Қос құлақты шырағдан «Әзiрет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорындағы құнды экспонаттардың бiрi.
Египеттiң Каир Ұлттық музейiнiң қорындағы XV ғасырдың II-шi жартысы деп есептелiнген шырағданмен, “Әзiрет Сұлтан” музей-қорындағы қос құлақты шырағдан өте ұқсас. Сондықтан бұл шырағданды да солтүстiк Иранның Хорасан провинциясында XV ғасырдың II-шi жартысында қоладан (латунь) жасалған ескерткiштер қатарына жатқызуға болады.
Каир шырағданының «Әзірет Сұлтан» музей-қорындағы шырағданынан айырмашылығы оның сырт бетi күрделi өрнектермен және араб ақыны Салихтың өлеңдерi жазылып әшекейленген және шебер өз атын жазып қалдырған (шебердiң аты Мұхаммед Димаш). Ал музей-қорықтағы қос құлақты шырағданның бетiнде ешқандай ою-өрнек, не жазу сызу болмағандықтан оның шеберi туралы да ешқандай мағлұматтары белгiсiз.
Шырағдан 2 бөлiктен тұрады.
- қоңырау типтес шырағданның тұғыры;
- шырақ жағатын патроны.
Қос құлақты шырағданның патроны құйма тәсiлiмен жасалған да жоғары жағында 2 жыртқыш айдаһардың басының бейнесi берiлген. Қос құлақты шырағданды 1983 жылы Алматы қаласындағы “Казреставрация” мекемесiнiң шеберлерi қайта жаңғыртудан өткiзген.








