🔹 «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығы жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы асыл мұраға қол жеткізді. 2025 жыл музей-қорық үшін ерекше табысты жыл болып қорытындылануда. Саурандық азамат Әлімжан Рамазанұлы ұрпақтан ұрпаққа аманатталып, ғасырлар бойы сақталып келген 16 құнды кітапты музей-қорыққа сыйға тартты.
🔹 Бүгін Ясауитану ғылыми орталығының кітапханасында жәдігерлердің ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға музей-қорық директоры м.а. Нұрлан Дүкенбаев, директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы, бөлім басшылары мен қызметкерлер қатысты. Таныстырылған кітаптар мен қолжазбалардың тарихи маңыздылығы тереңде жатыр.
🔹 Табылған қолжазба жәдігерлер арасында осыдан 192 жыл бұрын жазылған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Хикметтері» де бар. 85 парақтан тұратын, әр беті 15 жолмен ұқыпты настағлиқ жазуымен көркемделген бұл мұра — ғылым мен руханият үшін теңдессіз қазына. Көне кітаптар арасында тіпті XVI ғасырда жазылған мұра да бар. Қалған кітаптарды зерттеп, жасын, мазмұнын, авторын анықтау уақыт еншісіндегі іс. Аталған мұраларды табуға «Мейірім» қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Сапаровтың еңбегі зор екені атап өтілді.
🔹 «Жәдігерлерді табуда Еркін ағаның еңбегі елеулі, ал оны ғасырлар бойы сақтап жеткізгені үшін Әлімжан ағаға айрықша алғысымызды білдіреміз. Ол мортық руынан шыққан, ата-бабалары қари, дін ғұламасы болған. Мұра ұрпақтан ұрпаққа аманат боп жеткен. Мәселен, Тоймат қари өз аталарынан, ал Раманқұлбай нағашыларынан қалған қазынаны талай жыл көзінің қарашығындай сақтап келген. Осылайша Ясауи мұрасы тағы бірнеше құнды жәдігерлермен толықты — рухани қазынамыз байи түсті!» – дейді Ясауитану ғылыми орталығының басшысы.
🔹 Қаншама уақыт сындарынан өтіп, өңі тозғанымен құндылығы жоғалмаған асыл мұраларымызды ұрпаққа жеткізген Әлімжан Рамазанұлына музей-қорық ұжымы атынан шынайы алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта қолжазбалар толық зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілетін болады.
А. Әлібек, баспасөз хатшысы.












