МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі мешіт бөлмесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – кесенені, мешітті, ханака мен медресені бір жерге біріктірген, кешенді ғимарат. Әдетте, діни кешендерде жеке дара тұратын құрылыстарды сәулетшілер ерекше үйлестіре білген.  Мұнда аумағы әртүрлі 34 бөлме бар. Ғимараттың солтүстік-батыс бөлігінде крест тәрізді бөлме – Мешіт орналасқан. Мешіт төбесі қос күмбезбен көмкерілген. Күмбезге шаршы негіз жасау мақсатында Орта Азия сәулет өнерінде алғаш рет қиюластырылған аркалар жүйесі пайдаланылған. Сталактиттермен әшекейленген күмбездің төменгі белдемшесінде он алты терезе орнатылған. Терезелерден түскен жарық желкендер мен ойықтардың жапсырма әшекейлеріне түсіп тұрады. Мешіттің бас есігі «Жолбарысхан» дәлізінде орналасқан және оның ойығының жоғары бөлігі ганч сталактиттермен безендірілген. Мешіттің батыс қабырғасының ортасында мозаика тәсілімен жасалған тамаша михраб бар. Михрабтың П-үлгісіндегі жақтауында, маңдайшасында және сталактиттік төрт ойықшада жазулар жазылған. Мешіт бөлмесі «Жолбарысхан» дәлізі арқылы Кітапханамен және ғимараттың орталық залы Қазандықпен байланысады. Қабірхана мен Мешіт арасында «Зияратхана» деп аталатын дәліз бар. Мұнда зиярат жасауға келгендерге әулие жатқан орынды көруге мүмкіндік туады. Зияратхана мен Ахмет Ясауи бейіті жатқан Қабірхана арасын ойыққа қойылған ағаш тор ғана бөліп тұр. Бұған ұқсас дәліз Қабірхананың шығысында да бар. Екі бөлменің төбесі де Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінде өте сирек кездесетін крест үлгісіндегі жабумен өрілген. Л.Ю.Маньковскаяның пікірінше, «осы шатырлар ғимарат құрылысшысының ойлап тапқандарының ең озығы және ол басқаларға ұқсамайтындығымен ерекшеленеді».

Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау инспекторы Құрбан Бекназар

Алдыңғы ақпарат

ТАРИХИ ҚҰНДЫ АСПАЛЫ ШЫРАҒДАН

Келесі ақпарат

Музей қорындағы Миклош Хорти бейнеленген күміс монета