МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ МАҢЫНДАҒЫ ҮЛКЕН «ҚЫЛУЕТ» ЖЕРАСТЫ МЕШІТІНІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕЛУІ

Мақала ХІІ ғасырда іргесі қаланып ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін жұмысын жалғастырған, ислам әлемінде сопылық ілімнің қалыптасуында өзіндік орны бар және ірі орталықтарының бірі болған «Қылует» жерасты мешітінің археологиялық зерттелуіне арналады. «Қылует» жерасты мешітінің тарихы мен қызметін, салыну жылдарын анықтауға байланысты зерттеу нәтижелерінің әртүрлі болуы, құрылысының бірнеше мәрте өзгеруі, жетілдірілуі нақты кезеңін анықтауда қиындықтар туғызды. Жерасты мешіттерінің тарихы мен салыну мерзімін анықтау аталған құрылыстардың типологиялық функциясын дәл қорытындылауға мүмкіндік береді.
«Қылует» жерасты мешіті туралы аңыз-әңгімелер көп болғанымен, ғылыми әдебиеттер мен әлем саяхатшыларының жазбалары, тарихи мәліметтер өте аз, тек 1972-1973 жылдардан басталған археологиялық зерттеулердің нәтижелері көне жәдігердің салынған мерзімі мен алғашқы түпнұсқаның қалпын анықтауға мүмкіндік берді.
«Қылует» жерасты мешіті – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік батысқа қарай 140 метр қашықтықта орналасқан жерасты ғимараты.
«Қылует» мешітінің негізгі бөлігі болып жер астындағы «Ғар» және оның үстіне салынған «Мешіт» немесе «Шілдехана» бөлмелері саналады. «Қылует» мешіттері негізінен «Ғар» және «Шілдехана» бөлмелерінен тұрғандығын «Әулие Құмшық Ата», «Кіші Халуат» мешіттерінің құрылысынан байқаймыз және «Шілдеханасы» жартылай жер астында болса, «Ғары» міндетті түрде оның еденінің астына орналасады (Тұяқбаев, 2000:42). «Ғар» — сопылардың оқшауланып, құлшылық жасайтын орын. Ал, «Шілдехана» — рухани тазару үшін діни рәсімдер орындалатын жеке бөлме.
Түркістан қаласы, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына археологиялық зерттеулер тек кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарынан бастап, яғни 1920 жылдардан бастау алады. Дегенмен, архивтік материалдар мен әдебиеттерде орыс офицерлері мен басқа да саяхатшылардың жазбаларынан жалпылама сипаттамалар кездеседі.
1922-1927 жылдар аралығында Түрік республикалары бойынша архив істері Орталық басқармасының және Средазкомстаристің басшылығымен бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, зерттеуге әрекет жасалған. Бұл зерттеулер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің архитектуралық өлшемдерін алу мен суретке түсіру, жөндеу жұмыстары үшін шаралар қабылдаумен шектеліп, жерасты мешіттері құрылысына назар аудармағандығы архивтік құжаттардан көрінеді.
1922-1923 жылдары Түрік республикалары бойынша архив істері Орталық басқармасының арнайы тапсырмасымен құрылған Д.И.Нечкиннің археологиялық экспедициясы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің архитектуралық өлшемдерін алып, фототүсірілім жасайды. Осының негізінде ескерткішті қорғауға алу және жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде біршама шаралар қабылданды. Экспедиция құрамында профессорлар А.А.Семенов, А.Э.Шмидт және инженер С.К.Орлов болды (Миронов, 1926:28).
1925 жылы Б.П.Денике мен инженер М.М.Логиновтың Жетісу мен Түркістан қаласына жасаған археологиялық экспедициясы кезінде де Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің архитектуралық өлшемдерін алу мен фототүсірілім жасаудан әріге бармайды (Миронов, 1926:30). Бұл археологиялық экспедициялар жұмысы архитектуралық өлшемдер мен фототүсірілімдер жасау, ескерткішті сақтау және жөндеу жұмыстары бойынша шаралар қабылдаумен шектеледі. Осы экспедиция жұмыстарының нәтижесінде 1924 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргетасына зерттеу жұмыстары жүргізілді (Умняков, 1926:30).
