МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Музей тарихы

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Музей ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи ( Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1977 жылы 28 наурызда «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 1989 жылы  28 тамызда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды. Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 шілдедегі № 585 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық-музейі» республикалық мемлекеттік мекемесін  қайта ұйымдастыру жолымен құрылды. 2023 жылы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің №415 Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына елімізде  музей-қорықтары арасында  алғашқы болып «Ұлттық» мәртебе берілді.

Қорық-музейде Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу, Қор сақтау және есепке алу, Ғылыми-зерттеу жұмыстары, Экскурсия және насихат, Қызмет көрсету және эксплуатация  бөлімдері жұмыс атқарады.

Құрамында 43 тарихи-мәдени ескерткіш бар. 1-і халықаралық, 21-і республикалық, 2-і жергілікті маңызға ие. 19 ескерткіш алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

Түркістанның бас жәдігері болып табылатын Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдесіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орны да айрықша. Қорық-музей Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, ХІІ ғасыр), Әулие Құмшық Ата қылуеті (ХІІ ғасыр), Сегіз қырлы кесене (ХIV–ХVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғасыр), Шығыс моншасы (ХVІ–ХVІІ ғасырлар), Есім хан кесенесі (ХVІІ ғасыр), т.б. археологиялық, тарихи-сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төңірегіне Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр т.б. 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-музей мамандарының зерттеулері нәтижесінде сол тұлғалардың бүгінде 231-і анықталды. Музей-қорықтың қорында 25594 дана құнды тарихи жәдігерлер қордаланған. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография және нумизматикалық тобына жататын жәдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар орнатылған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК еліміздегі барлық республикалық, облыстық музейлермен әріптестік орнатқан және солардың арасында келушілері ең көп музей болып табылады. Келушілерге көрсетілетін қызмет түрлері де талапқа сай жүйелі жолға қойылған. Осындай атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-музей 2015 жылы халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына ие болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып, Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталды.