МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Түркістанда «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі ашылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен 15 қараша — ұлттық валюта — теңге күніне орай «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» (ертеортағасыр мен XIV ғ. аралығы) көрмесі ашылды.

Түркістан аумағының ақша айналымынан сыр шертіп, өлке тарихын зерделеушілер үшін тың деректерге толы жәдігерлер топтамасын ұсынған көрмені қорық-музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев құттықтау сөзбен ашты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорынан жыл сайын ұлттық валюта күніне орай түрлі тақырыпта көрме ұйымдастырылып отырады. Бүгін назарларыңызға «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» атты көрмені ұсынып отырмыз. Көрмеге музей қорында жинақталған материалдар негізінде өлкенің түрлі тарихи кезеңдердегі материалдық-әлеуметтік, саяси-рухани өмірінен хабар беретін нумизматикалық жәдігерлер орналастырылды. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында 26 мыңға жуық жәдігер болса, оның 14137 -і нумизматикалық мұраларға тиесілі. Әрбір мұраның өз кезеңіне сай тарихи маңызы зор.
Көрменің мақсаты — музей қорында жинақталған нумизматикалық материалдар негізінде түркі жұрты үшін қашан да киелі мекен болған Түркістан қаласының тарихи маңызын айшықтау, Қазақстан егемендігінің маңызды элементтерінің бірі, тәуелсіздігіміздің жаршысы болған – төл теңгеміздің маңызын ұлықтау болып табылады. 
Баршаңызды тарихи тағылым мен мазмұнға толы көрменің ашылуымен құттықтаймын!»,-деді Ерсін Ботабайұлы.

Көрме экспозициясында Түркістаннан табылған ең көне нумизматикалық жәдігер – Кушан патшалығының б.з. ІІ ғасырындағы билеушісі Хувишка І патша тұсында соғылған қола ақшасы, әлемде жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар мен Ясы-Күлтөбе ескерткішіндегі өмірдің тоқталуын нақтылап бере алатын Шағатай ұлысының күміс дирхемдері мен мыс фельстер көмбесі, Алтын Орда мемлекетінің оңтүстік-шығыс шекарасының қай тұстан өткендігін нақтылауға көмек бере алатын тиындар мен тағы да басқа өлке тарихын зерттеуде маңызды рөл атқаратын материалдар ұсынылды.

Көрме экспозициясы 5 бөлімге бөлінді.
Бірінші бөлімде Түркістан оазисінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ертеортағасырлық нумизматикалық материалдар (ІІ-VIII ғғ.);
Екінші бөлімде Сырдарияның орта және төменгі ағыстары аумағынан кездейсоқ табылған Қарахан және Ануштегіндер мемлекеттеріне қатысты нумизматикалық материалдар (ХІ-ХІІІ ғғ.);
Үшінші бөлімде Түркістан аумағынан кездейсоқ табылған ХІІІ ғ. алғашқы ширегі мен ХІІІ ғ. орта тұсында соғылған нумизматикалық материалдар;
Төртінші бөлімде ескі Түркістанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған Шағатай ұлысының ақшалары;
Бесінші бөлімде Түркістан аумағынан кездейсоқ табылған, XIV ғ. тән Алтын Орда мемлекетінің пулдары мен дангтары орналастырылды.

Қазақ жазирасы көне замандардан бері батыс пен шығысты жалғастырар «көпір» болғандығы белгілі. Адамзат арасындағы сауда қарым-қатынасын қалыптастырушы ең алғашқы дәнекердің бірі-Ұлы жібек жолының шығыс пен батысты байланыстырушы маңызды бағыттарының барлығы да қазақ даласын кешіп өткен.

Көне Ясы -Түркістанның осы жол бойындағы маңызды бекеттердің бірі болғандығын Ясы-Күлтөбе, ортағасырлық Түркістанның тарихи ескерткіштерінде үздіксіз жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық материалдар растайды.
Қазіргі таңда Қазақстан археологтарының Көне Түркістанда жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған ертеортағасыр мен ХХ ғасырға дейінгі уақыт аралығына тән нумизматикалық табыстар және кездейсоқ табылған тиындар өлкедегі сауда-саттықты, діни-рухани, саяси ахуалды зерттеуге мүмкіндік бере алатын едәуір көлемдегі материалдар ұсына алады»,-дейді қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбаева.

Көрменің ашылуына тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар, музей қызметкерлері қатысты.

«Нумизматкалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі бір ай бойы ел назарына ұсынылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Алдыңғы ақпарат

Музейге 50-ге жуық құнды мұралар табысталды

Келесі ақпарат

Елордада «Ұлы даланың жазба мұралары» көрмесі ашылды