Жерасты рухани діни орындарға қатысты шетелдік ғалымдар еңбектерінде ішінара кездеседі. Жерасты діни ғимараттар мен рухани орындар туралы зерттеулер жүргізу барысында жерасты діни орындардың тарихы және салынуы туралы Г.Кановец, Ф.Ромагоса, А.Бланко, Г.Престли «Грекиядағы ортодокстық христиан діни жерасты ғимараттары» (Cànoves, Romagosa, Blanco, & Priestley, 2012:282-298) атты еңбектерінде және М.Терзидоу, С.Скарлес, М.Сондерс (Terzidou, Scarles, & Saunders, 2018:54-65) еңбектерінде құнды пікірлер білдіреді. Бұл еңбектерден христиандық жерасты діни құрылыстардағы бөлмелердің қызметі исламдық сопылық дәстүрдегі жерасты мешіттеріндегі бөлмелерден басқаша салынғандығы көрінеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алғашқы археологиялық зерттеу 1928 жылы М.Е.Массонның жетекшілігімен жүргізілді. Бұл жөнінде М.Е.Массонның арнайы мақаласы мен монографиялық еңбегі жарық көрген (Массон, 1929). Дегенмен, бұл еңбектердің ешқайсысында «Қылует» жерасты мешітіне археологиялық зерттеулер жүргізілгені туралы баяндалмайды.
«Қылует» жерасты мешіті туралы тарихи деректерді талдау мен сараптау тарихи-салыстырмалы және тарихи-типологиялық, индуктивті талдау әдісітері бойынша жүргізілді. «Қылует» жерасты мешітінің қызметі мен салыну кезеңіне қатысты деректерді, ғылыми тұжырымдалған фактілердің мазмұнын ашуға бағытталған салыстыру, талдау тәсілдеріне басымдық берілді.
«Қылует» жерасты мешітіне археологиялық зерттеу жұмыстарының алғашқысы 1940 жылы архитектор (ғылыми әдебиеттерде бірде скульптор, бірде археолог, бірде саяхатшы) А.Л.Шмидт жасаған макеттен басталған деуге негіз бар. Себебі, «Қылует» жерасты мешітіне жүргізілген археологиялық зерттеулер түгелге дерлік осы макетті негізге алады. «Қылует» жерасты мешіті сынды күрделі құрылыстың макетін жасау археологиялық зерттеу жұмыстарынсыз жүрмегені белгілі. Е.Смағұлов, Ф.Григорьев, А.Итеновтердің «Очерки по истории и археологии средновекового Туркестана» атты еңбегінде «1940 жылы Үлкен Қылует жойылғанға дейін сәулетші А.Л.Шмидт ағаштан және папье-машеден Қылуеттің интерьерінің макетін жасады. Оны ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қылуеттің келбетін анықтау үшін қолдануға болады» (Смагулов, Григорьев, Итенов, 1999:138), -делінген.
Макеттің дұрыс жасалғандығына «Қылует» жерасты мешіті 1940 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрғаны туралы көнекөз қариялардың ауызша деректері дәлел болса, екіншіден, белгілі орыс ориенталисі В.А.Гордлевскийдің «Концепции истории Туркестанского святилища» атты кітабында «Қылует» туралы: «ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанушылар оның құлшылық еткен орнына мыңдап (жиырма мыңға дейін) жиналатын болған» (Смагулов, Григорьев, Итенов, 1999:136), — деген мәлімет береді. А.Л.Шмитдтің жүргізген зерттеулері туралы мақалалары мен жазбаша есебін іздестіру әзірге нәтижесіз аяқталуда. Макет бойынша «Қылует» жерасты мешітінің ауданы 20,5х11,5 м10 және солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытында түскен (Сенигова, 1977:47).
Дегенмен, кейінгі жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде «Қылует» жерасты мешітінің алғашқы құрылысының қабырға қалдықтары табылып, ол қабырғалардың А.Л.Шмидт жасаған макетпен сәйкессіздігі анықталды. Себебі, «Қылует» жерасты мешіті құрылысы бірнеше кезеңнен тұратыны дәлелденді (Смагулов, Григорьев, Итенов, 1999:138).

С.Т. Шаметов,
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері.
Б.Қ. Байболов,
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі, Ғылыми зерттеу бөлім басшысы.

Алдыңғы ақпарат

«Ясауитану – 2025» байқауының Шымкент қалалық іріктеу кезеңі өтті

Келесі ақпарат

«БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ ОТАН ҚОРҒАУДАҒЫ ЕРЛІКТЕРІ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЛЫМ» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция