МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Тайқазан – Теккенің бір нышаны ретінде

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде (ханака) шоғырланған сәндік-қолданбалы өнер түрлері мен нысандарының алуан түрлі болуы оның мұсылман өнерінің өзіндік мұражайы ретіндегі беделін ежелден асқақтатады. Бүкіл ғимараттың сыртқы және ішкі безендірілуі – бұл мұражайдың нысандары болып табылады, және де бұл нысандардың жеке көркемдік және сәндік заттар ретінде тарихи құндылығы аса зор. Ең көрнектісі, сөзсіз, сәулет кешенінің орталық және ең үлкен қазандық бөлмесінің ортасында орналасқан үлкен қола Тайқазан.

Тайқазанның тасаууф ілімінде алатын орнын сипаттауға кіріспес бұрын, жалпы сопылық ілім мен түркі сопылық тармағының негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи және оның тариқаты туралы мәліметтерді қысқаша көрсете кеткен жөн болар.

Тасаууф немесе сопылық ілімі – Исламдағы аскеттік-мистикалық бағыт, жеке тұлғаның рухани тәрбиесіне бағытталған ілім мен рухани тәжірибелер. Тасаууфтың басты мақсаты – тұлғаның ішінде жасырын рухани кемістіктермен (нәпсі) күресу. Тасаууф ілімін ұстанышуларды – сопылар немесе дәруіштер деп атаған. Сопылық ілімі Исламдағы мистикалық-аскеттік бағыт болып саналады. Орталық Азияда сопылық IX-X ғасырларда кеңінен тарап, біртіндеп жекелеген сопылық ағымдардың мектептері қалыптасып, оның артынан сопылық бауырластықтар (тариқат) пайда болды. Бұл бауырластықтардың басында тәлімгерлер тұрды. Мұндай тәлімгерлер арапшада шейх,  парсы тілінде пір, ал түркі тілдес халықтарда жоғарыдағы атаулармен қатар ишан, ата  деген аттармен танымал болды. Орталық Азияда ең көп тараған сопылық тариқаттар —  Яасауия, Кубрауия  және Нақшбандия тариқаттары болатын. Ясауия тариқаты негізінен Сырдың солтүстігіндегі көшпелі түріктердің арасында кеңінен таралды.

Әзрет-Сұлтан Қожа Ахмет Яасауи (1093 — 1166) — түркі сопылық тармағының танымал басшысы, ойшыл, мистикалық ақын және діни уағызшы. Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы Сайрам (Исфиджаб) қаласында, басқа деректер бойынша 1103, 1036, 1041 жылдары дүниеге келіп, 1166 жылы Яссы (Түркістан) қаласында қайтыс болған. Қожа Ахмет алғашқы білімін әкесі Ибраһим шейхтен алды. Одан әрі білім мен тәрбиені әйгілі ханафи мазхабының ғалымы Баха ад-Дин Испиджабиден алды. Онан соң Отырардағы атақты Арыстан бабқа барды. Қожа Ахмет Ясауи одан дүниелік және рухани хикметтерді қабылдап, тамаша рухани білім алды.

Қожа Ахмет Ясауи өз шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектінде жазған тұңғыш дарынды түркі ақыны. Оның ең танымал шығармаларының арасында «Диуани-хикмет  (Даналық кітабы), «Мират-ул Кулуб («Көңілдің айнасы») және «Пақыр-нама» еңбектері бар. Бірақ ең танымал және бірнеше нұсқада бізге келіп жетен еңбегі – Диуани-Хикмет болып табылады. Көне түркі тілінде қыпшақ диалектімен жазылған және түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын бұл еңбекте Ясауи тариқатының негізгі ережелері жинақталған.

Диуани-Хикмет көшпелі халық арасында ислам дінін нығайтуға үлес қосты. Түркі тілдес халықтар арасында Диуани-Хикмет — «Құрани Түрки» деп аталған, олар Құранды Қожа Ахмет Ясауи арқылы қабылдағандықтан, түркілер оны «Султан ул-әулия» яғни «Әулиелердің Сұлтаны» деп атай бастады. Түркі сопылық тармағын зерттеуші ғалымдардың пікірінше, Қожа Ахмет Ясауидің сопылық мектебінің өзіндік ерекшеліктері бар. Яссауи тариқаты бойынша Хақ-Тағаланы танудың алғышарты болып адамгершілік пен рухани кемелдік танылады. Жеке тұлғаның рухани кемістіктермен күресу арқылы рухани кемелдікке жету үшін адам баласы төрт кезеңнен өту керек. Олар: шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат.

Шариғат – Исламның үкімдері бойынша тақуа өмір сүру дегенді білдіреді; тариқат — бұл дүниенің күйбелең тіршілігінен бас тартуды білдіретін мистикалық жол; мағрифат – мистикалық ілім арқылы Құдаймен уақытша бірлікте болу, хақиқатдүниелік қалауларды басып, мистикалық фана қалпына түсіп Құдаймен тұрақты байланыста болу кезеңі.

Ахмет Яасауидің пікірінше шариғатсыз, тариқасыз, мағрифатсыз хақиқат кезеңіне жету мүмкін емес (яғни Аллаға жақындау кезеңі). Адамды анықтаудың өзі рухани шиеленісті және әрдайым өз өмірін құрбан етуге дайын болуды талап етеді. Ясауи  зүхдке (аскетизм), сыртқы дүниеден бас тартуға және сабырлыққа шақырады. Адамдарға әділ болуды, мейірімді болуды тәлім етеді. Ел мен жер кезген дәруіштер Ясауи ілімінің құндылықтарын Түркістан өлкесінде, Әзірбайжанда, Кіші Азияда, Анадолыда, Еділ бойы мен Хорасанда уағыздады. Ұлы әулие Ясыда қайтыс болып, сонда жерленді. 1397 жылы қолбасшы Әмір Темір әулие бейітінің үстіне үлкен кесене салуды бастады.

