ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Түркістан қаласында баспасөз туры өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен тарихи орындарды зерттеу, қайта жаңарту және қалпына келтіруге арналған жобасына сәйкес серпінді жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Жыл басынан қарқын алған археологиялық қазба жұмыстары бірқатар тарихи мәліметтердің бетін ашып, өз жемісін бере бастады. Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына тың ақпараттармен бөлісу мақсатында 27 гектар аумақты алып жатқан алғашқы қалалық қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары және үсті жабынмен қоршалған цитадель жөнінде әңгімелеген министр «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасын жүзеге асырубың 2019-2021 жылдарға көзделген жоспарлары жөнінде де айтты. Сан ғасырлық тарихқа бай тарихи қала орнына жүргізілген зерттеу жұмыстары жылдың басында Қоқан хандығы кезеңіне тән ХІХ ғасыр құрылыстарын ашумен байланыстырылса, көктемнің алғашқы айларында ерте кезеңдердің жәдігерлерінің көптеп табылуы және ағымдағы айда Түргеш қағанаты дәуірінің тиыны мен ІХ ғасыр дирхемі табылуымен құнды. Ясауи өмір сүрген дәуірге дейін жасалатын анықтау жұмыстарынан күтілетін нәтиже көп. Күлтөбе туристер үшін ашық аспан астындағы экспозициялық және археологиялық нысан ретінде қызмет атқарады.

Баспасөз таныстырылымы Қарнақ ауылындағы Тайқазанның темірін балқытқан пеш орнында жалғасты. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археология бөлімі жүргізіп жатқан қазба жұмыстары атақты қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен Темір ұсталалары құйған Тайқазан темірін дайындаған орынды анықтаған болатын. Тарихи деректер бойынша темір балқытқан шеберлерді Табризилер деп атаған. Шеберлердің ұрпағымен жүздесіп ата-бабаларының кәсібі жөнінде пікір алмасқан Арыстанбек Мұхамедиұлы қазба орнынан анықталып келе жатқан пеш орнын көрді.

Сонымен қатар, сәулет өнері ескерткіші болып саналатын Шамет Ишан мешіт-медресесімен танысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің нақышына ұқсас етіп жасалған мешіт ғимараты негізгі намаз оқитын және қылуетті қамтитын кіші залдардан, шаруашылық бөлмесінен тұрады. Табризилер ұрпағы ата-бабаларының кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа жалғыстыруымен қатар темірден жасалған көне жәдігерлерді жинақтап, медресе ішін музей ретінде пайдалануда. Аралау барысында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мешіт-медресенің күмбезіне қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Пресс-тур ортағасырлық Сауран қалашығында жалғасып құпиясын қойнына жасырған ежелгі шахарды туристік орталыққа айналдыру бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша мәлімет берілді. Қазіргі таңда Сауран сапар орталығының жобалық құжаттары әзірлену үстінде. Алдағы уақытта туристерге қызмет көрсететін арнайы ғимарат пен жатақхана, қызметкерлер мен бақылау орындары сынды жобалар жасалынбақ.

-«Бастаманың алғашқы қадамы ретінде «Оңтүстік аңыздары» атты «Nomad Explorer» республикалық туристік экспедициясының қорытынды гала-концертінің Сауран қаласы маңында өтуінің маңызы ерекше»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бизнес-құрылым, зиялы қауым өкілдері, отандық шоу-бизнес жұлдыздары, блогерлер және БАҚ өкілдерінен құралған 1000-ға жуық адам қатысқан шараға да қатысқан министр туристермен жүздесіп, алғысын білдірді.

Алдыңғы ақпарат

МИНИСТР КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Келесі ақпарат

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ «Nomad Explorer» республикалық туристік экспедициясының гала-концертіне қатысты