Біз бұдан алдын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығына қарасты тарихи ескерткіштердің (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Қылует жер асты кешені) музейлендірілуі, олардың алғашқы экспозициялары жайлы жеке-жеке баяндаған болатынбыз. Бүгін музей-қорыққа қарасты тағы бір тарихи ғимаратта орналасқан — «Түркістан тарихы» музейі, оның алғашқы музейлік-экспозициялық жұмыстары жайлы айтып, осы тақырыптағы мақалалар топтамасын аяқтағалы отырмыз.
Бұл ескерткіштің тарихы 1864 жылы Түркістан жеріне Ресей патша әскерінің келуімен байланысты. «Түркістан тарихы» музейі ұйымдастырылатын ғимарат 1905 жылдары салынып, ол Түркістан гарнизонының 1 — атқыштар батальонының төменгі шеніндегі офицерлеріне арналып салынған «Казарма үйі» болатын. Кеңес дәуірінде бұл жайға қалалық «Эластик» тігін фабрикасы орналасқан. Ол 1990 — жылдарға дейін жұмыс істеді.
Еліміз Егемендік алғаннан кейінгі уақытша экономикалық дағдарыс салдарынан фабрика жұмысы тоқтап, ғимарат біршама уақыт қараусыз қалған болатын. Есік, терезелері, кірпіштері бұзылып талан-таражға түсетіндей жағдайға жеткен кезде, 1989 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық сәулет ескертіші музейі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы болып қайта құрылып, оның қорғау аумағы белгіленіп, тарихи ескерткіштер мемлекеттік тізімге алына бастады. Міне, осы жылдары бұл ғимарат та музей-қорық құрамына алынып, оның сақталуы, қайта қалпына келтірілуі туралы мәселелер қолға алынды.

1995 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты бірігіп, Түркістан археологиялық экспедициясын құрды. Оның басты мақсаты — Түркістан қаласы мен оның аумағында орналасқан ортағасырлық қалалар, қорымдар және т.б. жерлерді зерттеп, болашақ «Түркістан тарихы» музейіне материалдар жинақтау және Түркістан қаласының жасын анықтау еді.
1998-1999 жылдары Қ.Қ.Тұяқбаев басқарған «Казпроектресаврация» институты ғимаратта толық қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 38 терезе, 11 есік толығымен жаңаланды. Казарма тоғыз бөлікке бөлініп, реставраторлар, қызметкерлер отыратын бөлмелер, касса, экскурсоводтар бөлмесі мен санитарлық және жылыту жүйесі бөлмелері жабдықталды.
Болашақ музей экспозициясына қажетті 24 үлкен, 32 кіші витрина, 16 шаршы тумба, 16 сегіз қырлы тумба дайындалып, бөлме ішіне әрлеу, сырлау және безендіру жұмыстары қосымша жүргізілді.
Түркістан археологиялық экспедициясы жинақталған материалдар негізінде музейдің ең басты құжатының бірі – ТЭЖ (тақырыптық-экспозициялық жоспар) жасау жұмысына сол кездегі Қазақстанның ең беделді музей ісі маманы М.Әбдеш шақырылып, оған қосымша көмекке белгілі археологтар Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, А.Ержігітовалар қатысты.
Түркістан тарихы музейі экспозициясына музей-қорық қорындағы жәдігерлердің археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық және жазба ескерткіштер топтарындағы барлық жәдігерлері қамтылған, сегіз бөлімнен тұратын керемет музейлік жоспар дайындалды. Олардың атаулары:
1 — бөлім: «Бағзы заман» — тас, қола және ерте темір дәуірлері жәдігерлері;
2 — бөлім: «Түркі дәуірі»;
3 — бөлім: «Шауғар-Шойтөбе қаласы»;
4 — бөлім: «Иасы-Күлтөбе қаласы»;
5 — бөлім: «Қожа Ахмет Ясауи — түркі халықтарының пірі»;
6 — бөлім: «Ескі Түркістан қаласы»;
7 — бөлім: «Түркістан — Қазақ хандығының астанасы»;
8 — бөлім: «Түркістан түркі әлемінің рухани орталығы» деп аталды.
2004 жылы ТАЭ-ның Түркістан жазирасындағы бірнеше қалаларда жүргізген археологиялық зерттеу-барлау жұмыстары нәтижесінде табылған табыстардың көптеп жинақталуына байланысты, музей-қорық аумағындағы Қала қорғаны негізінде және бір музей экспозиция құрылды. Музейдің ерекшелігі сол, қорған дуалы ішінен жасақталғандығында болды. Экспозиция оның мұнаралы дөңгелек бөлмесі мен қорған қабырғасы бойымен салынған бірнеше бөлмелеріне дайындалды.

Музейге «Археология және этнография музейі» деген атау берілді. Оның экспозициясына архелогиялық жәдігерлер, Түркістан жазирасындағы ортағасырлық қалалардың фотосуреттері мен сызба карталары, археологиялық қазба жұмыстарының көріністері мен әсіресе І-VІ ғғ. Сидақата қаласының майлы бояумен салынған, бөлменің жартысына дейінгі жерді алып тұрған, алып картинасын (авторы М.Тұяқбаев) көруге қала оқушылары мен көпшілік қауым қызыға келетін.
Жалпы, «Түркістан тарихы» музейінің экспозициясы екі рет реэкспози- цияланды. Соңғы экспозиция 2019 жылдан бастап, Түркістан қаласы облыс орталығы болуына байланысты, музей-қорықтың кеңсе ғимараты бұзылып, ондағы қор сақтау бөлмелері мен ғылыми кітапхана «Түркістан тарихы» музейіне көшірілді. Осы аралықта экспозициялық бөлмелердің азаюына, тарылуына байланысты, жекелеген бос бөлмелеріне уақытша музей ішілік тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып келгені болмаса, ғимарат біраз уақыт «Түркістан тарихы» музейі деген атына сай болмай қалған еді. Дегенмен, 2025 жылдың маусым айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Түркістан тарихы» музейінің экспозициясын заман талабына сай жаңалау мәселесі оңынан шешілді. Қазіргі кезде болашақ «Түркістан тарихы» музейінің жаңа технологияларға негізделген ТЭЖ-ы дайындалу үстінде.
Р.Жүзбаева, көрме ұйымдастырушы.








