Отырар ауданындағы Көксарай ауылында «Қасиетті Түркістан» атты жылжымалы тақырыптық көрме таныстырылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «2022 жыл — Балалар жылы» деп жариялауына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ұйымдастырған көрмені М. Әуезов және Ергөбек атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары қызыға тамашалап, ұлылар тарихына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Көрме экспозициясына Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұралары – «Диуани хикмет» кітабының қолжазба, баспа нұсқалары, сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы) көшірмелері және ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері, 1871-1872 жж. жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген мұралары қойылды.
Көшпелі көрме алдағы уақытта да қала мектептерінде жалғасын табады.