басқосу шешіміне сәйкес Бұланты шайқасында қазақ жасақтары жеңісін ұйымдастырушы қолбасыларының бірі болды. Жоңғарды оңтүстік жерінен түре қуғанда түменбасы ретінде ерекше көзге түскен. 1729-1730 жылдары Аңырақай, Іле шайқасарында жеңісті жорықтарда қол бастады. Абылай ханның жоңғарға қарсы алғашқы ұлт-азаттық соғысы 1744 жылы Ташкент түбіндегі Азатбасы деген жерден басталып, 1745 жылы жоңғарлар оңтүстік жерінен түпкілікті ысырылған. 1750 жылы Ұлы Орда ханы саналған Әбілмәмбет Абылай сұлтанмен бірге Түркістаннан Арқаға көшіп, Қаракеңгірдің Сарысуға құяр тұсында хан кеңесін өткізіп, барлық көсемдерді жинайды. Сол кеңеске жасының келуіне байланысты Төле би қатыса алмай, Ташкент атырабынан Ұлы жүз сарбаздарын бастап Наурызбай, Хангелді, Бердіқожа, Тілеуке, Елшібек, Шінет батырлар түгел барады.
Бұдан кейінгі соғыс Балқаш, Жетісу және осы күнгі Аягөз маңында жалғасқан. Жауды оңтүстік және Арқа шегінен түре қуған Алаш батырларының ең үлкен һәм ең сұрапыл әрі ең шешуші соғысы 1750-жылдары Жетісу жерінде – бүгінгі Алматы облысының Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарының аумағында өтеді. Бұл аумақтағы қиян-кескі шайқасқа үш жүздің батырлары мен қару ұстауға жарамды сарбаздарының түгелге дерлігі қатысқан. Қазақ қолдарының қалмақты біржолата тұқыртқан шайқас Торайғыр жазығында «Ойран төбе қырғыны» деген атпен тарихта қалды. Сол соғыстан кейін қалмақтар ес жия алмай, жеңіліс үстіне жеңіліс тауып, Алатаудан ары асып кетуге мәжбүр болған.
1754 жылы Торайғыр жазығында өткен бұл шайқаста Сіргелі Қара Тілеуке батырдың, Жалайыр Тәттібайдың, Албан Райымбектің және басқа да батырлардың ұлы жүз жасақтарына басшылық жасағаны белгілі. Райымбек батырдың ерекше көзге түсетін жері «Ойрантөбеде» өткен шайқас. «Ойрантөбе» ойылды, Секер, Барақ жойылды. Райымбек келді де, Алмадай үзді мойынды» деген сөз бекер қалмаған. Қарабатыр осы «Ойрантөбе» шайқасында жасы алпысқа қараған шағына қарамастан екі рет жаудың мықты батырларымен жекпе-жекке шығып, жер құштырады. Жекпе-жекте найза дарытпаған батыр, жаудың тасадан атқан улы жебесінен жарақаттанады. Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлы ауыр жарақаттан айықпай, екі күннен кейін көз жұмыпты деседі.
Қарабатыр өзінің бұл дүниелік еместігін сезіп, сүйегін туған жерге жеткізуді аманаттаған екен. Алайда, батырдың соңғы аманаты туралы ел аузындағы аңыз әңгіме бір-бірін терістейді. Келесі аңызда, батыр көз жұмарының алдында: — Күн болса ыстық. Өлігімді елге жеткізем деп әуре болмай-ақ қойыңдар. Құдай әу баста сүйегімді жабар топырақты осы жерден бұйыртып қойған шығар. Мен үшін қазақтың қай жері болса да өз елімдей, — деген дейді. Сондықтан да, аманат бойынша Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Ойрантөбе шайқасы өткен Сөгеті тауы баурайы, Торайғыр жайлауында кең жазықтың ортасында жалғыз кесене Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) батырдың жерленген орны ретінде аталады.
Он екі рулы Сіргелінің бірі Қара Тілеуке батырдан тараған ұрпақ Қарабатыр руы деп аталады. Тілеукенің түп атасы Есентайдан тараған өрендердің барлығы батырдың атымен Қарабатыр руы аталып кеткен.
1995 жылдың 25 мамыр күні Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда Қарабатыр кесенесінің ашылуы өтіп, Тілеуке батырдың Сөгетідегі сағанасынан әкелінген топырақ салынды.
2019 жылы Тілеуке батырдың 325 жылдығы аталып өтті. Шымкент-Түркістан тас жолының бойында, Қызылкөпір елдімекенінде батыр бабаға арналған ескерткіш қойылды.
2024 жылы қазақ жерінің қорғаушысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашырлары да бола білген Тілеуке батырға арналған біршама игі шаралар бастау алды. 1 маусым күні Бұланты шайқасы өткен орында батыр баба құрметіне тақтатас қойылды.
14 маусым күні «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы мен «Сіргелі Тілеуке батыр» қоры бірлесіп, Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына орай «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізуді жоспарлап отыр.
Мұрат Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары.