Түркістанда хан көтеру рәсімі өтті

Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде хан көтеру рәсімі өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай ханның қазақ тарихындағы орны мен ұлы тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған тарихи-танымды қойылымды Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының әртістері қойды.

-«Тарихи қойылым ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аталған театрландырылған қойылым арқылы тарихи шындықты үйлестіруге күш салды.  Музейге келушілердің сұранысы бойынша тарихи оқиғаларға қызығатындығын және тарихи тұлғалардың өмірі жайлы білуге құштар екендігін көрсетті. Халық арасында Абылай ханның тарихи тұлғасы кеңінен насихатталатындығын ескерсек, бұл қойылымның жас ұрпақтың отаншылдық санасының жетілуіне, тұлғалық дамуына тигізер пайдасы мол екендігін бағамдаймыз»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Белгілі ғалым А.И.Левшиннің жазбаларынан «1771 жылы Түркістанда Абылайды қазақтың бас ханы етіп көтеру рәсімі өткен. Оған Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтан-билері, ел қорғаған батырлары, «ташкенттіктер мен түркістандықтардың»таңдаулы өкілдері қатысқан. Және бұл салтанат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде өтеді. Онда Құран оқылып, жиылған дүйім жұрт Абылайды «Ақ киізге» отырғызып, төбелеріне көтеріп, үш жүздің хан  етіп жариялайды»,-деген деректерді кездестіруге болады.

Тарихи реконструкциялық қойылымдар өткізу, қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдеріндегі қорық-музейлердің дәстүрлі шарасы ретінде мойындалады.

Атап айтқанда, Ресейде «Бородино» мемлекеттік әскери-тарихи қорық-музейі Малоярославецкий әскери-тарихи музейімен бірлесіп 1812 жылғы тарихи оқиғаларды, Бородино даласын реконструкцияланған көрініс арқылы көрсетіп келеді. «Куликово даласы» мемлекеттік әскери-тарихи және табиғи қорық-музейі «1380 жылғы Мамай әскері мен князь Дмитрий Донский әскерінің кездесуі» туралы оқиғаны жыл сайын жаз мезгілінде суреттейді.

Украинада «Полтава соғыс даласы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы дәстүрлі түрде 1709 жылғы Полтава даласының тарихи кезеңін көрсетсе, Чехия мемлекетінде «Курган мира» қорымен бірлесіп, Славкове (Аустерлиц) қаласының тарихи музейі жыл сайын «Аустерлиц даласы» (1805г.) деген тақырыпта реконструкциялық көрме ұйымдастырады. Бұндай жобадағы көрмелер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Италия, Франция сынды бірқатар елдердің қорық-музейлерін немесе музейлерінде дәстүрлі шара ретінде орын алған.

Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Күлтөбе сырлары» және «Ясауи ізбасарларының шығармалары» атты қос бірдей көрме ашып, қазақ халқының бейбіт өмірі үшін аянбай күрескен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген батыр Кәрсон Таңыбай  батыр Бекназарұлына және күй өнерінің даңқын асқақтатқан бірегей өнер иесі, ұлы күйші Сүгір Әлиұлына арналған кітаптардың тұсауын кесті.

Сондай-ақ, айтулы мерекелік күн аясында т.ғ.к. ясауитанушы Зікірия Жандарбектің «Қазақ хандығы кезеңіндегі Ясауи жолының ахуалы», т.ғ.д., профессор Хазіретәлі Тұрсынның «Түркістан легионының аңызы мен ақиқаты» атты бейнесұқбаты ұйымдастырылып, қорық-музейдің экскурсоводтары тарихи-танымдық онлайн экскурсиялар жүргізді.

Бұдан өзге, музей қызметкерлері арасында гір тасын көтеру, оқушылар арасында асық ату сайысы және онлайн викториналық сұрақтар жарысы ұйымдастырылды.

Алдыңғы ақпарат

Ясауи кесенесіндегі ортағасырлық аспалы шырағдан тарихи тұғырына орнатылды

Келесі ақпарат

Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан»мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Музейдегі түн» мерекелік шарасын ұйымдастырды