Орта ғасырларда Орталық және Орта Азиядағы ақша атаулары мен монеталар жүйесі аймақтың саяси, экономикалық және мәдени дамуына тікелей байланысты болды. Орта Азияда соғылған монеталарда көбінесе араб, парсы және түркі жазбалары қолданылған. Орта ғасырларда бұл жерлердің ақша жүйесінің даму кезеңдері бірнеше тарихи дәуірлерге бөлінеді. Әр кезеңде монеталардың түрі, шекімелеу әдісі, беттерінде орын алған бейнелері мен жазбалар мәтіндері өзгеріп отырған.
Негізінен ол дәуірде алтын және күмістен соғылған монеталардың беттеріне орын алып отырған негізгі белгілері — билеуші есімі, соғылған жылы және ақша сарайының атауы, шекіме жасалған мемлекеттің негізгі рәміздері түсіріліп отырған. Ал, қола-мыстан соғылған монеталар құнды металдан соғылмағандықтан олардың беттеріне көбіне қосалқы жазбалар мен гүл, жануар бейнелері орын алатын болған.
Ортағасырларда ақшалар негізінен үш металлдан шекімеленетін. Олар: алтын, күміс және қола. Олардың соғылған металының құндылығына қарай атаулары да бір-бірінен ерекшеленген. Ортағасырларда Орта және Орталық Азияда алтын ақшалар «Динарлар» аталған. Динар – алтыннан соғылған Исламдық үлгіде соғылған монеталар. Алғашқы динарлар өлкеге ислам өркениетімен бірге Саманидтер мемлекетінде ендірілді. XVIII ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі уақыт аралығында қолданылған бұл ақша атауы түрлі кезеңдерде түрлі металлдардан соғылған ақшаларға қолданылған. Кейінірек, бұл атаумен күмістен соғылған ақшалар аталса, XV ғ. екінші жартысы мен XVI ғасырдың басынан бастап динар атауымен негізгі құндылықтағы мыстан соғылған ақшалар атала бастады.
Ортағасырларда күмістен жасалған негізгі ақша бірлігі Дирхам аталды. Динарлар сияқты дирхамдар да өлкенің сауда айналымына Саманидтер, Қараханидтер дәуірінде енген болатын.
Ортағасырлық Орта Азияда қола-мыстан соғылған ақшалар фельс деп аталған. XV ғасырдың басына дейін фельс аталған мыс ақшаларға сол атаудың көпше түрдегі үлгісі – фулус сөзі қолданыла бастады. Орта Азиядағы мыс ақшалар осы атаумен ХХ ғасырдың басында өлкенің кеңестер өкіметінің билігіне өткен кезеңіне дейін сауда айналымында болды.
Орталық Азияда мыстан соғылған ақшалар Фулус сөзінен туындаған Пул атауымен аталған. Пұлдар алғаш Алтын Орда мемлекетінде соғылып отырған мыс ақшалардың ресми атауы ретінде қолданылса, кейінірек, Бұхара әмірлігі және Қоқан, Хиуа хандықтары сияқты мемлекеттерде ресми түрде фулус атауымен соғылып отырған мыс ақшалардың халық арасындағы күнделікті тұрмыстық атауына айналды.
А.Байменова, қор сақтаушы.










