
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі аспалы шырағдан — түркі әлемі мен ислам өркениетінің асыл мұрасы, XVI ғасырда жасалған металл өңдеу өнерінің тамаша үлгісі және аса бағалы діни-рухани жәдігер. Бұл шырағдан кесененің жүрегі саналатын Қазандық бөлмесінде орналасып, күмбездің төбесінен асылып тұр. Пішіні құмыра бейнесінде жасалған, бүйіріндегі үш нүктеден шынжыр арқылы ілінген. Әр шынжыр ұшындағы ілмектер Қазандық есігіндегі балғашаларда бейнеленген мифологиялық жануарлардың келбетін қайталайды. Бұл шынжырлар жоғары көтеріліп, дөңгелек металл табаққа бекітіліп, одан әрі ойық ұшындағы ілмек арқылы күмбездің төбесіне қондырылған.
Шырағданның бір бүйірінде шебер ойылып жазылған тарихи жазу бар. Парсы тіліндегі бұл жазудың аудармасында: «Әулиелердің сұлтаны, тақуалардың дәлелі – Қожа Ахмет Ясауи. Бұл аспалы шырақты Хажжаж ибн Уаққас Сайрами Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне уақф етіп сыйға тартты» деп көрсетілген. Бұл жазу шырағданның тарихи ғана емес, діни мәнін де айшықтай түседі.
Кесенедегі аспалы шырағдан тек жарық беруші құрал емес, ол — исламдық танымда нұрдың, тазалықтың, хикмет пен құдіреттің белгісі. Ортағасырлық ислам мәдениетінде жарық — Жаратушының хикметі, құдайылық нұр деп танылған. Сол себепті, бұл шырағданның кесене ішіндегі орны мен маңызы айрықша. Тайқазанмен үйлесім тапқан шырағдан кесене кеңістігінің көркемдік және рухани тұтастығын толықтырып тұр. Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мазар ғана емес, діни-мәдени орталық ретінде тұрғызғаны белгілі. Сондықтан да, аспалы шырағдан – тек сәулет бөлшегі ғана емес, тарихи ой мен рухани тереңдіктің көрінісі.
Ғасырлар бойы бұл шырағдан кесенемен бірге аман сақталып, қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Кеңес заманында көптеген тарихи жәдігерлер жойылса да, аспалы шырағдан құдіреті мен қасиетін жоғалтпай, кесене кешенінің аса құнды элементтерінің бірі ретінде бүгінгі күнге жетті. Бүгінде ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи және рухани биік құндылықтарының бірі ретінде ұлттың мәңгілік мұрасы саналады.
Әубәкір Моллақанағат, ғылыми қызметкер