default
Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 44 км жерде орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Координаттары: 43˚31.106΄, 067˚46.337΄. Бұл кейінгі ортағасырлық Сауран қаласы осыдан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан ерте ортағасырлық Қаратөбе-Сауран (IV-XIVғғ.) қаласының өмірін жалғастырған қала.
Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырдың І-жартысына жатады. Ол туралы әл-Истахри («Книга путей стран») және әл-Макдиси хабарлаған. Одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хаукалдың еңбектерінде және «Худуд-ал-алам» (Хғ.) анонимдік географиялық шығармаларында кездеседі. ХІІІғ. шығармаларынан армян патшасы Гетум І-нің жолжазбасында, ибн әл-Асирдің және Якуттің («Словарь стран») еңбектерінде аталынған. Бұл еңбектер негізінен Қаратөбе-Сауран (IV-XIVғғ.) қалашығы тарихына қатысты.

XV-XVIғғ. жазба деректерінде Сауран туралы көптеген жазбалар кездестіруге болады. Ол туралы XVғ. басы мен І-жартысындағы — Му΄ин ад-дин Натанзиде («Аноним Искандера»), «Таварих-и гузида-ий нусрат-намеде», Молла Шадидің «Фатх-намесінде», Камал ад-дин Бинаидің «Шайбани-намесінде» және XVIғ. Рузбихан Исфаханидің «Михман наме-ий Бухарасында», Зайн ад-дина Васифидің «Бидаи΄ ал-вакаи΄», Хафиз Таныштың «Шараф-наме-ий шахи» еңбектерінде айтылады. Орыс деректерінде Сауран туралы алғашқы жазбалар XVIIғ. жатады. Ортағасырлық деректердегі мәліметтерге сүйенсек Xғ. Сауран 7 қамал қорғанымен қоршалған, рабады қала қабырғаларының ішінде орналасқан. Сауран қыпшақтарға қарсы салынған оғыздардың шекаралық қаласы (қамал) болған. XIIIғ. басында тағы да, «Испиджабпен қатар харадж төлемейтін», шекаралық қала, ал XIIIғ. ортасында үлкен қала ретінде айтылады. XIVғ. деректерінде Сауран Ақ Орданың құрамындағы (кейде астанасы) қала ретінде аталады. ал, XV- XVIғғ. авторлардың еңбектерінде қазақ хандығы мен шайбанидтердің Түркістандағы билік үшін күресіне байланысты әңгіме болады.
Қазіргі таңда кейінгі Сауран қаласы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850м, шығыстан батысқа қарай 660м созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3- 6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және оңтүстікте беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360м. Қамал қабырғалары 2-3мертлік стилобатқа (топырақ жал) кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында – биіктігі 6м. Қамалдың сыртынан тереңдігі 4-5м, ені 15-20м., болатын ор қазылған. Қаланың құлдырауы Сырдария өңірінің қалаларындағыдай XVIIғ. 80-жылдарынан басталады. XVIIIғ. ортасында П.И.Рычков Сауран туралы «Түркістан маңындағы кішігірім мекен» — деп жазады. XIXғ. І-жартысында қала толығымен өмірін тоқтатады.

Сауран қаласын 1867 жылы И.П.Лерх, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1967 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев), 1986 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының Тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресі археологиялық экспедициясы зерттеген. 1998-2014жж. аралығында Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.Ә.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев), 2005-2009жж. аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Археология орталығы» (М.Елеуов), Ә.Марғұлан атындағы Археология институты (К.М.Байпақов) Отырар қорық-мұражайының (Н.Алдабергенов) мамандары кезең-кезеңмен зерттеу жүргізді . Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде қаланың орталық бөлігіндегі алаңы мен оның Оңтүстік-шығыс жағына орналасқан Сауран медресесі (ХҮ-ХҮІғғ.), солтүстік-батыс бетіндегі Сопылар өмір сүріп білімін жетілдіретін Ханака (ХҮ-ХҮІғғ.) және Ханаканың батыс бетіне орналасқан Орталық мешіті (ХҮғ.) аршылып қайта тұмшаланды. Сонымен бірге, қаланың солтүстік қақпасы, осы қақпадан орталық алаңға дейін созылған магистральдік көше (172м), қақпа алдыңдағы ор мен көпірі, мұнарасы аршылып қалпына келтірілді.
Әдебиеттер:
- Средневековое городище Сауран. Городище Каратобе // Археологическая карта Казахстана. А-Ата., 1960. №3348, 3349. –С. 228 — 229.
- Байпақов К.М., Смагулов Е.Ә. Ортағасырлық Сауран шаһары. А., 2005. 202 б.
- Смагулов Е. Древний Сауран. А., 2011. –С. 436.
- Смағұлов Е., Ержігітова А., Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ. Сауран қаласында 1998, 2005, 2006, 1010, 2011 жж. жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есептері. Археология және ескерткіштерді қорғау бөлімінің архиві.
- Туякбаев М. Каратобе-Сауран; Сауран // Историческая топография и развитие городов и поселений. Туркестанского оазиса. А., 2009. –С.105-112; 178-183.








