МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ШАХАРІСТАН ҚАМАЛЫ МЕН МҰНАРАЛАРЫ, ХV – ХІХ ғғ.

Қамал-қорған көне Түркістан қаласын қоршай орналасқан, ХІХ ғасырдың І-ші жартысында салынған құрылыс. Тарихи деректер бойынша көне қала Цитадель, Шахарістан және Рабад деген үш бөліктен тұратындығы айтылады. Бұл мәліметтерді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері де дәлелдеді. Қазіргі күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің және оның маңындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің панорамалық көріністерін жаппас үшін, қамалдың тек іргесі ғана қалпына келтірілген. Шахарістан қамалының табаны қазіргі қала мен ортағасырлық Түркістанның арасындағы шекара іспетті көрініс тапқан.

Түркістанның тарихына үңілсек қаланың пайда болуы мен дамуы үш кезеңнен түратынын байқаймыз. Алғашқы кезең – Ясы-Күлтөбе қаласы кезеңі. Бұл тұста қаланың шахарістаны екі гектар, цитаделі 0,6 гектар ғана болған. Рабадын қосқанда 10га шамасында қала б.з.д. ІІІ ғасырда қалыптасып ХІҮ ғ. аяғында осы деңгейге жеткен (картада 1).

Екінші кезең – кесене қайта салынған ХІҮғасырдан ХҮІІІ ғасырдың аяғына дейін созылады. Бұл тұста қаланың көлемі 36 гектарға жеткен, цитаделдері 4 га және 1,3 га шамасында, рас олар екеу болған (картада 4), қалған 32 гектары шахарістан (картада 2). Шахарістанның солтүстік-батыс бойында 3 қақпасы, оңтүстік-шығыс бойында 3 қақпасы, цитаделдің солтүстік-шығысында бір, оңтүстік – батысында бір қақпасы бар. Алайда рабады өте үлкен.

Үшінші кезеңде қосылған жердің барлығы екінші кезеңнің —  Ясы-Түркістанның рабады. Екінші кезеңдегі қаланың қорған қамалының ұзындығы 2 км, бірінші кезеңдегі Ясы-Күлтөбенің қорған қамалының ұзындығы 600 метрге жуық, ал, үшінші кезеңдегі Ескі Түркістандыкі 3,5 км (картада көк сызықпен қоршалып, 3 деген санмен белгіленген). Картада Ясы-Күлтөбе қаласының шекарасы қара сызықпен, Ясы – Түркістандыкі қызыл-қоңыр сызықпен, Ескі Түркістандыкі көк сызықпен белгіленген (1-сурет). Шахарістан көлемі 88,2 гектарға жеткен.

Қала қорған қамалы бойындағы және қақпалардың екі жақтауындағы мұнараларға келсек Ясы – Күлтөбенікі сақталмаған, оның қанша болғандығы белгісіз, бірақ, әр 100 қадам (80м) сайын бір мұнара тұрғызу қорғанысты қамтамасыз етуге қажет деп есептелген. Садақ жебесінің ұшқандағы жауды қатты жарақаттау мүмкіндігі 40-50м деп есептелген, сондықтан әр 80-100 метрге бір қорғаныс мұнарасын тұрғызған (бұл әдіс қалындығы жұқа, үстімен адам жүрмейтін, тек мұнарадан ғана оқ атуға болатын қамалдарда ғана қолданылған). Ал, қалындығы 2-ден 4метрге дейін баратын қорған садақ атып, сүңгі лақтырып, найза, сақман қолдануға болатын жағдай барда мұнаралардың арасы 100 метрден 200-280 метрге дейін созылған (2-сурет).

Мұнда Ескі Түркістан қорған қамалының бойымен қорғаныс мақсатында 11 мұнара, ал, 4 қақпаның қос-қос мұнараларын қоссақ 19 мұнараның болғандығын көреміз. Цитадель қамалында 9 мұнара болған, мұның барлығын 1843-1849жж. аралығында қоқандықтар тұрғызған. XVIIIғ. қаланың 9 қақпасы болған, оның алтауында ғана қос мұнарадан, яғни 12 мұнара болған. Қорған қамал сыртын соңғы екі кезеңде де су толтырылған ор қоршап жатқан. Ордың тереңдігі 6-7м, ені 10 метрге дейін барған. Орға су Тастақ, Баулық және Дарбаза арықтары арқылы келіп құйылған.

Әдебиеттер:

  1. Туякбаев М. Ясы-Культобе. Ески Туркестан // Историческая топография и развитие городов и поселений Туркестанского оазиса (XIII-XIXвв.) А.,2009. С.69-75; 76-102, 154-157; 158-178.
  2. Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның ортағасырлық тарихы. Түр.,1998. 51бет.
Алдыңғы ақпарат

ЦИТАДЕЛЬ ҚАМАЛ ҚАҚПАСЫ, ХV – ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

БАБЫРАТ АТА КӨПІРІ, ХV–ХІХ-ХХ ғғ.