Тайқазан — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басты экспонаты болып табылады . Тайқазан 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сыйлық ретінде құйылған. Бұл билеуші осы ұлы әулиеге деген сүйіспеншілігі мен адалдығын танытып, тағы да көптеген сыйлықтар жасады. Тайқазан жеті металдың қорытпасынан құйылған, олар — алтын, күміс, темір, қола, қалайы, мыс және қорғасын. Оны парсы шебері Ұста Абдулазиз ибн Ұста Шарафуддин Тәбризи 1399 жылы құйған. Бұл туралы қазандағы жазу хабарлайды. Тайқазанның салмағы шамамен 2 тонна, диаметрі 2,4 м, биіктігі 1,6 м, сиымдылығы 3 мың литр. Бұл қазан темірді балқытып құю өнерінің шедеврі болып саналады. Онда араб тілінде сульс және куфи қолжазбалары арқылы «Тәубе» сүресінің 19-аяты және «Кімде-кім Алла разылығы үшін құдық қазса, Алла оған жәннатта хауыз (су қоймасы) дайындайды» деген хадис жазылған. Сондай-ақ «Күш Аллаға тән» деген жазу 22 рет қайталанады. Қазанның 20 тұтқасы бар, олардың әрқайсысының жанында шеберлердің аты-жөні көрсетілген, 10 мәрте парсы тілінде «Мүбарак Бад» (Берекелі болсын) деп жазылған. Тайқазан кесененің кіреберісіндегі Жамағатхана немесе Қазандық деп аталатын арнайы бөлменің отасынан орын алған.

Халық аңыздарында қазандықтың мақсаты жәйлі мәліметтер де сақталған. Олардың кейбіреулерін жергілікті шейхтардың қолдауымен мистикалық деп жіктеуге болады. Солардың бірін М.Е.Массон келтіреді: үлкен қазанның ішіне қойылған құрбандық қойдың еті, егер құрбандық қабыл болса, ғажайып түрде қазанды етке толтырған. Ал, шын мәнінде қазан суға арналған, өйткені оны қазанның өзінің жоғарғы сәндік белдеуіндегі жазудан байқауға болады. Қазандағы тәтті су жұма намазынан кейін мүміндерге таратылатын болған, Суды әсіресе ас бергенде және кедейлер мен қажыларға арнайы дайындалған «халим» тағамымен бірге ұсынған.

Түркістан тайқазаны, ең алдымен, көлемімен ерекшеленеді. Қазір Гераттағы жұма мешітінде орналасқан қазан ғана Түркістан қазанымен бәсекелесе алады. Бірақ Герат қазанының диаметрі Түркістан қазанынан әлдеқайда кіші – 174,5 см, биіктігі 1 м шамасында. Тірек негізі жоғалған, бірақ пропорциялары есепке алсақ, Герат қазанының жалпы биіктігі бір жарым метрге жуық болған деп айтуға болады. Герат қазаны Түркістан қазанынан сәл ертерек – 1375 жылы (776 һ.ж.) шебер Хасан ибн Али Исфахани құйғанын қазанының жоғарғы бөлігінде орналасқан екі әшекей белдеуінің біріндегі жазу дәлелдейді.

 Ясауитанушы ғалым, философ Досай Кенжетай тайқазанның функциясы жөнінде келесідей пікірді білдіреді: «Қазандағы су зиярат жасап келген халыққа арнайы салынған зікірден соң таратылған. Ол қазанда тамақ пісірілмеген. Туристерге қазанның бұл мақсаты жайлы жеткізу керек. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде кесене мен басқа да нысандар тек мұражай ретінде қарастырылды. Мәдениет пен тарихтан байланыс үзілді. Енді бұл білімдерді жаңғырту, көне заманның бірқатар нысандарының рухани, мәдени және тарихи маңызын қалпына келтіру қажет».

Қазандықтар сопылық теккелердің жалпы белгілерінің бірі болып саналды. Жоғарыда аталған Герат қазандығынан басқа, Конья қаласында (Түркия) Жалаладдин Румидің ханакасында үлкен қола қазанның болғаны белгілі. Түркиядағы тағы бір танымал сопы әулие Қожа Бекташ Уәли (Қыршехир қаласына жақын) бейітінің үстінде көлемі жағынан таңғаларлық «24 өгізге арналған» қола қазан сақталған. Айта кетерлік жәйт, оны Әмір Темір ханақаға сыйға тартқан. Ал Қожа Бекташ туралы кең тараған халық аңыздарында оны Қожа Ахмет Ясауидің немересі деп атайды; ғалымдар Кіші Азиядағы Бекташи сопылық тармағы Қожа Ахмет негізін қалаған Ясауия тариқатының рухани мұрагері деп есептейді.

Жалпы ислам мәдениетін зерттеуші ғалымдардың пікірінше, сопылық ұғымда қазан – жай ғана ыдыс емес. Қазанның өзі текке. Қазан теккенің алдында тұрады. Қазан – ошақ, мектеп, от, жылу деген мағынаны білдіреді. Ас қазанда дайын болатыны секілді, дәруіштер де теккеде «дайындықтан» өтеді. Қазан рақымды білдіреді, ол дәруіштердің жомарттығының белгісі. Бұл қазанның астарлы мағынасы болып саналады.

 

Искакова Марина.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы.

Алдыңғы ақпарат

ШИ ТОҚУ

Келесі ақпарат

ӘДЕПТІ БӨЛШЕКТЕП САЛЫСТЫРУ