МАҢЫЗДЫ :

nothing found

СЫҒАЙ ХАН БАРАҚ ҰЛЫ

XVIII ғасырдағы қазақ хандарының бірі. Туылған жылы белгісіз. Қайтыс болған уақыты 1750 жылдың шамамен ақпан-наурыз айлары. Сығай хан Барақ сұлтанның үлкен ұлы, Тұрсын ханның немересі. Қазақ хандарының Жәдіктен тарайтын әулетіне жатады (Ерофеева, 1997: 118). Тарихи деректерде есімі Шигай, Сығай үлгілерінде кездеседі (Ерофеева, 2001: 121). Сығай қазақ, қалмақ, башқұрттар арасында танымал болды. 1738 жылы 12 жасында көтеріліске шыққан башқұрттардың шақыруымен Башқұртстанға барып хан сайланады. Бұл кезеңде оралдық башқұрттар өздерінің еркіндігі үшін Ресейге қарсы көтеріліске шыққан болатын. Ол жақта болуы ұзаққа созылмай, Сығай өз еліне қайтады. Осыдан кейін башқұрттардың билеушісі Қарасақал бірнеше рет Барақ және оның ұлдары тарапынан қолдауға ие болды (Қазақ хандары, 2015: 84–85). Сығай 1744 жылы өз әкесінің бұйрығымен аманат ретінде Жоңғарияға жіберілді. Онда ол Галдан Цэреннің әйелімен заңсыз қатынасқа түсіп, өзінің ашынасының ұлы, Жоңғария тағының мұрагері Цэван-Доржи-Аджи-Намжилдің өшпенділігіне тап болады. Сығай 1745 жылы қазақтарға қайтарылады. Елге оралғаннан кейін өз әкесімен бірге біраз уақыт Қазақстанның солтүстігінде көшіп-қонып жүрген. 1748 жылдың тамызында әкесімен бірге Әбілқайыр ханды қастандықпен өлтіруге қатысты (Ерофеева, 1997: 118). Кейінірек Сығай Барақпен бірге Қазақстанның оңтүстігіне қоныс аударады. 1750 жылы Сығай хан Қарнақ қаласында әкесі, ағасы және өзі жергілікті қарсыластарының у беруі салдарынан қаза табады. Сығайдың улануын жоңғар қонтайшысы Аджи-Намжил немесе Әндіжандық сарттардың ұйымдастыруы да мүмкін. Барақ пен оның ұлдарының уланып қаза табуының тағы бір жорамалы ол Әбілқайырдың балаларының қатысуымен болған деседі (Қазақ хандары, 2015: 84–85).

Алдыңғы ақпарат

БАРАҚ ХАН ТҰРСЫН ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ЕСІМ ХАН СӘМЕКЕ ҰЛЫ