Сапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жерасты қылуетін, жұма мешіті мен сегіз қырлы сағананы, белгісіз сағана мен хан мешітін қайта жаңғырту және Күлтөбе қалажұртындағы, Жеті ата қақпасына дейінгі магистралды көше мен хан ордасында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің бес жылдық даму тұжырымдамасында ескерткіштерді сақтау, туризмді дамыту, археологиялық зерттеу сияқты жұмыстар аталған құжаттың басты мақсаты болып белгіленген. Бұл құжат 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан мақұлданып, 3 жылға негізделе келе «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Түркістан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің рөлі Еуразия үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих үшін бағалы.
2004 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оның басты мақсаттарының бірі — халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекіту, сондай-ақ әлемге еліміздің құнды ұлттық рухани қазынасын ашу болып табылды. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағында атқарылып жатқан ауқымды шаруалар да жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның жалғасы болып табылады.
Екі жыл ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалажұрты мен Ескі Түркістан қаласының көне шахристан және ортағасырлық магистралды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудыратын сенсациялық жаңалыққа айналғаны белгілі. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі мен кесененің тарихи бөлмелері, Есім хан кесенесі мен сегіз қырлы сағана, белгісіз сағана және хан мешіті мен жерасты қылуеті қайта жаңғырту жұмыстарынан өтсе, археологиялық қазба жұмыстары жүрген орындарға консервация, реставрация жасалуда.