Ислам дініндегі бес парызының бірі күнделікті бес уақыт намаз. Намаз оқыған әр бір мұсылман жайнамаз пайдаланса, намаздан кейін тәспі тарту – қалыптасқан сүннет болып есептеледі. Сондықтанда ислам дінінде тәспінің өзіндік орны бар. Тәспі сөзі о баста арабтың «суббах» сөзінен шыққан болатын. Қазақша мағынасы- Аллаға мадақ, Алланы мадақтау. Оны парсы, түріктер – тасбих, татарлар – диспе, ауғандар – тисба деп атайды. Яғни, тәспі, тасбих — Аллаһты дәріптеу, сыйыну, пайғамбарға мадақ айту дұғаларын оқығанда қолданатын моншақтар тізбесі. Тәспі тастан, шыныдан, өсімдік дәнегінен, ағаштан, металдан, т.б. жасалады. Тәспі 33-тен үшке бөліп тізген 99 тастан немесе, 33 тастан құралады. Кейде 999 тасқа дейін тас тізілген тәспілер қолданылады. Мұның ішінде көптеп қолданылатын 33, 99 тастан құралған тәспілер. Тәспінің әр 33 данадан кейін қосылған жерінде өзге тастардан ерекше пішінде бір тас болады. Оны тәспінің «қожасы» деп атаса, үш тізбенің негізгі біріккен жеріндегі үлкен тас – тәспінің «Бисмилласы» деп аталады. Музей қорында тәспілердің бірнеше түрі сақталған. Солардың бірі 99 дана құрма сүйегінен жіпке тізіп дайындалған тәспі. Бұл тәспінің «қожасы» ақ түсты моншақтардан ал «Бисмилласы» сары, бетінде қара сызығы бар моншақтан жасалған. Тәспіні 1982 жылы Қызылорда облысы, Жаңа Қазалы станциясының тұрғыны Нажимова Бағымкүл музейге сый ретінде тапсырған. Материалы: құрма сүйегі