2025 жылдың 16 қыркүйегі күні Павлодар облыстық «Ertis» музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорынан әзірленген «Түркістан — мыңжылдықтар сәулесі» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты – түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға, түркі руханиятының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ұлықтау, оның тарихи болмысы мен рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, Ясауидің шәкірттерінің еңбектерін таныту, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының бірегей жәдігерлерін көпшілікке көрсету.
Көрмеде Түркістан өңірінің мыңжылдық тарихынан сыр шертетін сирек әрі құнды жәдігерлер ұсынылды.
Олардың қатарында:
- Шербай мен Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар;
- Шауғар–Шойтөбе және Ясы–Күлтөбе қалаларынан табылған тарихи жәдігерлер;
- Қожа Ахмет Ясауидің туған жері – Сайрам (Исфиджаб), өмір сүрген Ясы (Түркістан) қалаларына қатысты деректер;
- Ясауи кесенесінің салыну тарихына қатысты құнды мағлұматтар мен бірегей мұралар бар.
Көрмеге «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының негізгі қорынан 90-ға жуық жәдігер қойылды.
Іс-шараға Павлодар облысының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Дін істері басқармасының өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігі, ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Көрме 2025 жылдың 18 қазанына дейін жалғасады.

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.








