МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Құрышхан ата мазары, V-VІІІ ғғ.

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай  37 шақырым жерде Сауран ауданына қарасты Абай ауылының орталығында көне зиратта орналасқан. Мұнда бұрынғы кездері күмбезді кесене болғандығы жергілікті халық арасында айтылады. Қазіргі мазар саз балшықтан тұрғызылып, төбесі жабылмаған. Ұзындығы 10,7 метр, ені 5,1 метр, биіктігі-2 метр. Іргесі кейінгі үлгіде бетоннан құйылып, қабырғалары әктелген. Зират ауласы темір шарбақпен қоршалған. Жергілікті тұрғындар зират ауласының ішіне Құрышхан ата мазарының жанына мешіт, зиаратхана және төбесі жабылған бастырма тұрғызған. Халық  арасында Құрышхан ата «Гүрісхан ата», «Уғызхан ата» деп те аталады. Құрышхан атаның өмір сүрген уақытына қатысты екі түрлі болжам айтылады. Бірінде  исламға дейінгі кезеңде өмір сүрген. Ал екінші тұжырымда ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, дін басы болғандығы айтылады.

Аңыз желілерінде бұл әулие Қаратаудағы Жылаған атаның әкесі делінеді. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы Қайрат Мұсабаевтың «Түркология» журналында жарық көрген «Жылаған ата тарихи дерек шындығы» атты мақала желісінде өрбіткен аңызына сүйенсек ерте заманда Құрышхан және Шаш ана деген ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Құрышхан және Шаш ана күні-түні ұйықтамай құдайдан бала тілепті. Бір күннің арайлы таңында Шаш анамыздың түсіне қарт ақсақал кіріп, аян беріп, «бойына бала бітеді, бірақ, аздап қиыншылығы да бар» дейді. Көп ұзамай ұзақ күткен Шаш ана бойына бала бітеді. Ол заманда қуаңшылық болып жұрт көшіп-қонып жүрсе керек, Құрышхан ата мен Шаш ана да қазіргі «Шілік» аталған елді-мекеннің жеріне келіп тұрақтайды. Бұрын (бұл ауыл «Мес» деп аталған). Осы жерде күндердің күні ай күніне толмаған Мес (перделі бала), туылып, жерге түскен соң перде жарылып, қазіргі Абай елді-мекені мен Игілік ауылы арасында орналасқан «Ұржар» деген қырдың, үстімен өтіп, Ақтөбе өзеніне түсіп қаша береді. Құдайдан тілеп алған баласынан айырылған ата-ана: «тоқта балам» деп артынан қуа береді. Бала ұятүп тауынан өтіп, қазіргі «Жылаған ата үңгіріне» кіріп, ата-анасына «арқаларыңа қарамаңдар» деген екен. Сонымен, жылап-жылап көзі домбыққан әке үйге жақындағанда «неге қарама» деді екен деп әке байғұс артына қараса іздерін қуалай топаң су ағып келеді екен. Әкесі қараған заматтан бастап су жол жерге бірден сіңіп кеткен екен. Қазір де су сол жерге дейін ағып келеді де (әсіресе жазда) жоқ болады. Бұл қазіргі Ақтөбе өзенінен ағып келетін Абайдағы су қоймасының орны, яғни тоған асты дейді автор. [4]. Құрышхан ата басында кеңес үкіметі кезінде кесене болған екен, бірақ солшыл саясаттың қысымынан төбесі бұзылып қиратылыпты. Бүгіндері әулиенің айналасы ұзын дуалмен қоршалып әктеліп қойған. Құрышхан ата әулие қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ескерткіштер тізіміне киелі обьект ретінде тізімге алынған.

Алдыңғы ақпарат

Ашудың азабы

Келесі ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Үсен би