МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Тіл үйретудегі жаңа технология таныстырылды

Әдіскер-ғалымдардың пікірінше, тілді оқыту сабақтарында дыбыстық және бейне көрнекілікті жиі және жүйелі түрде қолдану арқылы тілді үйренушілер тобында жасанды тілдік орта қалыптастыру аса маңызды. Өйткені тілдік ортаға бойлау арқылы тіл үйренушілер белсенді түрде тілдік қатынасқа түседі. Тілдік кедергіні жою арқылы олардың тыңдау, сөйлеу, жазу, оқу дағдылары жетіледі. Сондықтан да «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы онлайн курстың кезекті санын «Қазақ тілін аудиовизуалды әдістермен оқытуға» арнады.

«Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» онлайн курсының бүгінгі дәрісін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты София Қажыақпарқызы жүргізді. Онлайн сабаққа 65 маман қатысып, тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдерімен танысты.

— Ақпараттық технологияның қарқынды дамыған уақытында заманауи технологияларды қолдану арқылы сабақты түрлендіріп өткізу, тіл үйренушінің тілді үйренуге деген ынтасын, қызығушылығын оятып, оның сабақтағы белсенділігін арттырады. Осындай заманауи технологияларға құрылған сабақтардың бірі – қазақ тілін аудиовизуалды әдістермен оқыту,- дейді С.Қажыақпарқызы.

Әдіскердің айтуынша, аудиовизуалды материалдар тілдің паралингвистикалық элементтерімен қатар, көзбен көретін, яғни визуалды элементтерді де байқауға, көруге мүмкіндік береді екен. Әрине, ол ақпаратты жылдам қабылдауға, оны тез түсінуге және есінде жақсы сақтауға жол ашады.

Бүгінгі онлайн курста тақырыпқа сай арнайы дайындалған екі минуттық бейнежазба негізінде аудиовизуалды әдістің тиімділігі дәлелденіп, қолдану тәсілдері жайлы пайдалы әдістемелік кеңестер берілді, инновациялық жаттығулар түрлері ұсынылады. Тыңдарманға ұсынылған тың ақпаратпен  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің елдегі төтенше жағдайға байланысты арнайы ашқан фейсбук әлеуметтік желісіндегі ONLINE bol парақшасынан қарап, танысуға болады.

Айта кетейік, «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» онлайн курсы 10 сәуірге дейін жалғасады. Тұрақты тыңдарманға «Тіл-Қазына» орталығының сертификаты табысталады.

Алдыңғы ақпарат

Мүсәллә қақпасы

Келесі ақпарат

Нұрсұлтан Назарбаев: Бірлесе білген ел бәрін жеңеді