
Қасиетті де киелі, тарихи қаламыз Түркістан күннен күнге түлеп, жаңарып, сәулеті артып келеді. Қала 2019 жылы облыс орталығына айналды, осы жылдың 13 ақпанында өткен Сенат депутаттары пленарлық отырыста Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңы мақұлданып, 2025 жылдың 3 наурыз күні Қазақстан Республикасының №165/VIII -ші номерімен Заң бекітілді. Бұл оқиғаның ежелгі Түркістан қаласының өткен тарихын зерделеу мен болашақ даму жоспарларын жасауға ықпалы зор.
Сонымен қатар, өткен жылдың қыркүйек айында «Түркістан – қолөнершілер қаласы» статусын алу және Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына мүше болу мақсатында Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм мекемесі жоғарыда аталған ұйымға өтініш берген. Осы өтініш негізінде Түркістан қаласына келген Ұйымның арнайы комиссия мүшелеріне арнап музей-қорық қорындағы керамикалық жәдігерлер коллекциясынан «Түркістан жазирасының керамикалық бұйымдары» көрмесі ашылды. Көрмеге музей-қорық қорынан 200-ге жуық қыш ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар коллекциясы шығарылды.
Көрме ғимараттың екі залына құрылды және оның экспозициялық жоспары негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар:
- Б.д.д. ХV –X ғғ. Қола дәуірінен VIII – I ғғ. Сақ, Үйсін кезеңдеріне дейінгі қыш бұйымдар үлгілері,
- Б.д. І – V ғғ. арасындағы кейінгі ежелгі дәуір мен V – ХІV ғғ. ерте және дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі керамика үлгілері,
- ХV-ХVІІІ ғғ. кейінгі орта ғасыр мен ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазіргі заман керамикасы.
Көрменің ғылыми тұжырымдамасы мен тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасау кезінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қызметкерлерінің «Түркістан жазирасындағы қыш бұйымдар» атты альбом- жинағының (авторлары М.Қ.Тұяқбаев, Ә.М..Егеубаева) көп көмегі тигенін атап өткен жөн.
Жалпы, керамика (гректің keramike – көзешілік өнер, keramos-сазбалшық) дегеніміз минерал қоспалар қосылып, сазбалшықтан жасалған және тастай қатты жағдайға дейін күйдірілген, оған қоса неолит дәуірінен бастап ең көп кездесетін археологиялық материал болып табылады.
Керамика адамдардың тұрмыс-тіршілігінде, тас, мыс, қола немесе темір заттар сияқты орасан зор роль атқарды. Адамдар саз балшықтан алғашқыда дөрекі ыдысты жасап көрсе, қазіргі кезде оны ғылым мен өндірістің көптеген салаларында пайдалануда.[1]
Отандық археология тарихында қола дәуіріндегі заттай ескерткіштерді зерттеуде белгілі бір дәрежеде жетістіктерге қол жеткізілді. Сондықтан құнды тарихи деректеме болып табылатын қыш археологиялық ескерткіштерден алынған жәдігерлердің негізгі категориясын түзеді. Қыш ыдыстарды зерттей отырып, ертедегі тұрғындардың түрлі топтарының өзара қатынасын, ауысуын, шаруашылық әрекеттерінің ерекшеліктерін, дүние танымдарының кейбір қырларын, археологиялық мәдениеттерінің туыстығы мен олардың шығу тегін баяндауға болады. [2]
Қоныстар мен обаларға қазба жұмыстарын жүргізген кезде алынған негізгі материал – қыш. Қыштан жасалған бұйымдар шаруашылық пен тұрмыста, кейде жоралғылық мақсат үшін пайдаланылатын ыдыс түрі болған.
Сазбалшықтан жасалған заттар археологиялық табыстардың ең бір төзімді түрі болғанымен, көзешілік өнері салыстырмалы түрде қарасақ, жақында ғана пайда болған деп есептеледі. Көзешілік б.з.д. 6000 жыл бұрын Азияның оңтүстік батысында ежелгі егіншілік қоныстарда пайда болған.
Қазақстанның ежелгі тұрғындары арасында қыш ыдыстар, кен өндіру мен өңдеудің алғашқы түрлерінің пайда болуы неолиттің бас кезінде яғни, б.з.д. 50000 жылдыққа тура келеді. [3]
Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде көзешілікпен негізінен (ыдыстардағы саусақ іздеріне қарағанда) әйелдер ғана айналысқан, ал, ер кісілер аңшылықпен, мал өсірумен айналысқан. Әйелдер, сонымен бірге, теміршілікпен, егіншіліктің ең қарапайым түрлерімен және үй шаруашылығымен айналысқан.
Ыдыс-аяққа қарап, олардың жасалу техникасы туралы сөз қозғауға болады. Балшық өте мұқият таңдап алынады, кейде ол бірнеше шақырым жерден әкелінетін болған. Содан кейін ұқсатылатын, атап айтқанда: мұздатылатын (қыстатылатын) немесе жаз бойы әр түрлі арнайы қоспалар қосылып иі қандырылып, одан кейін иленетін болған.[4].
Шеберлер бұйымдарды қалыптау кезінде ыдыстардың түбін басып-жаныштау үшін көлемі әр түрлі жұмыр тастарды пайдаланды. Ал ыдысты жасайтын құрал ретінде тұғырық айналып тұратын үстелше, яғни станок – айналмалы қондырғыны қолданды. Ыдыстардың қабырғаларын тегістеу үшін жұмыр тастар, ағаш пышақтар пайдаланылды. Ал қышты тұрмыста қолданылатын аузы кең пештерде, сондай-ақ балқыту пештерінің түтін шығаратын мұржаларында күйдірген. Лаулаған отқа да күйдірген кездері болды.
