МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және заманауи зерттеулер» Халықаралық дөңгелек үстелі өтті

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының ресми ашылуына орай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және заманауи зерттеулер» Халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», — деген болатын. Аталмыш дөңгелек үстел Халықаралық деңгейде өткізілетін Симпозиум қарсаңындағы Ясауитану ғылыми орталығының алғашқы іс-шарасы ретінде ұйымдастырылды.

Түркияның, Өзбекстанның, Қазақстанның ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері және қоғам белсенділері бас қосқан дөңгелек үстел барысында «Ясауитану ғылыми орталығы: мақсаттары мен болашағы», «Шетелдік Ясауитану орталықтары: дереккөз базасы, ғылыми тәсілдері мен пайдаланатын әдістері», «Қожа Ахмет Иассауи және шәкірттерінің мұрасын зерттеу және жинақтаудағы жеке қорлардың ғылыми және практикалық маңызы» тақырыптарында келелі мәселелер қозғалды.

Іс-шара «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаевтың модераторлық етуімен өтті.

Дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған «Ясауитану» Орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы жаңадан құрылған ғылыми орталықтың алға қойған мақсаттары мен атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ Ясауи мұрасын зерттеудегі ортақ жобалар мен мүдделерге кеңінен тоқталды. Ғалымның айтуынша: «Бүгінгі таңда Моңғолия қазақтары және Қытай қазақтарының арасында Ясауи ілімі болғандығы ғылыми дәлелденді. Пәкістан мен Үндістанда да жазба деректерінің негізінде Ясауи ілімінің түрлері мен мұралары табылып отыр».

Түркия Республикасының Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA)профессоры Әшірбек Муминов: «Ғылыми орталықтардың негізгі жұмыстары деректер мен әдебиеттер базасының мықты деңгейде жасақталуынан және ғылыми әлеуеті жоғарығалымдар шоғырынан құрылған жағдайда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Біздегі«Хикметтер» негізінде жасалынған Йасавийа ілімі бейнесі «Хадикат әл-‘арифиннің», «Ламахат» мәліметтеріне сәйкес өзгеруі мүмкін (Д.ДиУис). Сонымен қатар, Иранистика мен Тюркология ғылымдарының байланысы өте әлсіз болып тұр. Кеңес дәуіріндегі Орталық Азияның оқшаулануы және кеңестік идеологияның әсері діни өмірді академиялық тұрғыдан зерттеуді қиындатқаны сөзсіз. Түркі әлемінің суфи тариқаттары туралы деректер, мәліметтер көбінесе парсы тіліндегі орталарда ғана сақталған.»- деген секілді мәнді де мағыналы гипотезаларымен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, «Жазба жәдігер және Рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Өмір Тұяқбаев Қожа Ахмет Иассауидіңжәне оның шәкірттерінің мұрасын зерттеу және жинақтауда жас ғалымдардың ыждаһатпен еңбек етуіне шақырды. Жеке қорлардың ғылыми және практикалық маңызына тоқталған ол көне жазба деректер мен оларды сақтауға қатысты заңнамалық тұрғыдан кездесетін кедергілерді де сөз етті.

Талқылау барысында ғалымдардың бірнеше ұсыныстары ортаға салынып, сараланды. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі мен мұрасын насихаттауға қатысты практикалық тұрғыдан іс-шаралар жасалса, яғни Түркия Республикасы Конья қаласында орналасқан Маулана музейінің тәжірибесін қолдана отырып, қалаға келген туристердің де санын арттыруға болатындығы әрі Ясауидің сопылық жолдағы еңбектері насихатталатындығы айтылды.

Дөңгелек үстел қорытындысында жаңадан құрылған Ясауитану ғылыми орталығының жұмыстарын үйлестіру бағытында шетелдік және отандық ғалымдардың ұсыныстарын қабылдай отырып, перспективті ғылыми зерттеулерді жүйелендіру мен серіктестік жобаларды қолға алу да жоспарланды.

Алдыңғы ақпарат

Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфиякалық жазбаларына арналған зерттеулерге шолу

Келесі ақпарат

«Түркістан жазирасындағы керамикалық бұйымдар» көрмесі