ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Түркістан қаласында жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстарына ортағасырлық қала жұртының «жасын» анықтауға қатысты мақсат қойылған емес. Ортағасырлық қалада жүргізілген ең алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары басты архитектуралық нысан – Қожа Ахмед Ясауи кесене / ханакасына қатысты реставрациялық тапсырмаларды орындау мақсатында жүргізілген болатын.
Ортағасырлық қаланы кәсіби археолог ретінде ең алғашқы зерттеу ісімен Михаил Евгеньевич Массон айналысқан. Ғалым, 1928 жылы археологиялық тәсілдермен ханака ішінде жиналған «табиғи қабатты» кесене еденіне дейін аршу арқылы іргетас құрылымын анықтаумен айналысқан. Осыдан кейін біраз жылдар бойы қала жұртында жүйелі түрдегі археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Арагідік жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары Қожа Ахмет Ясауи ханакасының аумағында орналасқан белгілі бір архитектуралық нысандардың реставрациясына қатысты мәселерді шешу мақсатында ғана жүргізіліп отырған.
Дегенмен, өткен ғасырдың 70-ші жылдары Т.Н. Сенигова қалыптасқан реставрациялық тапсырмаларды орындаумен қатар, бүкіл ортағасырлық қалашықтың мәдени тарихын анықтауға қатысты мақсаттарды іске асыруға қатысты жұмыстар жүргізген болатын. Ол кісі басқарған археологиялық топ «Қоқан қақпасына» қатысты аумақта, Күлтөбенің археологиялық ескерткішінің ең көне қабатын анықтау мақсаттарында қазба жұмыстарын жүргізген. Алайда, Ясы-Күлтөбе ескерткішінде жүргізген қазба жұмыстарын бастаған кезде, археологиялық объектінің ең төменгі қабатына жетпей 1,5-1,8 метр тереңдіктен кейін жасанды стилобатқа тіреліп, зерттеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған.
1980-ші жылдары реставрациялық басқарманың тапсырмасымен қазба жұмыстары қайта жүргізіле бастады. 1982 жылы Е.Смағұлов бастаған археологиялық отряд «Реставрациялық бағдарламадан» бөлек, Т.Н.Сенигова қазба жұмыстарын жүргізген аумақтан тысқары жерден 70 ш. м. аумақта стратиграфиялық қазба жүргізген. Қазба жұмыстары 7 метр тереңдікке дейін түсіріліп, ең төмендегі «құрлыққа» дейін жеткізілген. Қазба барысында 7 мәдени қабат анықталып, қазба нәтижесінде табылған материалдар қала «жасына» қатысты алғашқы ғылыми дәлелді материалдар берген еді.
Сол археологиялық қазба жұмыстарының табыстары Ясы-Түркістан қаласының тарихына қатысты бұған дейін белгілі болып келген мәліметтерді бірден 700 жылға дейін «көнертті». Бұған дейін Ясы қаласының Ясауи өмір кешкен ХІІ ғасырға дейінгі өміріне қатысты ауызекі аңыздардан басқа ешқандай ғылыми негізделген дәлел де, тіпті, Ясы қаласының қайда орналасқандығы туралы дәлелді баламалар да болмаған еді.
35 жылдан аса уақыт бойы Түркістан қаласында археологиялдық қазба жұмыстарын жүргізген Е.Смағұлов бастаған ТАЭ Ясы қала жұртының шынайы «жасын» анықтау мақсатында жыл сайын жүргізіп отырған археологиялық қазба жұмыстары қала тарихын тағы да бірнеше жүз жылға «көнертті». Қаланың пайда болу және даму тарихына қатысты бүгінгі таңда белгілі болып отырған материалдардың негізінде көне қала цитаделінің б.д.д. алғашқы ғасырларға (б.д.д. ІІ-І ғғ.), яғни, кем дегенде 2200 жылдық тарихы бар археологиялық-архитектуралық нысан екендігі анықталып отыр.
Т.Жолдасов, кіші ғылыми қызметкер.












