Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен қаламыздағы Түркістан локомотив пайдалану депосында «Теміржол – ел тіршілігінің күретамыры» тақырыбында маңызды іс-шара өтті.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланып, қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қызметі мен біліктілігін қоғамда дәріптеуге ден қойылып отыр. Осыған орай, қаламыздағы теміржол бекетінде жылдар бойы адал әрі табанды еңбек етіп, жауапты қызметтерді атқарып келген ардагер азаматтар мен қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Шараның мақсаты – теміржолда еңбек етіп жүрген әр қызметкердің еңбегін бағалау, олардың ел дамуына қосқан үлесін жастарға дәріптеу.
Жиында алғаш болып сөз алған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы директорының міндетін уақытша атқарушы Сайпулла Моллақанағатұлы теміржол саласы қызметкерлерін өткен кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі жолында атқарып отырған еңбегін нағыз ерлікпен тең екенін және күрделі әрі жауапты сала екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жергілікті сала ардагерлері – Өскенбаев Балтабай ағамыз бен Шакирова Хамдия апайымыз қызметтік жылдарынан есте қалған құнды естеліктерімен бөлісіп, жастарға өнегелі тілектерін жеткізді.

Шынында, теміржолшылар – ауа райына қарамастан, тәулік бойы жолаушылар мен жүкті уақытында және қауіпсіз жеткізетін нағыз жауапкершілік иелері.
Шара барысында жас өнерпаздарымыз Момиш Айсұлтан «Түркістан» әнін, ал Момиш Алмаз «Алаш аманаты» күйін орындап, жиынның сәнін кіргізді.
Басқосу барысында сала қызметкері Жұманов Үсен темірдей тәртіпке бағынып, еңбек етіп келе жатқан қарапайым теміржол қызметкерлерін елеп-ескеріп, мәртебесін көтеруге арнайы келген музей-қорық басшылығына риясыз алғысын жаудырды.
Жиын соңында шараға қатысушы ардагерлер мен қызметкерлерге алғыс хаттар, музей-қорықтың баспа өнімдері және арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Іс-шараға демеушілік жасаған «Ideal Turkistan» компаниясының басшылығына алғыс білдіріп, жетістіктерге жетулеріне тілектеспіз.
Ideal Turkistan — қаламыздың алдыңғы қатарлы компанияларының бірі!

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы








