Әулиелердің әулиесі Хазіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бір күні тоқсан тоғыз мың машайығын жинап алып баршасына бұйырды:
— Пайғамбарымыз Мұхаммед әлейкі салам миғраж ашып барғанда, Құдай тағаланың құдіретімен тоқсан тоғыз мың сөз сөйлескен екен. Оның отыз үш мыңы – шариғат, отыз үш мыңы — тариқат, отыз үш мыңы – хақиқат. Соның бәрін жинасаң бір кітап та болмайды, оның үстіне бәрі бір жерден іздесең табылмайды. Сіздер баршаңыз осы жерде отырып, бас-басыңызға бір ауыз сөзден айтыңыздар, кейінгі ұрпақтарымызға бізден насихат болып қаларлықтай болсын. Сол Алла тағаланың құдіретімен Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбармен сөйлескен сөзін пендеде білуші жоқ. Бірақ сіздердің айтар сөздеріңіз сол сөздің көлеңкесі сықылданып, жұрт ауызында қалсын – дегенде көпшілік сұрайды «қай ретті қылып сөйлейміз» деп. Сонда Сұлтан хазіреттің өзі айтты дейді: «Мақал» деп айтылатұғын сөз болсын. «Шаруа көшсе байиды», «уақытсыз ерден бақытсыз ұрғашы артық». Осы мақалдар сұлтан хазіреттің өз аузынан шыққан көрінеді. Осылай тоқсан тоғыз мың машайық бір төбенің басына жиналған сол жайға «Мәслихат төбе» деп ат қояды. Сондағы сырласып отырған жайлары дария жағасы екен. «Сырдария» атауы содан қалған көрінеді. Орталарында біреу үндей қоймағасын «Хазірет баршамызға бас-басымызға бір-бір сөз айт деді, бұл неге үндемейді» дейді жұрт ойға қалып. «Жалғызым, сен дәнеме айтпайсың, «өзің білме, білгеннің тілін алма», деген осы екен-ау» дейді қу тілді біреу. Сонда олардың аяқ жағында қалғаны «Сендердің қастарыңда құйысқанға қыстырылған боқ сияқты болып жүріп мен не айтамын» деген екен. Орта буында біреу дәнеме айтпаған соң: «Кел, мұның қол-аяғын байлап, тіпті ештеме айтпаса суға тастап жіберелік» деп бас салғанда: «Құдая, тәуба, «көп қорқытады, терең батырады» деген осы екен-ау» депті дейді. Сол ретпен әрқайсысы бір ұтымды сөзден сөйлеп, қазақ ішінде «мақал» деп айтылып жүрген сөздер – тоқсан тоғыз мың машайықтан қалған екен деседі.