МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Сыр елінде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі көрерменге жол тартты

Бүгін Қызылорда қаласында «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесінің салтанатты түрде қорытынды ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Байзақұлы, «Болашақ» университетінің студенттері, сондай-ақ өңірдің зиялы қауымы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы 2025 жылға арналған жұмыс жоспары аясында алпысқа жуық көрме өткізуді көздеген. Оның ішінде 2 халықаралық, 5 республикалық, сондай-ақ оқу орындары мен облыс көлемінде жүзеге асырылатын көшпелі тақырыптық жобалар қамтылған. Сол ауқымды жобалардың ішінде Қызылордадағы бұл көрме – музей-қорықтың 2025 жылдағы маусымын түйіндейтін маңызды шаралардың бірі.

Салтанатты жиында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жаннат Дәуренқызы Ахметова киелі Сыр өңірінде көрменің ұйымдастырылуына бастамашы болған «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының басшылығына алғыс білдіріп, мұндай мәдени жобалардың жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы Тастанбеков жергілікті қауымның көрсеткен ықыласына ризашылығын білдіріп, көрмені жүзеге асыруға үлес қосқан облыстық музей басшылығына алғыс айтты. Ол сонымен бірге Арал ауданынан арнайы келген оқушылар мен жетекші Жанат Расқызын марапаттап, оларды алғыс хатпен және музейдің баспа өнімдерімен құттықтады.

Шараның мазмұнын байыта түскен ерекше сәт – Арал ауданындағы №220 мектептің «Ясауитану» байқауында жүлделі орын алған 7–11 сынып оқушылары Арай Ернатқызы мен Мерей Атабектің Қожа Ахмет Ясауидің «Уа, Жаратқан» және «Әнтәл һәди» хикметтерін мәнерлеп оқуы болды. Бұл көрменің рухани мәнін тереңдетіп, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Алдағы екі апта бойы Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтары «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесін тамашалай алады. Көрме Түркістан қаласының сан ғасырлық тарихын, мәдениеті мен рухани мұрасын таныстырып, келушілерге ерекше әсер мен эстетикалық ләззат сыйлайды.

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.

Алдыңғы ақпарат

Тимурилер дәуіріндегі Йасауийа шайхтары: XIV және XV ғасырлардағы сопылық қауымдардың әлеуметтік және саяси рөлі туралы ескертпелер

Келесі ақпарат

СҮЙІНШІ! ЯСАУИ МҰРАСЫ АСЫЛ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ!