МАҢЫЗДЫ :

nothing found

НАЙМАН, БАҒАНАЛЫ БАБЫР БИ БӨКЕНБАЙҰЛЫ (БӨКЕНІШБАЙҰЛЫ)

Найман, бағаналы Бабыр би Бөкенбайұлының (Бөкенішбайұлы) құлпытасы №900 нөмерімен қорық-музей қорында сақталған.
Ел қамын ойлап етігімен су кешкен ерлердің бірі – Бағаналы Бабыр би десек қателеспейміз. Болашақты болжай білетін көріпкелдігі мен қалпы айтпаған дуалы ауыз дәлдігімен елінің қадірі мен құрметіне бөленген Бабыр бидің туып-өскен жері ұлттың ұясы болған – Ұлытау. Бабыр би ел ішінде бала кезінің өзінде-ақ айтқаны дәл келетін көріпкел бала атанған екен. Әсілі, «шөп те өсетін жерге шығады» дегендей, Бабырдың текті тұқымнан өсіп-
өнгені рас. Атасы Бектемір, өз әкесі Бөкенбай да дәулетіне сәулеті сай, от ауызды, орақ тілді, не айтса да тіліп те түйіп айтатын байыпты да, байсалды кісілер болған. Бабыр бидің нақты туылған жылы туралы екі ұдай пікір қалыптасқан. Ж.Қ. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер
кітапханасының сайтында: (Бөкенбайұлы; 1770-1864 ж.), батыр, би, әулие ретінде Арқа қазақтары айрықша құрметтеген қайраткер. Найманның бағаналы тармағының Қызылтаз-Ибеске-Жұртшы болысын 25 жыл басқарған. Оның керей Жабай би, Торайғыр би (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атасы), Шоң би сияқты қалың қазаққа белгілі ру-басылармен сыйлас пікірлес болғандығы жайлы қөптеген әңгімелер Қ. Салғариннің «Көмбе» (1989 ж.)
кітабында келтірілген Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бабыр би жайлы мәлімет бар. Онда Кенесары ханның 1844 жылы Бабыр батырға жазған хаты да сақтаулы (366-қор, 170-іс). Бабырдың он ұлы бастан-аяқ Кенесары жасағында 5болған. Бабыр өз елін замана талабына сай егіншілікке баулыған, жартылай отырықшылыққа икемдеген. Ұлытаудың солтүстік етегіндегі Сарлық ауылының маңында және Жетіқыз өзенінің жағалауында Бабыр би басқарған елдің егін еккен атыздарының ізі осы күнге дейін сақталған. Бабыр би қайтыс болған соң өзінің аманаты бойынша Түркістанға жерленген. Ал, 11 мамыр 2007 жылғы «Таразы» газетінің №19 санында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Серік Тілеубаев «Бабыр бидің туған уақыты – 1759 жылы деп құжаттарда жазылып жүр. Ал қайтыс болған жылы 1864 жылға келеді» – дейді. Алғашқы келтірілген дерек бойынша Бабыр би 94 жыл жасаған болса, екінші деректе 105 жас жасағандығын көреміз. Дегенмен, келтірілген екі деректе де бидің Түркістанға жерленгендігін атап көрсетеді. Кезінде Ресей мемлекетіне дейін ықпалы болып, аты танылған атақты жандардың бірі де осы – Бабыр би Бөкенбайұлы (Бөкеншібайұлы). Ел ішіндегі әңгімелерде оны Бабыр би деп атайды. Көріпкел әрі болжағыштығына қарап, оны Бабыр әулие деп те құрметтеген. Бағаналының төрт босағасының бірі деп қадірлеген. Өз заманында Бағаналының төрт босағасы атанған – Сандыбай, Шегір, Кәдір, Бабыр бірлігі босамаған, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, қиын-қыстау кездерде бір-біріне ақыл қосып отырған. Сандыбай қайтыс болғаннан кейін оның орнын Сандыбайдың Ердені басқан. Осы ізбен бүгінгі күні төрт босаға дегенде – Ерден, Шегір, Кәдір, Бабыр бірге айтылады. Ат үстінде үзеңгіні қатар қағысқан, төрде тізелері түйіскен, иықтары тең, ойлары ортақ жандар ел ішіндегі бар шаруаны бірге ақылдаса отырып шешкені сол кездің өзіңде-ақ басқаларға үлгі болған. Қай мәселеде болса да біреуіндегі түйінді төртеуі түгел отырып, орайласа ортаға салған. Осы төрт босағаның ішінде бірін-бірі құрметтеу мен қадірлеудің үлкен үлгі-өнегесі қалыптасқан. Бірінің сөзін бірі жерге тастамаған. Ал Бабырдың билігі де, болжамы да дәл келіп отырған. Кешегі Кенесары көтерілісінде қалың қолға Бабырдың өз бауырынан өнген он ұлы, он екі немересі қосылған. Қызылтаз — Ибеске – Жұртшы болысын 1832 жылдан 1858 жылға дейін үздіксіз басқарған Бабыр, тұлғалы да, ірі кісі болыпты. Бабыр бидің шапанын 1991 жылы Амангелдінің тікелей ұрпағы Әнесқызы Дәметкен музейге сый ретінде өткізген. Кең пішілген би киген шапан М. Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Тұлғасы мен тұрқына ақылы мен ісі сай келген Бабыр бидің өз кіндігінен он жеті ұл өсіп-өнген. Олардың бәрінен де елге танымал ұрпақтар өсіп жетілген. Халқы құрметтеген Бабыр биге топырақ Түркістаннан бұйырды. 1864 жылы көктемге қарай Бабыр би дүниеден озады. Бабыр мүрдесі Жетіқыз өзенінің бойына уақытша аманаттап қойылады да жер аяғы кеңейген соң Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленеді.
«Түркістанда жерленген қазақ билері» кітабынан
Алдыңғы ақпарат

Еңбек демалысына шығарып салуға арналған жиын болды

Келесі ақпарат

ҒАР ЖӘНЕ ҚЫЛУЕТХАНА