default
«Шойтөбе» атауы «Шой» деген Оғыз тайпасының атынан шыққан. Түркістан оазисінде Оғыз тайпаларының атымен аталатын қалалар бірнешеу, олар – Қарнұқ-Қарнақ; Қараджук-Қарашық; Байындур-Байылдыр; Қайы-Уранқай; Оқлы-Оқшы; Тәкин-Теке; Шой-Шойтөбе, Шойтөбе І, ІІ және Шоймола мазараты. Көрші аудандарда да оғыздарға қатысты қалалар жетерлік, олар Жавулдур-Шәуілдір; Мүрде-Мүрде; Қазғұрт-Қазығұрт; Тұрбатлы-Тұрбат және т.б.
Кеңес дәуіріндегі археологиялық қазба жұмыстар қаланың ең үстіңгі қабатын ІХ-Х ғғ., ал, теріп алынған материалдар ХІ-ХІІ ғғ. жатады деп мерзімдеген-ді. Алайда, Түркістан археологиялық экспедициясы 1996-1999 жж. жүргізген зерттеулер нәтижесінде қаланың соңғы кезеңі ХІІІ ғ. басына сай келетінін дәлелдеді. 800-1000 жыл бұрын өмір сүруін тоқтатқан қалалардың ең үстіңгі соңғы құрылыс қабаты табиғи эрозияға ұшырауы салдарынан 1-1,5 м қалыңдықтағы мәдени қабаттары жойылып кететіндігі Отырар оазисі қалаларын зерттегенде дәлелденген болатын. Ғасырлар бойғы жауын мен қар суы топыраққа айналып кеткен соңғы құрылыстарды ерітіп, төбенің іргесіне ағызып әкетсе, апталап соғатын жел (Арыстанды-Қарабас) адам мен мал аяғынан құмға айналған үстіңгі қабатты ұшырып әкетеді, міне осылайша, төбеге айналған қала бірте-бірте төмендей береді. Ал, мәдени қабатта кездесетін тиындар, ыдыс-аяқ сынықтары келесі ғасырдың деңгейіне дейін шөгіп, түсіп кетеді. Сондықтан қаланың ең үстіңде жатқан мұндай жәдігерлерді мұқият жинап, зерттеп, мерзімін анықтауда археологтар арасында талас туындап жатады. Шойтөбе қаласының үстінен 1996-1999 жж. түскен қазбалар алдында теріліп алынған, тіпті, сай-шұңқыр жерлерден қазба барысында бірінші штыктан табылған бояулы кермамика ХІІІ ғ. жататындығы әлдеқашан дәлелденген.

Қаланың өмір сүруі қалай тоқтағанына келсек, ХІІ ғ. екінші ширегінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия қарақытайлардың (қидандар) жойқын шабуылына ұшырап, бұған дейін осы аймақты билеген Қараханидтер мемлекеті жеңіліс тауып, Қарақытайлардың вассалына айналды. Алайда, ХІІғ. соңы мен ХІІІ ғ. басында Хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш Сыр бойына бірнеше рет жорыққа шығып, Отырарды және оған жақын қалаларды басып алды. 1206 ж. Жетісуға моңғолдардан ығысқан наймандар басып кірді, олардың соңынан моңғолдардың да қолы келетіні анық еді. Хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш Сыр бойындағы (оң жағалаудағы) қалаларды қорғауға және бекінісін нығайтуға күш-қуаты жетпейтінін байқаған соң, жазба деректердің айтуынша «… Шаш, Ферғана, Испиджап, Қасан және олардың маңындағы басқа қалалардың тұрғындарына … қалаларды тастап шығып мұсылман аймақтарына (Сырдың сол жағалауы) қосылуға бұйрық берді, сонан соң ол қалалардың барлығын қиратты», бұл, шамамен 1211-1215 жж. аралығында болған оқиға. Сол қиратылған, тастап кетілген қалалардың бірі Шауғар-Шойтөбе болған сияқты. Себебі, жазба деректерде ХІІ ғ. соң Шауғар жайлы мәлеметтер мүлде кездеспейді.
Шауғарды ІХ-ХІ ғғ. арасында Оғыз мемлекетінің Шой тайпасы да мекен еткен болуы керек. Шауғар ХІІ ғ. саяси да, экономикалық та орталық болу құқығын бірте-бірте көрші жатқан Ясы қаласына беріп қойған сияқты, ол аздай, ХІІІ ғ. басында мүлде қиратылып тарих сахнасынан кеткен соң қала халқы оның рабадындағы Шойтөбе-І, Шойтөбе-ІІ қоныстарына көшіп-қонып, осы қоныстардың ең көп тұрғындары Шойлар өз атауларын жаңа қоныстарға және қираған, төбеге айналған қалаға да берген деп есептейміз. Шойлардың Ясы-Түркістан қалаласының СБ жағында да қоныстары болғандығын 1951-1952 жж. жасалған қала картасынан көреміз. Қазіргі Түркістан реставрациясы, Нан зауыты, Су-канал басқармасы, Бала бақша орналасқан территорияда ХХ ғ. 50-ші жылдары Шоймола мазараты мен Шоймола қоныстары түсірілген. Бұл ескерткіштердің де ІХ-ХІ ғғ. арасында Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей территорияларына дейін кеңейген Оғыз мемлекетінің жаңғырығы, ізі деуге толық негіз бар.

Әдебиеттер:
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992. 24-26 бб.
- Тұяқбаев М., Салходжаев С. Огузский пласт в топонимике Туркестанского оазиса. 2022. Архив отдела Археологии и охраны памятников музея – заповедник «Азрет Сұлтан».
- Ранее средневековое городище Чуй тобе // Археологическая карта Казахстана. А-А., 1960. –С.231. № 3370.
- Шабгар // Байпақов К.М. Қазақстанның ежелгі қалалары. А., 2005. 305-307 бб.
- Смагулов Е., Туякбаев М., Итенов А. Отчет ТАЭ по итогам полевых работ в 1996 г. А., 1996. Архив музея-зап. «Азрет Султан».
- Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Шауғар-Иасы-Түркістан- тарихи орынын анықтаудағы археологиялық мәліметтер // Түркістан сырлары (Ғылымим мақалалар жинағы). А., 2000. 3-11 бб.








