МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Сауран қалашығының тарихы

 

Тылсым сырын ішіне бүгіп жатқан, тарихы тереңге тартқан, кезінде талай адам бақытын тапқан көне қалалардың бірі — Сауран қаласы. Ол Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1982 – жылғы 26 қантардағы қаулысымен республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Сырдарияның оң жағалауы мен темір жолдың батыс беткейінде өркеш-өркеш дуалдары опырыла құлағанымен баяғы еңселі биіктігін аңғартқан ескі қаланың орны алыстан көз тартады.

«Бір кезде Сауран бекінісіне Шыңғыс ханның тас атқыш  қарулары, Абдолла ханның Рухади ұстасының «Қара бура» бу қазаны жасаған қойдай-қойдай шойын тастарын лақтырса, бүгін жоңғар басқыншыларының швед унтер офицері Ренат пен қытай шеберлері құйған болат зеңбіріктерінің қорғасын оқтары жауып тұр. Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, «гу-гулеп!» атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты! Бәрінің де мақсаты біреу-ақ: шаһардың күлін көкке ұшырып, халқын қырмақ, ұлын – құл, қызын – күң етпек! Зеңбірек оқтары бекініс үстіне келіп, тынбай жарылып жатыр. Сыртқа шығарар емес.

Зеңбіректер кенет тына қалады. Қабырғаға басқыштарын сүйеп үлгерген жоңғарлар, енді құмырсқадай қаптап, жоғары қарай тырмысып, көтеріле берді. Сауран қорғаушылары ғажайып ерлік көрсетті. Жауға қарсы білтелі мылтық, шоқпар, сойыл, алдаспан, алмас қылыштарымен қатар, қара тас, қазан-ошақ, қолға түскен қатты заттың бәрі жұмсалды. Бірде-бірін қамал үстіне шығармады. Қорғаншылар ерлігіне шыдай алмаған жоңғарлар қамал түбіне көптеген өліктерін қалдырып, кейін қашты. Сонда ғана барып Бұқар жырау өзіне таяу қамал шетінде, кіндік тұсына жау найзасы қадалған Науан ұстаны көрді. Жүгіріп қасына барды. Найзасын суырып алайын деп еді, сұп-сұр боп кеткен ұста қолын кейін итерді.

— Тимей-ақ қой, — деді даусы әзер шығып, — бәрібір өлемін. Өкінбеймін … Жоңғардың құрығанда жиырмасын жайраттым білем. Әттең дүние, әңгімеңізді тегіс ести алмай кеттім….

– Соны айтты да, Науан ұста сылқ етіп құлап түсті.

Жоңғарлар сол күні де, келесі күні де осы тәсілмен сан рет шабуылға шықты. Бірақ бекіністі ала алмады. Ақыры күздің қара суығы басталған кезде, Сауранды тастап, Ясыға қайтуға мәжбүр болды. Бұқар жырау да осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын шығарып еліне қайтты».

Қазақтың белгілі қаламгері Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сауран қаласының ғажайып бір ерлігін осылай суреттеп жазған болатын-ды. Бұл күндері сол ежелгі Сауран қаласының орны қаншама ғасырлар бойы сабалаған жаңбырдың асты мен уілдеген желдің, борап соққан боранның өтінде мүжілгенімен, әлі де жер бетінен тып-типыл болып құрып кетпей, ел қорғаған ерлігіміздің тұмарындай боп тұрған, сонау мұнарланған ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан қорған.

Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында кездеседі. Демек, бұл қала бұдан көп бұрын, тарихшылардың айтуынша VI  ғасырда пайда болғандығын аңғартады.

Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегіне ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбезді, сарай, мешіт бар», — дейді. Сондай-ақ қала ішінде теңселмелі 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Биіктігі 15 метр болатын мұнараның біріне шығып азан шақырғанда екіншісі тербеліп тұрады екен. 1871 жылдарға дейін сақталған осы керемет мұнараларды әлдекімдер қышын пайдалану үшін бұзған көрінеді.

Ал, сол заманның тарихшысы Рузбихан Сауран туралы: «Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы  — білім мен ғылымның  ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген», — деп көрсетеді. Кезінде Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып қалады. Сауран қаласы XVIII ғасырларда  жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырады. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түсті. Осыдан бастап қаланың құлдырау дәуірі басталады. Осындай аласапыран заманның бірінде халық қаланы қимай, Сауранды екі айналып еңіреп барып кеткен екен. Содан «Сауран айналған» деген сөз қалған. XIX  ғасырдың ортасында қала біржолата күйреген. Кейбір әсіре дәріптеушілердің айтуынша ай жарық күндері қамал басында ыңырсыған дауыстар естіліп, біреулердің арылы-берілі жүргендігі айқын аңғарылатын көрінеді. Қамалдың батысында төбесі құлаған күмбезді кесененің орны бар, күзетшісі 7-8 құлаш келетін алып аждаһа көрінеді. Шамасы көмбе қазына болуы мүмкін, — дейді.

Алдыңғы ақпарат

СҮЙІНІШ-ҚОЖА ХАН ӘБІЛХАЙЫРҰЛЫ

Келесі ақпарат

Ясауитану ғылыми зерттеу саласы және оның басты проблемасы