Түркістан қаласының оңтүстігінде 7 шақырым жерде, Шауғар-Шойтөбе қалашығынан оңтүстік-шығысқа қарай 200м жерде орналасқан. Координаттары: 43˚14.501΄, 068˚18.405΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 255м. Қоныстың өлшемдері СШ-470м, СБ-340м, ОБ-370м, ОШ-340м. Теңіз деңгейінен биіктігі 204,5м. Алғаш рет 1997 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.А.Смағұлов) зерттеп ашады. 1996-2000жж. ТАЭ (М.Қ.Тұяқбаев) зерттеу жұмыстары барысында Шойтөбе-Шауғар қаласы ХІІІғ. басында өмір сүруін тоқтатқанымен тұрғындарының бір бөлігі қаланы тастап кетпегендігін анықтады. Қала тұрғындарының бір бөлігі Хорезмшах әскерлеріне еріп Сырдың сол жағалауындағы қалаларға, бір бөлігі Ясыға қоныс аударған болуы мүмкін, ал үшінші бір бөлігі Шауғар-Шойтөбеден оңтүстік-шығысқа қарай 200 метрдей жерден жаңа қоныс тұрғызғандығы анықталды. Шын мәнінде, бұл жерде ХІІ ғасырда-ақ Шауғар-Шойтөбе қаласының рабады болған сияқты, бірақ ХІІІғ. бастап үлкен қонысқа айналғандығы байқалады. 1999 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.А.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) Шойтөбе-І қонысында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы жер көлемі 15,9 га.
1999ж. ТАЭ-ң арнаулы отряды (М.Тұяқбаев) Шойтөбе-І қонысында стратиграфиялық шурф салды, көлемі 4м, ені 2,5м тілме шурф қалыңдығы 3,5м мәдени қабатты жарып өтті. Мәдени қабат екі құрылыс қабатынан тұратындығы анықталды. Алғашқы қабаты ІХ-ХІІғғ. қалыптасқан, екіншісі үстіңгі қабат XIII-XVғғ. қалыптасқан. Қоныс тұрғындары бұл қонысты ІХ ғасырдан бастап сала бастаған және Шойтөбе-ІІ тұрғындары сияқты XIVғ. аяғында емес, XVғ. басына дейін өмір сүріп, сонан соң ғана біртіндеп Ясы-Түркістанға көше бастаған. Тұрғындар егіншілік және мал шаруашылығымен ғана айналыспаған, сонымен бірге, керамика және шыны өңдеумен де айналысқаны байқалады. Көтерме (теріп аланған) материалдар ішінде мөлдір емес, сүт қосқан судай терезе әйнектері және көгілдір түс пен көк түске боялған шыны ыдыс фрагменттері өте көп кездеседі. Әсіресе қоныстың солтүстік бөлігі шыны, әйнек бөлшектерінің көптігімен ерекшеленеді. Шауғар-Шойтөбе қаласы ХІІІғ. басында қиратылған соң бұл қоныстың тұрғындарының саны бірнеше рет көбейіп көлемі де ұлғайғандығы түсінікті. XVғ. басында қоныстың көлемі 17,4 га дейін жеткен, бұл сол замандағы ең ірі қоныстардың бірі. Қоныс деуіміз мұнда цитадель де, шахрістан да ерекшеленіп бөлінбеген және моңголдардың талабы бойынша қорған-қамалмен де қоршалмаған.

Жоспар сызбасы
Қоныс тұрғындары ХІVғ. аяғында Әзірет Сұлтан кешені құрылысы басталған кезде Түркістан қаласына қоныс аударған болуы керек, қалай болғанда да ешбір өрттің, не соғыс қимылдарының ізі байқалмайды. Соған қарағанда қонысты тұрғындар біртіндеп көшіп, тастап кеткен. Бұған себеп олардың шыны өңдеу мен керамика саласындағы табыстары болған болуы да мүмкін.
Қоныстың атауына келсек ІХ-ХІІ ғғ. бұл аймақ (Түркістан қалалар оазисі) Оғыз мемлекетінің құрамында болғандығы белгілі, сол заманның, сол тұста осы аймақта өмір сүрген халықтың, тайпалардың қалдырған тарихи ізі іспеттес көптеген топонимикалық атаулар әлі күнге сақталып келеді. Орта ғасырларда да, одан кейін де, мейлі көшпелі, мейлі отырықшы ғұмыр кешкенімен тайпалар, рулар бірге өмір сүріп, бір елді мекенде тұрмыс құруға тырысқандығы белгілі. Соның айғағы сияқты Түркістан облысында, тіпті бұрынғы осы аттас аудан территориясында да оғыз тайпа, руларының аттары сақталып қалған. Мысалы Қарнақ елді мекенінде Қарнұқ тайпасы, Қарашықта – Қараджук, Байылдырда – Байылдұр, Оранғайда – Ұран-Қайы, Оқшыатада – Оқшы, Шәуілдірде – Шавулдур, Қызығұртта – Қазғұрт, Тұрбатта – Тұрбатлы, Мүрдетөбеде – Мүрде, ал, Шойтөбеде – Шой деп аталған Оғыз тайпаларының өкілдері өмір сүрген. Ол заманда «У ішсең — ұруыңмен» деген қағида қатаң сақталған. Бұл тайпалардың барлығы «Оғызнаме» жырындағы Оғыз қағанның ұлдарынан тарған ұрпақтары, немерелерінің есімдері ретінде тарихи жазба деректерден белгілі. Түркістан қаласы маңында Шойтөбе қаласы, Шойтөбе-І, Шойтөбе-ІІ қоныстары мен Шоймола мазараты әлі күнге сақталып келеді. Бұл деректерді Махмұт Қашқариден де, Әбілғазы баһадүр ханнан да кездестіреміз.

Әдебиеттер:
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992. 24-26 бб.
- Туякбаев М. Историческая топография и развитие городов и плселений Туркестанского оазиса (ХІІІ-ХІХвв.). А., 2009. –С.129-131, 202-204.
- Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 71 б., №58.
- Смагулов Е., Туякбаев М., Баратов С., Бурнашева Р. Отчет туркестанской археологической экспедиции по итогам работ 1999г. А., Туркестан, Ташкент-2000г. Архив музея-заповедника «Азрет Султан» (Рукопись).








