default
Кесене XV ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші, республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс бетінде 60 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.830΄, 068˚16.317΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 220м. Рабия Сұлтан Бегім Темірдің ұрпағы, атақты астроном ғалым Ұлықбектің қызы, Шайбанилік Әбілхайыр ханға ұзатылған, Көшкінші және Сүйініш хандардың анасы, Әбілхайыр хан қайтыс болған соң 17 жыл Түркістанда өмір сүреді және осында қайтыс болады. Арнайы салынған кесенеде өзі, немересі және үш шөбересімен қоса жерленген. Оның құлпытасында: «Бұл құдіретті Әмір-Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті ұлы сұлтан Ұлықбек көрегеннің қызы, ақсүйек, Құдай кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жанды Рабия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген сөздер жазылған. Кесененің қасбеті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған. Биіктігі 20,6 метр, қасбетінің жалпы ені 11 метр. Кесененің аркасы 6 метр, айнала орналасқан қырларының арақашықтығы 3,5метр. Орталық бөлігі цилиндр тәрізді биік барабанға орнатылған күмбезбен жабылған. Мазар негізінен 5 бөлмеден тұрады, орталығында орналасқан 8 қырлы зал, және төрт бөлмесі бар. Басқа да қасбеттері 5 ойықтан арка түрінде әр қасбетте орын алған. Ескерткіш біздің уақытқа дейін өте қатты қираған қалпында жеткен. Археологиялық зерттеулер кезінде табылған үлкен көлемдегі майоликалық және глазурлік плиталар табылуы ескерткіш толығымен полихромдық қаптаулармен жабылған деген пікір айтуға негіз болады. Ескерткішке 1954 жылы алғаш зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым К.А.Шахурин болды. 1980-ші жылдардың бас кезінде толығымен қайта қалпына келтірілді. 1994 жылы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.6 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.
Тарихта Ұлықбектің бес әйелі мен он үш (13) кәнизәгі болғандығы белгілі, сонымен бірге, осы әйелдерінен көрген 10 ұлы мен 10 қызы болды. Ұлықбекке қарсы шыққан Әбд әл-Ләтиф оның 10-шы ұлы еді, осы Әбд әл-Ләтиф және оның туған қарындастары Сұлтан Бахт, Ақ Баш және Рабия Сұлтан бегімнің аналары Рукаийа-хатун (Сұлтан) болатын. Ол арлат тайпасының көсемінің қызы еді, алайда, ол Ұлықбектің әйелі емес ең бірінші үйленген кәнизәгі еді. Соңдықтан да оның ұлы мен қыздарын Ұлықбектің әкесі Шахрухтың бәйбішесі Гауһар-шад-аға кішкентайларынан өз қолына алып, тәрбиелеп өсірді. Рабия ең кенже қыз болғандықтан атасы Шахрух пен әжесі Гауһар-шад өз қызындай көрген болуы керек, оның есімінің Ұлықбектің қыздары жайлы тізімде де, Темір әулеті шежіресінде де жоқ болуы осы себептен деп қабылдаймыз. Алайда Рабияның есімі Ұлықбектің қызы ретінде «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани», «Шараф-наме-ий шахи» атты еңбектер мен басқа да еңбектерде аталады. Ұлықбек 1394ж. туылып алғаш рет 10 жасында (1404ж.) Ука бегімге үйленеді, мұнан соң да 4 әйел, 13 кәнизак алады. Осы кәнизактарының өз әйелдерімен тең дәрежедегісі Рукаийадан 1420-1430жж. арасында 10-шы қыз Рабия Сұлтан Бегім туылған болуы керек.
Әбілхайыр хан мен Рабия үйленген 1451ж. хан 39 жаста, Рабия 26 мен 30 жастың аралығында болған деп есептейміз. Әбілхайыр хан 1469ж. 57 жасында, ал, Рабия тағы да 17 жыл өмір сүріп 60 жастың ол жақ, бұл жағында өмірден озған (1485ж.) дейміз.
Бұл екеуінен туған Көшкінші мен Сүйініш хандар өз тұстарында үлкен билікке ие болды. 1508ж. Бұхараға келген Мұхаммед Шәйбани хан қол астындағы жерлерді жақындарына бөліп берді: немере ағасы Көшкінші ханға Түркістан қаласы мен оның аймағын, Сүйініш-қожа ханға Ташкент қаласын билік ету үшін тапсырды.
Шәйбани хан 1510ж. қаза тапқан соң оның тағына отырған немере ағалары Сүйініш-қожа хан мен Көшкінші хан елді 20 жыл бойы биледі. Көшкінші хан Бұхарада, Сүйініш хан Ташкент пен Түркістанда қоныстанды.
Рабия Сұлтан Бегім 1485ж., оның ұлы Сүйініш хан 1525ж., Сүйініштің ұлы Келді Мұхаммед Сұлтан 1529-1533жж. арасында қайтыс болған. Келді Мұхаммедтің ұлдары Құл Мұхаммед Сұлтан 1523ж., Мүбәрәк Шах Сұлтан 1519ж. және қызы Мәстура ханым 1519ж. жастай қайтыс болып, Түркістанда жерленген. Бұлардың Сүйініштен басқасы Рабияның кесенесінде жерленген, кесене астындағы мүрдеханадан бір үлкен әйел адам мен бір еркектің, олардың орталарында үш баланың мүрдесі жатқандығын Өзбекістан мамандары жазып кеткен (1951-1957жж.). Бұл үш баланың да аталары Сүйініштен бұрын қайтыс болғанына қарағанда жастай шетінеген болуы керек, үлкені Мәстура болған сияқты, себебі «ханым» деген атау күйеуге шыққан қызға беріледі, ол кезде қыздарды 9-10 жасында-ақ ұзата берген. Ұлы нағашы аталары Ұлықбектің 10 жасында 9 жасар Ука бегімге үйленгені белгілі. Тарихшылардың Рабияны өмір бойы Түркістанда тұрған деуі (А.А.Семенов, Л.Ю.Маньковская) дұрыс емес, бұған мысалды «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани» жырынан табамыз, онда Рабияның Әбілхайыр хандығы халықтары арасында да, хан туыстары ішінде де өте абыройлы, сыйлы болғаны жазылған. Рабия Әбілхайырмен бірге өмір сүрген жылдары саясатқа да араласып түрлі мәселелерді шешуге де атсалысқан, тарихи деректерде оны Інжілде кездесетін Сав елінің данагой әйел патшасы Билкиспен де теңестірді.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М. Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар. А., 2000. 53 б.
- Тұяқбаев М. Түркістан сырлары. А., 2000. 65-70 бб.
- Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер. А., 2016. 8-9 бб.
- «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. А., 2021. 279-281бб.
- Тұяқбаев М. Шәйбани әулетінің Түркістандық бұтағы. // ҮІІІ International annuae conference «Industrial Technologies and enginering» JCJTE-2021. Чимкент., 2021. –С. 283-287.
- Бобожонов Б., Муминов А., Пауль Ю. Шайбонийлар қабртошларидаги битиклар. Висбаден, 1997.-С.119. (На трех языках- на узбекском, немецком и русском), 190 стр7
- Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965. «Наука», 194 стр.
- Там же, — С.131. – С.128-133.
- Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-ий Бухара. М.,1976.-С.142-143.








