Бүгін Ақтау қаласында, Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан” республикалық көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті.
Аталған шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әбішев Тілеген Ақанұлы, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин, Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сали Нұртас Төребекұлы, педагог-аудармашы Тобыш Нияз Қартбайұлы, сондай-ақ облыстық Мәдениет Басқармасына қарасты мекеме басшылары мен қызметкерлері, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Тілеген Ақанұлы күллі Түркі жұртының рухани астанасы — қасиетті Түркістанның, ондағы ұлы ұстаз, кемел ғұлама Ясауи мұраларының адамзаттық өркениеттегі орнына ерекше тоқталса, Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы еліміздегі музейлердің жан-жақты дамуына, жалпы музей ісінің қоғамдағы рөліне, өзара қарым-қатынасына айрықша көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.
“Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін республикалық “Ясауитану” байқауының әр облыстардағы лауреаттарын да осы шараға қатыстыру жоспарланған болатын. Бүгінгі көрмеде осы жылғы дәстүрлі байқауға Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданынан қатысқан 9-сынып оқушылары Бисенбек Мира мен Актилепов Мейрамбек жетекшілері, тарих пәнінің мұғалімі Каландарова Жұлдызбен арнайы келіп, Қ.А.Ясауи бабамыздың хикметтерін жарыса жатқа айтып, көпшілікті тәнті етті.
Ақтаулық тұрғындар әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік мұралары мен Түркістан жауһарларынан құралған көрме экспозициясын қараша айының 14-не дейін тамашалай алады.
Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.