ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінде дәстүрге айналған «Музейге сый» акциясы аясында Түркістан қаласындағы Қызылжол ауылының тұрғыны Әбілқасым Шошыбаев IX-X ғасырларға тән құмыралар табыстады.
Әбілқасым Шошыбаевтың айтуынша көне жәдігерлер үйдің ауласынан жер қазу кезінде кездейсоқ табылған. Бірнеше метр тереңдікте жатқан құмыралардың ескінің көзі екенін ұққан қария ұқыппен қазып алып, «Әзірет Сұлтан» қорық — музейіне қарай асыққанын жеткізді.
Археологиялық ескерткіштің жасалу кезеңі мен ерекшелігін зерттеген музей мамандары IX-X ғасырларда өмір сүрген көшпелі түркі тектес тайпалардың қолынан шыққан дүние екенін анықтады.
-« Музей қорындағы археологиялық жәдігерлердің ең көп бөлігін қыштан жасалған құмыра, тостаған сынды көптеген ыдыстар құрайды. Мамандар үшін мұндай ыдыстар құнды дерек болып табылады. Себебі, қазба кезінде табылған ыдыстар арқылы ескерткіштің қандай археологиялық мәдениетке жататыны, оның өмір сүрген уақыты мен шығу тегі, таралу аймағы тағы да басқа археологиялық мәдениеттермен байланысы анықталады. Музейге сыйға берілген бұл құмыралар IX-X ғасырларда өмір сүрген көшпелі түркі тектес тайпалардың кәсіптеріндегі құмырашылық өнер мен сол кезеңдегі ыдыс жасау техникасындағы ерекшеліктері туралы мағлұматтар береді»,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Әшіркүл Егеубаева.
Археологиялық жәдігерлер жазба тарихы аз баяндалатын елдер мен халықтардың өткенін білуде маңызы зор. Сондықтан да әрбір дерекке тереңдей үңіліп, жан-жақты зерттеу көптеген тарихтың бетін ашуға жол ашады. Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында 24 254 дана көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған. Олардың басым көпшілігі түпнұсқа тарихи құнды дүниелер, яғни археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық жәдігерлер мен Түркістан тарихына байланысты алтын, күміс, мыс теңгелер көмбесі, халықтың қолынан жинақталған араб, парсы, көне түркі тілдерінде жазылған қолжазбалар мен баспа кітаптары және этнографиялық мұралар. Жәдігерлер төрт ғылыми классификацияланған топқа бөлінген. Оның 5105 данасы археологиялық, 2684 -і этнографиялық, 2853-і жазба ескерткіш, 13 612 данасы нумизматикалық жәдігерлер.
-«Осы тәрізді құнды мәліметтерде ата-бабалар тарихы сақталатындықтан, казбадан табылған дүниелер біздің сарқылмас қазынамыз болып есептеледі. Біз әлі де, көптеген қырлары ашылмаған халқымыздың ежелгі тарихы жер астында жатыр деп ойлаймыз. Оның мұрағаты – археологиялық жәдігерлер. Ал бұлар- тарих пен мәдениеттің өте нәзік «куәсі» және «құжаты» болып табылатындығы даусыз. Сондықтын елінің тарихын білуге қызыққан әрбір адам, табылған дүниелердің қадірін ұғынып, музей қорына табыстаса деген тілегіміз бар», — деді қор сақтаушы Әшіркүл Мырзабекқызы.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі