Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 626 метр жерде орналасқан. «Тәкиә» немесе «Ишан» қақпа деп аталған бұл құрылыс 1864 жылғы картада қаланың оңтүстік-батысында орналасқаны және су толтырылған ор қоршап жатқаны көрсетілген. 2009 жылы жүргізілген Түркістан археологиялық экспедициясының қазба жұмыстарының нәтижесінде қақпа туралы деректер жинақталды. Қақпаның ерекшелігі – мұнараларының шеңбер емес төрт бұрышты болып келуінде, тек бұрыштары тік емес, иіліп, дөңгеленіп келген. Қақпалардың мұнаралары планында дөңгелек емес, квадрат немесе тіктөртбұрыш болып келуі біздің заманымызға дейін де кездеседі. Мысалы, Солтүстік Ауғанстандағы Беграм қаласының мұнаралары тіктөртбұрышты болып келген (б.з.д. ІІғ.-б.з. IVғ.). Өзбекстандағы Кампыртепе қаласының мұнаралары да квадрат және тіктөртбұрыш тектес болып келген (б.з.д. ІІІғ. – б.з. ІІІғ.). Ал, Түркіменстандағы Көне Ниса қаласы түгел мықты қамалмен қоршалып, планында жартылай тіктөртбұрыш болып келетін мұнаралармен күшейтілген (б.з.д. ІІІғ. – б.з. ІІІғ.).
Сыр бойындағы Алтын асар қаласының қақпа мұнаралары да квадрат түрінде, ал, Алып қаласының мұнараларының бұрыштары дөңгеленіп келген квадрат бейнесінде жасалған (I-VIғғ.). Кұлан қаласының кешік-замогының бұрыштарындағы мұнаралары да планында тіктөртбұрышты формада шығынқы етіліп салынған (VII-VIIIғғ.). Алайда, мұндай қақпалар кейінгі орта ғасырда да кездеседі (XV-XVIIIғғ.).
Мұндай қақпаның біреуі Бұқарада сақталған және ХVІІІ ғасырмен мерзімделеді. Осыған қарап, Түркістан қаласын ұзындығы 3,5 шақырымдық қорғанмен қоршаған кезде Қоқан әмірлігі жан-жақтан ұсталар жалдаған болуы керек деп жобалауға негіз бар. Себебі, Бұқарадан басқа өзбек қалаларында төрт бұрыштанып келген мұнаралы қақпалар кездесе қоймайды.
Қақпа іргесі өте жақсы сақталған, ішкі бетіне жапсырыла салынған қосымша бөлмелері де, екі жағынан келіп түйісетін қорған қабырғалары да (ені – 2,5м, биіктігі – 6м) аршылып зерттелді.

Қақпа атауы «Тәкиә» деген сөздің төркініне келсек «Тәкия» деген дәруіштер, сопылар, олардың шәкірт-мүридтері топталып, зікір салатын жер» — деп көрсетеді араб-парсы сөздігінде. Белгілі ғалым А.Машанов «Тәкиә» дегенді «қонақ үй» деп түсіндіреді (Құнанбайдың Меккедегі тәкиәсі). Мұнан басқа Н.Д.Оңдасыновтың Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде бірнеше мағынасы келтірілген: «тәкие» — 1) кезбе, жиһанкез, қанғырушыларды қабылдайтын үй-жай, орын (бұл А.Машановтың «қонақ үй» дегеніне келеді); 2) дәруіштердің тұратын үй-жайы; 3) тірек, таяныш, сүйеніш. Қазаннан шыққан «Мөселман терминологиясе сүзлеге» деген кітапта да екі мағынасы берілген: «тәкыя» (такийа) – 1) қауіп туған кезде өз дінін жасыру; 2) тұру орыны (обитель). Ал, Бакуден шыққан Әзірбайжан тіліндегі араб және парсы сөздері лұғатында, тіпті, үш мағынасы келтіріледі (қазақшалап берейік) – «тәкиә» (араб.) 1) сүйеніш ету, арқалану; 2) дәруіштердің, мүридтердің жиылатын жері және зікір салатын орны; 3) «тәкиәнишин» тәкиәда отырған, тәкиәда қаракетсіз отырған. Сонымен, үш сөздікте де «тәкиә» сөзінің әртүрлі нұсқаларымен бірге негізгі мағынасы – дәруіштердің, мүридтердің тұрағы, зікір салатын орны – дегенге саяды, яғни, «тәкиә» дегеніміз Қылуеттің, Теккенің, Завийаның бір түрі болып шығады. Бұдан шығатын қорытынды – XIXғ. (1843-1849жж.) қаланың осы қақпасы салынған кезде, бұл маңда баяғыдан келе жатқан Тәкиә құрылысы болған және мұндай сопылар тұрағы мазаратқа жақын орналасқан. Ал, Түркістанның 1952ж. картасына қарасаныз қақпаға қарама-қарсы және оның шығыс бетіне үлкен «Ишан» мазараты орналасқанын, көреміз, міне, қақпаның бірде Тәкиә, бірде Ишан деп аталуының негізгі себептері осылар. Енді, қақпаның және қорған-қамалдың Қоқанның қай әмірінің тұсында салынғанын анықтауға тырысайық. Өзбекстан археологтары қаланы ұзындығы 3,5км қорғанмен және төрт ірі қақпалармен қоршауы 1843-1849жж. аралықта болды деп есептейді. Тарихқа үңілсек бұл аралықта Қоқан хандығын Ширали (Шерәлі) хан (1842-1845) мен Худояр (Құдияр) хан (1845-1858) билегенін көреміз. Қоқандықтар Түркістанды қазақ ханы Тоғай тұсында (1801-1816-20) Бұхара әмірінен тартып алып Әликен хан (1858-1860) тұсында айрылды.
Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Қ., Мүтәшев Е. Ескі Түркістан қаласының Такия қақпасының тарихи орынында 2009ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының есебі. Түркістан, 2009. Қорық – музейдің архиві.
- «Қырық қақпалы Қарашық», «Төрт Қақпалы Түркістан» атауларының шығу тегі жайлы. // «Ясауи мұрасы» газеті. 2019ж., шілде, №7, 3-бет.
- Тәкиә қақпасы // «Әзірет Сұлтан» энциклопедия. І-том. Түркістан, 2021ж. 314 – бет.
- Сөздіктер: Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. 1-том. А., 2011. 143-144 бб; Сафиулина Р.Р. Словарь мусульманской теминологии. Казан, 2006. 48 б,. – С. 105 (Татарско-русский вариант); Әрәб вә фарс сөзләри лүғәти. Бакы, 1966. 607б, 533б.
- Великий Шелковый Путь. Таш., 1999. – С.197, 221, 238.
- Байпаков К.М. Древние города Казахстана. А., 2005. – С. 33-35; 119-121.