Қыш өндірісі отырықшылық жағдайдағы аумақтарда «гүлдену» кезеңіне жетті. Атап айтатын болсақ, Сырдария мен Арал маңы аймақтары, Орталық Азиямен шекаралас жерлерде өте жақсы дамыған. Мұны осы аумақтағы қаланың қазба жұмыстарында табылған ыдыс-аяқтан бастап, құрылыс материалдарының алуан түрлілігі айғақтайды. Мәселен, біздің заманымызға дейін VII-Vғасырлардағы Сырдарияның төменгі жағын мекендеген тайпалардың ыдыстарынан: тостақтар мен тостағандарды, шыны ыдыстарды, құмыраларды, саптаяқтарды, имек тұмсықты ыдыстарды ерекше атап өтуге болады.
Орталық Қазақстан аумағында көшпенді өмір салты жағдайында қыш-құмыра өндіру ісі үй тұрмысы қажеттілігіне қарай шеберлерге тапсырыс беру арқылы жүзеге асып отырған.[5]
Ыдыстардың пішінін, жасалу техникасын және өрнегін салыстыра зерттеу қола дәуіріндегі мәдениеттің әрбір кезеңіне ыдыстардың белгілі бір пішіні тән екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Ерте қола дәуірінде бүйірі тікше немесе біраз шығыңқы, мойыны ішке қайрылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тісті немесе тегіс қалыппен түсірілген шырша өрнектері, шаршы, үш бұрышты, сопақша ойықтар, қисайта бытырылған түтікшемен түсірілген «орақ тәрізді» ойықтар, тырнақпен түсірілген өрнектер көп таралды. Ыдыстардың бүйірі мен түбі түгел өрнектеледі. Кейде өрнек тіке, көлденең, ирек сызықтардың, тік ирекшелердің, сызықшалармен толтырылған үш бұрыштардың қиюласуынан құрылады. [6]
Орта қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелетіліп немесе мойыны мен бүйірінің арасы ойықталып жасалады. Өрнек тегіс немесе ұсақ тісті қалыппен түсіріледі. Бұл дәуірдегі ең көп кездесетіні геометртиялық өрнек – үшбұрыш, меандр, сынық, және осылардың ирек сызықпен әртүрлі қиюласуы. Тұрқы дөңгелетіле жасалған құмыралардың көбінесе ернеуі, мойны, үстіңгі жағы өрнектеледі, ал иіні ойық көзелерде сурет үш жерге – мойнына, ортасынан жоғарырақ бөлігіне, түбіне жақындау жерге салынады. Кейде ыдыстың түбі өрнектеледі.
Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалады. Олардың ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Кейде иініне өрнектің басқа түрлерімен қатар ирек сызық, қисық ойық, шырша, «меруерттер» түрінде сурет салынады. Оқта текте үстіңгі жағы сопақша ойықтармен өрнектелген немесе ешбір өрнексіз құмыралар да кездесіп қалады.
Андронов шеберлері қыш ыдыс өндірісінде қалыптарды қолданған. Көп жағдайда жұмсақ иі қанған балшық қалыптың ішіне салынуы мүмкін (ыдыс жасалынатын масса жабысып қалмас үшін). Қыш дайындауда қалыптың қолданғанын мынадан байқалады. Көптеген ыдыстардың астыңғы жақтары іштен қатты сығымдалып жасалған, бұл тек сыртта тіреп тұрған қатты қалып болғанда ғана мүмкін. Жұмсақ үлгілердің көлемінен тәуелсіз балшықтың қалыңдығы – 4-6 мм. аралығында. [7]
Археологиялық мәдениетті бөлген кезде ғалымдар тек пошымына ғана емес кыштың өрнектелуіне де назар аударады. Бұл ежелгі адамдардың ыдыстағы өрнектері мен киімдегі оюлары, әшекейлері мен денеге салған белгілері арқылы өз халқын басқалардан ажырататын болғандығына байланысты туындаған. Сондықтан, қыштағы өрнекті де этностың айырмашылығын білдіретін көрсеткіш ретінде тануға болады. Зерттеген кезде оның жасалу жолы мен элементтерін ғана емес, өрнектегі этникалық көрсеткіш болатын әрбір өрнек жүйесінің салыну ережесін де анықтау маңызды.
Көрме музей-қорықтың жылдық жұмыс жоспарынан тыс қосымша әзірленді, алдағы уақытта ол тың деректер мен құнды жәдігерлермен толықтырылады және оның көркемдік дизайндық жұмыстары жетілдіріледі. Көрмеге, әсіресе, жастар мен мектеп оқушыларын көптеп тарту жұмыстары музей-қорықтың музей педагогикасы мамандарымен бірлесе отырып дамытылады деп күтілуде.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Тұяқбаев М.Қ, Егеубаева А.М. Түркістан жазирасының қыш ыдыстары. Альбом-кітап. Алматы 2018, 176 б.
- История Казахстана с древнейших времен до наших дней. А., 1993 11-16 бб.
- Туякбаев М.К. историческая топография и развитие городов и поселений Туркестанского Оазиса ХІІІ-ХІХ вв. Алматы., 2009. С. 8-9
- Сайко Э.В. Техника и технология керамического производства Средней Азии в историческом развитии. М., 1982. С. 10-12
- Баратов С. Архелогические работы в 2000году на могильнике Шербай. Отчет ТАЭ по итогам работ 2000г Архив музея – заповедника «Азрет Султан» -300 c.
- Левина Л.М. Керамика нижней и средней Сырдарьи в І тысячелетии н.э. М., 1971.
- 7. Смагулов Е., Григорьев Ф., Итенов А. Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана А. 199. С. 175-207