МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Тазалық, тазалану туралы не білеміз? — 2

Ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұраларының тағы бірі және қазіргі күнге дейін басты тазалық құралы ретінде пайдаланылып келе жатқанымыз, ол — сәбиге арналған бесік. Бесікті ОрталықАзия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады.
Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады.
Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік (әлпеншек) деген екі түрі кездеседі. Қазақта бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік болып есептеледі. «Әзірет Сұлтан» музей қорында Түркістан өңіріндегі Шойтөбе, Сидақ ата, Ескі Түркістан, Қаратөбе (Сауран) қалаларынан ХІІ-ХІІІ ғғ. тән қыштан жасалған түбектер мен VІІ-VІІІ ғғ. тән сүйектен жасалған шүмектердің бірнеше түрлері бар. Оларды тазалық құралдары ретінде басқа да аймақтарда жиі қолданғандығын қазбалар барысында көптеп табылуынан-ақ байқауға болады.
Сондай-ақ, саздан жасалған түбектер ылғал өткізбейтіндігімен, отқа шыдамдылығымен, жасалуының қарапайымдылығымен қатар, қалаған көлемінде (размер) жасауға болатындығымен ерекшеленеді. Отырар қазбаларынан ХІ-ХІІ ғғ. шыны түбектер де табылған. Бесікті тербетіп шайқағанда дәреті төгіліп кетпес үшін оған кейде оттың күлін салып, оны тазалап күнге кептіріп қыздырып, дезинфекция жасап, құрғатып отырған. Ислам дінінде жан тазалығы мен тән тазалығы маңызына орай ерекше дәріптелген. Ислам діні дене, киім тазалығымен қатар, жүрек пен көңіл тазалығына да әсер еткен. Дене мен киім тазалығы–көрініп тұрған кірлер мен лас нәрселерден тазалану деген сөз және ол «материалдық тазалық» (сыртқы) десе, дініміздің ерекше тоқталған тазалығы – көңіл (ішкі) тазалығы деген. Сонымен қатар, жүректен шыққан нәрсе сезім мүшелеріне білінетін кір болмағандықтан, бұл материалдық емес деген мағынадағы «рухани» тазалық деп аталған. Исламда адамдарға үлгілі түрде көрінгісі келетін мұсылман, қашанда өзінің жеке басының тазалығын қадағалап жүруі шарт.
Музей қорындағы Қаратөбе-Сауран қазбаларынан табылған артефектілердің ішіндегі мұсылман амалдарын орындау кезінде ғұсыл, дәрет алу үшін қыштан ерекше үлгіде жасалған арнайы құмандар мен «тазарларды» айғақ ретінде айтуға болады. Тазар дегеніміз — (ванна) жуынуға арналып қыштан төрт бұрыш пішінделіп, қабырғалары жоғарғы қарай тік көтеріліп, бір басы доғалданып келіп, ернеуілері сыртқа қайырыла тегіс болып жасалған ыдыс.
Тазар еденге орналастырылып, жуылған лас сулар бір шетінде арнайы жасалған шұңқыр «бадырап» арқылы ағып кетіп отырған. Орта Азияның әр түрлі аймақтарында пайдаланылған тазарлардың көпшілігінің пішіндері біркелкі болған, оларды Афрасиабтан, Отырар қазбаларынан табылған тазар сынықтары аңғартады.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы тазалықты дәріптеп, тән мен жан тазалығын биік ұстануы, ұрпағының денсаулығын қадағалауы деп түсінуге болады. Расында елдің болашағы – халықтың денсаулығына байланысты екендігі — дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Біз, А.Байтұрсыновтың «Тәні саудың – жаны сау», «Ең әуелі бәрінен бұрын тазалықтың қадірін біл! Тән саулығының тамыры — тазалықта, жан саулығының тамыры — тән саулықта» – деп, денсаулықты сақтаудың маңызды жолын меңзеген қанатты сөздерін арқау етіп, музей қорындағы қазбалар барысында табылған тазалыққа қатысты жәдігерлердің бір бөлігіне тоқталып өттік…
Әшіркүл Егеубаева, қор бөлімінің қызметкері.
Алдыңғы ақпарат

Тазалық, тазалану туралы не білеміз?

Келесі ақпарат

БОЛАШАҚ ЗИЯТКЕРЛЕР ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫМЕН ТАНЫСТЫ