Сейіт Сәмекеұлы – XVIII ғасырдың ортасында билік құрған хан. Деректерде Шасеит хан, Сеит-салтан, Шах Саййид бахадүр хан аттарымен белгілі. Ол Орта жүздің бір бөлігінің ханы болса керек. Түркістан қаласында хижра жыл санауы бойынша 1228 жылы, яғни біздің қазіргі санауымызша шамамен 1813 жылдары Абд Рахим Узкандидің «Шыңғысхан рисолясы» атты қолжазбасында көрсеткен мәліметте: «Шах Саййид деп ат қойылу себебі, аналары Ташкенттің пірдің қызы еді. Саййид аты осыған байланысты қойылды» деп жазылады.
Ортағасырда сейіт қожаның қызын алу үлкен мәртебе саналған. Сейіттер Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы ретінде ортағасырлық дәуірде қатты қастерленген.
Сейіт — Сәмеке ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі. Қазақ хандарының Жәдік әулетіне жатады. Туған жылы белгісіз, шамамен 1745 жылдардан кейін қайтыс болды. Билік құрған жылдары 1741-1745 жж. аралығын қамтиды [Ерофеева, 1997. С.79, 114].
Сейіт ханның балалары ішінен Қарабас Мұхаммет сұлтан белгілі. Жоғарыда аталған Абд Рахим Узканди қолжазбасында «… Шығай хан. Оның ұлы -Есім хан. Оның ұлы — Жәңгір хан. Оның ұлы — Тәуеккел Мұхаммет бахадүр хан. Оның ұлы — Әли шах. Оның ұлы — Шах Мұхаммет бахадүр хан. Оның ұлы — Шах Саййид бахадүр хан. Оның ұлы -Қарабас Мұхаммет сұлтан» деп көрсетіледі.
Түркістан қаласында Сейіт хан 1738-1739 жж. орыс өкіметінің өкілі Карл Миллермен бірнеше рет кездескен, орыс патшасының қоластына өтуге ниет біддірген [ИКРИ-6. С. 33-34, 46].
Ол 1742 жылы Түркістан қаласы мен оның төңірегін жеке дара, 1743-1745 жылдары Әбіл ханмен бірлесіп иелік етті. Оңтүстік Қазақстан, Сырдарияның орта ағысы, Түркістан қаласы, Қаратаудың теріскейіне билігі тарады. Хан ордасы Түркістан қаласында орналасты. Әкесі Сәмеке ханнан Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі аймақты, Оңтүстік Қазақстанда көшіп-қонып жүрген қоңырат тайпасының бір бөлігін мұрагерлік жолмен басқаруға алды. Хан лауазымы мен басқару құқығын тікелей жоңғар ханы Қалдан Сереннен алғандықтан оған тікелей бағынышты болды. Бұл жөнінде 1741-1742 жж. Түркістан мен Ташкентте болған саудагер Шубай Арасланов жазады [ИКРИ-6. С. 100].
Түркістан қаласы мен оның төңірегін иемдену үшін Әбіл ханмен тартысып, бірнеше рет жоңғар ханынан қолдау көрсетуін сұраған. Ордасы Түркістан қаласында болған. Қажетті ұйымдастырушылық қабілеті мен басқару дағдысының аздығынан, мінезінің бұзықтығынан жергілікті халықтың арасында беделі төмен болды. XVIII ғасырдың 40-жылдарының ортасына қарай белгісіз себептерге байланысты саяси биліктен айырылып, жазба деректерде хан жөнінде мәліметтер сақталмаған.