Бұдан бұрын хабарлағанымыздай өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдениет комитеті, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесіп, “Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас” тақырыбында Халықаралық конференция өткізіп, сол конференция материалдары таяуда жеке кітап болып Түркияда жарыққа шыққан болатын.
Бүгін Стамбул қаласында, IRCICA-ның конференц-залында жаңа кітаптың тұсаукесері болып өтті. Шараға қатысып, сөз сөйлеген “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков жаңа кітаптың мазмұны мен маңызына жан-жақты тоқталды және түркиялық әріптестермен алдағы уақытта бірлесіп атқарар жаңа жобалардың да жемісті боларына сенім білдірді.
Халықаралық конференциясының материалдары негізінде дайындалған кітапқа 19 ғылыми мақала енгізілген. Авторлардың көпшілігі мұсылман әлемінің әртүрлі аймақтарындағы сопылық ілімі мен тарихының білгірлері және олардың өз салаларында академиялық жетістіктері мен үлкен тәжірибесі бар.
Кітаптың жаңа тарихи дереккөздерге арналған бірінші бөлімде Ахмет Ясауидің тарихи бейнесі мен оның түрлену формалары қарастырылады. Мұндағы мақалалар ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп жатқан материалдарға, олардың арасында атақты сопының кесенесіне жазылған эпиграфиялық ескерткіштерге, археологиялық жаңа табылған заттар мен сәулет туындыларына, мөрлерге, мұрағат құжаттары мен жеке қорларда сақталған қолжазбаларға тоқталған. Оларды талдау барысында әртүрлі шығыстану және исламтану мектептерінің дәстүрлері, сондай-ақ іргелі жаңа көзқарастар мен әдістер қолданылады. Авторлар арасында көне қолжазбаларды, архив құжаттары мен жәдігерлерді зерттеу ғылымын тамаша меңгерген жеті елдің (Франция, Нидерланды, Түркия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан) зерттеушілерін көруге болады.
Мақалалардың екінші бөлімі XVIII–XIX ғасырларда құрастырылған әдеби ескерткіштерді зерттеуге арналған. Олар Ясауия хикметтерін зерттеудің жаңа кезеңін көрсетеді. Бұл мақалалар хикметтерді қайта көшіру, олардың жинақтарын литографиялық әдіспен басып шығару, типографиялық басылымдардың саны мен таралымының өсуі, хикметтердің әртүрлі тілдерге сөзбе-сөз аударылуы, осы заманымыздың ақындары, философтары мен практик сопылар тарапынан интерпретациялау процестерін талдап қарастырады. Оларда дүниежүзі кітапханаларында сақталған қолжазба хикметтердің толық каталогын жасап, басып шығару және араб графикасында белгілі күллі хикметтердің жинақталған басылымын дайындау жөнінде ұсыныстар жасалынады.
Мақалалардың үшінші бөлімі Ясауияның – Кубравия, Нақшбандия, Нақшбандия-Мужаддидия, Нақшбандия-Халидия, Бекташия сияқты басқа сопы бауырластықтарымен ынтымақтастық және өзара ықпал ету процестерін зерттеуге арналған. Кітап мақалаларда қарастырылған сәулет ескерткіштерінің түрлі-түсті суреттерімен, мөрлердің көшірмелерімен, көне басылымдардың титул парақтарымен және жаңа табылған ортағасырлық дипломдардың суретімен жабдықталған.
Бұл жинақ шеңберінде ғылыми айналымға енгізіліп жатқан жаңа материал ислам тарихы, өнері, мәдениеті, ислам білімі саласында жұмыс істейтін мамандар үшін қызығушылық оятады. Олар Орталық Азиядағы ислам өркениетін зерттеудің түрлі аспектілеріне қызығушылық танытқан оқырмандарға да маңызды болады.